«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ – ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Махаббат САМРАТ,  

Есіл ауданы әкімдігі аппаратының нұсқаушысы.

Қазақстан Тәуелсіздігі күні қарсаңында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Бүгінгі күннің тамырын дәл басып, ертеңгі күнді болжай білетін Елбасы сөз басында осыдан 15 жыл бұрын қазақстандықтарға жолдаған “Қазақстан – 2030” Стратегиясының басты бағыттарының мерзімнен бұрын жүзеге асырылғанын тілге тиек етті. Сонымен бірге еліміздің 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын, ауқымды Стратегиясын паш етті. “Кеменің қай жерде келе жатқандығынан қай бағытқа жылжып бара жатқандығы маңыздырақ” дегендей, алға стратегиялық мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолдарын белгілеу, әр кезең сайын салыстырып, соған сай түзетулер енгізіп отыру Елбасымыздың саясатының өзіндік бір қыры десек, артық айтқандық емес.

 

Ұлт Көшбасшысы “Қазақстан – 2030” Стратегиялық бағдарламасын жариялаған кезде халық арасында: “Отызыншы жылға дейін кім бар, кім жоқ?” – деген пікірлердің болғаны рас. Енді саралап қарасақ, “Қазақстан – 2030” бағдарламасы қабылданғанға дейінгі халықтың тұрмысы мен қазіргі әлеуетінің айырмашылығы жер мен көктей. Тіпті, салыстыруға да келмейді. Тұңғыш Президентіміздің салиқалы ойы, сапалы жоспарлары мен жобалары арқасында Қазақстан қарқынды дамып келеді. Бүгінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты да, Қазақстан мемлекетін де барша әлем таниды.

Тәуелсіз Қазақстан небәрі 21 жылдың ішінде тамаша табыстарға жетті. Ел экономикасы артып, халықтың әлеуметтіктұрмыстық жағдайы жақсара түсті. Бұдан бірер жыл бұрын бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу міндеті қойылса, бүгін әлемдік экономикалық рейтингтің көрсеткіштері бойынша 51-орында тұрмыз. Бұл – Елбасы саясатының жемісі, ауызбірлік пен тұрақтылықтың жеңісі. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы осындай табысты жолды жалғастыра отырып, мұнан да биік белестерге шығуды басты мақсат санайды.

Елбасымыз “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында экономиканы индустрияландыруға, ауыл шаруашылығының дамуына, шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударылған. Денсаулық пен білім беру, әлеуметтік қолдау мәселелері де тысқары қалған емес. Сондай-ақ тіл мәселесі де ұмыт қалған жоқ. “Қазақ – қазақпен қазақша сөйлессін” деген Елбасы сөзі көңілдерге қуаныш ұялатып, жас ұрпақтың өзге тілдерді меңгере отырып, туған тілін ұмытпауы қажет екенін тағы бір мәрте еске салады.

Басты құжатта жастардың білім алуына, денсаулығына қамқорлық жыл санап қанат жайып келеді. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа мектептер салынып, білім ордаларының түлектеріне оқу гранттары бөлінеді. “Болашақ” бағдарламасы арқылы да 8 мыңнан астам жас шетелде білім алды. Ұлт денсаулығының кілті саналатын саламатты өмір салтын қолдауға да ерекше басымдық берілген.

Бұл Жолдауда Елбасы бізге, жастарға үлкен көңіл бөлген болатын. Бұл біз үшін маңызды. Біз сол арқылы бағыт-бағдар алдық. Жолдауда қойылған талаптарды жүзеге асыруға бар жағдай жасалған. Тек алғырлықпен, бар ынтажігерімізді салсақ, “Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады” деп халық даналығында айтылғандай, ынтымақтастығымыздың арқасында Елбасы алдымызға қойған басты мақсаттардың бірі – жоғары бәсекелі 30 елдің қатарынан көрінуімізге еш кедергі жоқ.

Қазақстандық қоғамды жаңартудың жаңа кезеңінің стратегиялық басымдықтары, мемлекетті одан әрі нығайту, оның қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатын көтеру жөнінде кешенді шаралар белгіленген Жолдауды ойдағыдай жүзеге асыру үшін біз ой-санамызды өзгертіп, өзімізді қамшылай отырып, бүкіл елімізбен бірге жоғары мақсаттарға ұмтылғанда ғана ертеңіміз нұрлы, болашағымыз жарқын болады. Себебі, болашақ біздің, жастардың қолында!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp