«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКАҚЫ ЖӨНІНЕН КӨШТІҢ СОҢЫНДАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мерген КИІКБАЙ.

 

ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәлім-деуінше, үстіміздегі жылдың қаңтар айында еліміздегі орташа еңбекақы мөлшері 99 152 теңгені құраған. Көш басында әдеттегідей мұнайлы өңір – Атырау облысы. Атыраулықтардың орташа табысы 174,5 мың теңгеге дейін шарықтапты. Ал көштің соңында, өкінішке қарай, біздің Солтүстік Қазақстан облысы шаң қауып қалған болып шықты. Солтүстікқазақстандықтардың өткен айдағы орташа еңбекақысы 69,4 мың теңгеге әрең жетіп жығылыпты. Бұл жөнінен біз, тіпті, ауылы аралас, қойы қоралас көрші өңірлердің де артындамыз: ақмолалықтардың орташа еңбекақысы – 72 мың теңгеден, қостанайлықтардікі 74 мың теңгеден айналыпты.

 

Сондықтан да “Бидай жинаудан алдымызға жан салмаймыз, елдің басты астықты өңіріміз!” деп кеуде қаға мақтанып, “Кедейсіз аймақ құрамыз!” деп ұран көтеріп жүргенімізбен, бүгінгі таңда елдің ең кедей өңірі – біздің өңір екендігін мойындамасқа болмайды. Статистика өтірік айтпайды, өйткені.

Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы тамыз айында Бурабайда солтүстік облыстардың әкімдерін қабылдап, кеңес өткізгенде:

– Солтүстік облыстарда ірі астық компанияларымен жұмысты жолға қою керек, өйткені, оларда жұмыскерлер жылдың тек 5-6 айында ғана еңбек етеді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында орташа еңбекақы өңірлердегі ең төменгі деңгейде – 56 мың теңге. Бұл мәселе жан-жақты талдау жасауды және шара қабылдауды қажет етеді. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдеріне еңбекақы төлеу үлесі 2011 жылы 30 пайыз рентабельділіктің бар болғаны 5 пайызын құрады. “Жұмыспен қамту – 2020”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламалары бойынша ауылға мамандар тарту үшін елеулі қаражат бөлінуде. Жекеменшік компаниялар ауылға мамандар жетіспейтіні туралы айтады, ал өздері тиісті еңбекақы төлемейді. Бұл мәселемен тек мемлекет айналысуда. Оған бизнестің де араласуы қажет, – деп атап көрсеткен болатын. Бірақ содан бері біздің өңірде көптен қалыптасқан кемшін жағдайдың онша өзгере қоймағаны анық.

Осы өзекті мәселе жөнінде сонау 2008 жылдың жазында облыстық мәслихат сессиясында арнайы әңгіме қозғалғаны да жадымызда. Сол жолы Есіл аудандық мәслихаттың депутаты, “Азия – Тораңғұл” ЖШС-нің директоры Петр Гольцер орташа еңбекақыны өсіру жөнінде бастама көтеріп, оны Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның мәслихатының депутаты, “Ақселеу” ЖШС-нің директоры Серік Малаев қостап сөйлегені есімізде. Алайда, сол бастама аяқсыз қалған сияқты. Халық қалаулыларының өнегесінен үлгі алған жұмыс берушілер қатары да қалың еместігі даусыз. Тіпті, депутаттардың өздері де сондай бастама көтергендіктерін көп ұзамай-ақ ұмытып кеткен сияқты – ол туралы еш жерде жақ ашпайтын болыпты. Бұл ретте қарапайым еңбеккерлер мүддесін қорғауға міндетті кәсіподақ ұйымдары да онша белсенділік танытпай, көбісі көнбістік білдіріп, үнсіз қалуды жөн көрген сыңайлы. Бұл қалай? Облысымыз еңбекақы жөнінен елдің көш соңында қашанға дейін жүре бермек?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp