«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚЫЛМЫСҚА БАРУЫ ең алдымен, отбасындағы жағдайға байланысты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2012 жылдан бері ел аумағында, соның ішінде біздің облыста жасөспірімдер істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар жұмыс істей бастады. Олардың басты міндеті – кәмелетке толмаған балалар мүдделеріне қатысты қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді қарастыру. Бүгінгі сұхбатымызда аталған соттың төрағасы Бахыт Қасейінов алғашқы нәтижемен бөліседі.  

– 2012 жылдың екінші жартыжылдығында СҚО жасөспірімдер істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 77 қылмыстық іс түсіп, солардың 35-і 43 жасөспірімге қатысты айыптау бойынша қарастырылды. 42 қылмыстық істі сот жеке айыптау бойынша қозғады. Нәтижесінде 24 тұлғаға қатысты үкім шығарылып, 17 кәмелетке толмаған бала жаза тартты: үшеуіне қатысты тәрбиелеу шаралары қолданылды. 7 жасөспірім бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды, 2-еуі шартты түрде сотталды. Ал 6 баланың жасаған қылмысы расталып, түзеу орындарына жөнелтілді. Темір тордың арғы жағына түскендердің ішінде жыныстық қылмысқа барған екі жасөспірім бар.

– Жасөспірімдерге қатысты істерді қарастырғанда сот қандай себептерге мән береді?

– Қылмыстық жауапқа тартылған кәмелетке толмағандарға қатысты істі қарастыру кезінде ең бірінші кезекте оның жасына мән беріледі. Белгілі бір биологиялық, психологиялық, тұлғаның бойындағы психикалық өзгерістер де мұнымен байланысты. Қылмысқа барған жасөспірімдер арасында ересектер тобына жататындар саны басым. Негізгі бөлігі 16-17 жас аралығындағы балалар, 43 кәмелетке толмағанның ішінде бесеуі – 14-15 жаста, қалған 38-і – 16-17-ге келгендер.

– Істі болғандардың арасында қыз балалардың да бар екенін естідік…

– Айыпталғандардың көбі – ер балалар. Бұған бірнеше себеп бар. Түрлі әлеуметтік жағдайда тәрбиеленіп, ұрыс-жанжал жағдайларында өскен балалардың қылмыс жасамауына кім кепіл? Ұлдардың заңға қайшы әрекет етуі, олардың психикалық және психологиялық ерекшеліктеріне де байланысты. Бұған ұлдарды тәрбиелеу деңгейі, қоғам әсері де себеп. Бойжеткендер саны көп болмағанымен, олардың заңды бұзуы да алаңдатарлық жағдай. Жауапқа тартылған жасөспірімнің алтауы – қыз бала. Жалпы, істі болған жасөспірімдердің көбі еш жерде оқымайды. 43 баланың тек сегізінде орта білім бар. Өкінішке қарай, олардың қылмысқа баруына отбасындағы жағдай себеп болып отыр. Көбі толық отбасында тәрбиеленгенімен, нашар тұрмыс салдарынан жаман әдеттерге бой алдырған. Әдетте мұндай отбасыларда балалардың тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлінбейтіндігі айтпаса да, түсінікті.

– Соңғы кезде жасөспірімдердің топтасып, қылмысқа баруы белең алып барады деген сөз бар…

– Жасөспірімдерге қатысты істерді қарастыру кезінде мұндай келеңсіздікпен жиі кездесеміз. Қылмыстың қоғамдық қаупі балалардың заң бұзушылықты жалғыз немесе топ болып жасауына байланысты. Балалардың бірігіп, аса қатыгездікпен жасаған қылмыстары көптеп тіркеледі. Әсіресе, қарақшылық шабуыл, тонау және ұрлық фактілері – балалардың жиі топ болып жасайтын қылмысы. 23 кәмелетке толмаған осындай әрекеттері бойынша жауапқа тартылды.

Өкінішке қарай, бұл санатта жасалатын қылмыстар қалаларда ғана емес, ауыл-аймақта да тамырын тереңге жайып барады. “Қала” және “ауыл” қылмысы, негізінен, осы мекендерде тұратын адамдардың өмір сүру салтымен, әлеуметтік жағдайымен түсіндіріледі. Қалаға тән қылмыстардың көбі жоғарыда айтылған тонау, қарақшылық шабуылмен бірге, автокөліктерді айдап әкету, тағы басқалары болып отыр. Әрі қала балалары агрессиялық және қақтығыс белсенділігі жағдайында өмір сүреді, жиі бейәлеуметтік топтарға кіріп, алкогольдік сусындар мен психотропты заттарға жеңіл жолмен қол жеткізе алады. Бүгінгі күні мұндай жағдай елді мекендерге де тән болып тұр. Ауыл балаларының арасында қылмыс артып, үлкен мәселеге айнала түсуде. Мәселен, істі болған 43 баланың 32-сі – ауылдан.

– Бұдан басқа, аталған сотта басқа қандай істер қарастырылады?

– Азаматтық істер бойынша сот жұмыс істегеннен бері 172 арыз түсті. 111 азаматтық іс қарастырылып, 88-і бойынша шешім шығарылды. Олардың көбі ата-ана құқығынан айыру, бала асырап алу, баланың тұрғылықты мекенжайын анықтауға байланысты. Ата-ана құқығынан айыру – бұл бұдан өзге шаралар әрекет етпеген жағдайда қолданылатын ең соңғы қадам. Осыған байланысты, сот 7 азаматтық іс бойынша ата-ана құқығынан айыру жөніндегі талап-арызды қанағаттандырмай тастады. Ал бала асырап алу туралы өтініштер, негізінен, ерлі-зайыптылардың бірінің бұрынғы некеден туған балаларын өз тәрбиесіне алу мақсатында түсіп отыр.

2012 жылдың шілде-желтоқсан айлары аралығында сотқа 353 әкімшілік іс түсіп, 209-ы қарастырылды. 196 іс бойынша айыппұл төлету міндеттелді, 13 іс тоқтатылды.

Олардың көбі (200 іс) ата-аналардың немесе заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу және оқыту бойынша міндеттерін орындамаудан туындаған. Жасы 18-ге толмаған балаларға темекі өнімдерін сату, кәмелетке толмағандардың қоғамдық орындарда мас күйде жүруі, алкоголь өнімдерін тұтынуы, олардың кешкі сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін заңды өкілсіз көше кезуі жиі кездеседі. Істерді қарастыра отыра, байқағанымыз, көбіне ересек адамдардың өздері балалардың ерсі қылықтарға әуестенуіне орын беруде. Олар жасөспірімдерге темекі немесе алкоголь сусындарын сатып, сөйтіп мас күйдегі кәмелетке толмағандардың қандай да бір қылмыс жасауына түрткі болып жүр. Кейбір ата-аналар балаларының көзінше арақ ішіп, жаман әдеттерге бой алдырады. Кейін жасөспірімдер де мұны көріп, өздері үлкендердің қарауынсыз қоғамдық орындар мен түнгі клубтарда қаңғырып жүреді. Өкінішке қарай, балаларын тәрбиелеу міндеттерін қажетті деңгейде орындамайтын ата-аналар да кездеседі. Ерсі қылықтарымен, жүрістұрысымен кей уақытта өздері ұл-қыздарын құқық бұзушылық жасауға итермелейді. Осындай немқұрайдылық таныту салдарынан балалар жалпы адами құндылықтардан ада болуда. Оқығысы келмей, спирттік ішімдіктерге әуестеніп, көше кезгендер осындай жасөспірімдер қатарынан. Мұндай олқылықтың салдарын тек ата-ана емес, сонымен бірге ұстаздар, қоғам көруге мәжбүр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp