«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨГЕРШІНДЕРМЕН ДОС ҚАРИЯ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Тайга” базарының іргесіндегі тоғыз қабатты үйдің ауласында күнде ертеңгілік қапсағай денелі, ақ сақалды қарияның басына, иығына және қолдарына көгершіндердің шүпірлеп қонып, күректей алақанынан жем жеп жатқанын көруге болады. Осы орамдағы үйлердің ортақ дәліздерінен шыққан адамдардың бәріне бірдей жақындай бермейтін бұл құстардың қарияны көрсе болды, қалықтай ұшып жетіп келетіндеріне таңғаласың. Әлде ол осы қала құстарының өздерінің “жарылқаушысына” деген ерекше ықыласы болғаны ма? Сонда олар асыраушыларын қалай жазбай таниды? Құстарда қандай түйсік барын кім білсін, ал қарияның өзі болса: “Сірә, бұлар мені қауғадай ақ сақалымнан танитын шығар”, – дейді. Расында да, ауладағы ақ сақалды алып қария құстарға ғана емес, осындағы тұрғындардың көпшілігіне хайуанаттар әлеміне жанашырлығымен жақсы таныс.

 

Сексеннің сегізінен асып бара жатқан қарияның әлі тың жүрісіне қарап, кезінде оның ерен күш иесі болғанына шүбәң қалмайды. Ал кеудесіндегі ордендері мен медальдарын көргенде мұз жастанып, қар кешкен нағыз жаужүрек жеңіс жауынгері екеніне шәк келтіре алмайсың. Темір құрсанған неміс басқыншыларын талқандағандар дәл осындай рухы мықты жандар болса керек. Сонымен бірге Иван Шипп өте әңгімешіл адам екен. Өз өмір жолынан әңгіме шерткенде бүгешігесіне дейін жатқыза айтып, әсіресе, от пен оқ кешкен жастық шағы туралы сыр шерткенде бөгені жоқ ағынды судай тасиды. Еңкейген жасына қарамастан, мықты жадымен, көкірегіндегінің бәрін екшей білетін зердесімен таңдандырады. Қарияның жайып салған ұзақ өмірбаян әңгімесінен білгеніміздей, ол 1924 жылы бұрынғы Совет ауданындағы Миловидовка ауылында туған. Бала кезінде емісеміс есінде қалғаны әкесі Иван Қызыл Армия қатарында болып, басмашыларға қарсы соғысқан. Сосын елге оралып, Қиялы стансасына қоныс аударғаннан кейін, сонда тракторшы және жүргізуші болып жұмыс істеген.

Бұрынғы әскери қызметкер ретінде әкесі соғыстың бірінші күнінен майданға аттанды. Облыста жасақталған 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында болды. Онда бала Иванның 9-сыныпты бітірген кезі, ел басына күн туған жағдайда оқуын одан әрі жалғастыруға құлқы болған жоқ. Жүргізушілер даярлайтын қысқа мерзімдік курсқа түскен, бірақ оның куәлігін алуға қаратпастан, қалада жедел ашылған әскери училищеге оқуға шақыртты. Бірақ онда да көп тұрақтай алған жоқ, Омбыдағы М.Фрунзе атындағы кіші командирлер училищесіне ауыстырды. Иван Ивановичтің бір таңғалатыны, бұрын мектепте “үшке” әзер оқыған ол училищеде үздіктер қатарынан бірақ шықты. Тегі, ол оның бала жасынан спортқа әуестеніп, ысылғанынан болар. Өйткені, 13-14 жасынан мектептің футбол командасының қақпасын қорғағандықтан, мысықша секіріп, шапшаңдыққа үйренген. Сол сияқты шаңғыны да серік еткені көп септігін тигізді. Ал олар әскери училищеде оның жауынгерлік жаттығуларды үздік орындауына көмектесті.

1943 жыл – әлі де ел тағдыры қыл үстінде тұрған кез болатын. Курск иінінде Сталинградтағы жеңілісіне есе қайтаруды көздеген неміс фашистері күшті әзірлік жасап жатты. Тегі соның салдары болар, училищеде оларды кіші командир атағын алуға қаратпастан, майданға аттандырады. Неге екенін кім білсін, басында оларды Мәскеуге дейін апарып, сосын Воронеж бағытына бұрады. Сондағы Грязи деген стансада майданға өздері сияқты курсанттарды апара жатқан үш эшелонды неміс ұшақтарының әуеден шабуылдап жусатып салғанын осы күнге дейін ұмыта алмайды.

Немістің барлаушы “Рамасы” алдында бұлар мінген эшелонның үстінен де ұшып өткен, алайда әлдебір жол маневрі себепті ол стансадан шығарылған да, одан кейін келіп тоқтаған үш эшелон бомбаланып, тасталқаны шыққан.

Иван Иванович соғыс шындығының көркем фильмдер мен әдеби кітаптарда дұрыс көрсетілмейтініне қынжылады. Анығында немістердің соғысқа тыңғылықты әзірлікпен келгенін, техникалық құрал-жабдықтарының біздікінен әлдеқайда сапалы болғанын, жауынгерлерін жабдықтауды дұрыс жолға қойғандарын айтады. Ал кеңес әскерлері апталап аштан қатып, екеуара бір мылтықпен ұрысқа шығып, жоғарыда айтылған стансадағы сияқты орынсыз қырғынға ұшырап, басқару ісіндегі жүйесіздіктерден запы көрген. Сондықтан жеңіс бізге өте ауыр шығынмен келді. Соғыс ардагерінің жанына бататыны, міне, осы жайт.

Шипптің жеке өз басына келер болсақ, Отан алдындағы антына адалдық танытып, жан аямай шайқаса білді. Полктің барлау бөлімінде қызмет етті, Курск иініндегі шайқаста жау тылына өткен үшінші сапары өте сәтті аяқталып, бұлардың алты адамнан құралған құрықтау тобы немістің бір құнды “тілі” – майорды алып келді. Сол үшін топ мүшелерінің барлығы да Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Екі рет жараланып, бір рет контузия алса да қатардан қалмай, Белоруссияны, Литваны азат ету шайқастарына қатысып, жеңісті Шығыс Пруссияда қарсы алды. Кенигсберг қаласы үшін шайқаста көрсеткен ерлігі үшін екінші рет Қызыл Жұлдыз орденін алды. Сол сияқты Пилау қаласының маңында жау тылына өтіп, құнды “тіл” алып келгені үшін “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Иван Ивановичтің өңірінде тағы да үш бірдей “Жауынгерлік ерлігі үшін” медальдары жарқырайды. Әйтеуір, Шығыс Пруссиядағы Инстербург, қазіргі Черняховск қаласынан 1947 жылы елге оралғанда кеудесі марапатқа толы болатын. Әскери машыққа қанша жетік болып, ұрыс даласында талай ерлік көрсеткенімен, Омбы әскери училищесінің өзінен алып шығатын кіші командирлік атаққа қолы жетпей, соғысты аға сержант дәрежесінде аяқтады.

Бірақ есесіне бейбіт өмірде милиция қатарында қызмет атқарған жылдарында полковник шеніне дейін көтерілді. Соғыстан оралған соң алдымен Петропавлдағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында білім алып, аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы қызметіне кірді. Өзі тұратын Смирново ауылында Мария Архиповнаны жолықтырып, өмірлік жар тапты. Содан кейін Ташкент қаласындағы милиция қызметкерлерін қайта даярлықтан өткізетін мектептен лейтенант атағын алып келгесін облыс орталығына ауысты. Басында қалалық бірінші ішкі істер бөлімінің социалистік меншікті талантаражға салуға қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі ретінде көзге түскен ол көп ұзамай облыстық тергеу басқармасының тергеушісі қызметіне ауыстырылып, өсіп-өрлеу жолы басталады.

Тергеушілік қызметте өсу үшін қылмыстық істерді ашудың оң нәтижелері болуы керек. Бұл орайда майдангер-барлаушының із кесушілік қабілеті бірден танылған. Соның арқасында басқарманың айрықша инспекциясының аға тергеушісі, бірінші қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы қызметтеріне көтерілген. Тергеушінің бойындағы зор құлшынысты байқаған басқарма бастығы Дүйсек Тоқпанов оны аға лейтенант шенінде ғана болғанына қарамастан, Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне тағайындайды. Одан кейін бес жыл облыстық қылмыстық іздестіру бөлімін басқарып, небәрі 41 жасында өз еркімен отставкаға кеткен.

Өзінің мұндай қадамға баруына облыстық басқармаға Морозов деген партиялық функционердің басшылыққа келуі себеп болғанын жасырмайды. Ішкі істер қызметінде тәжірибесі жоқ басшы оны тура айтқан бір сөзі үшін орындыорынсыз қысымға ала берген. Ал шындығында, Иван Ивановичтің кәсіби қызметіне мін тағу қиын болатын. Ол облыстық қылмыстық іздестіру басқармасын басқарған жылдары елді елең еткізетін талай ауыр қылмыстар түгел ашылып отырды. Көршілес екі облыста ондаған дүкен тонаған көкшетаулық қарақшыларды құрықтаған осы кісі. Бұрынғы Совет ауданындағы Рублевка, Полтавка және Черкасское ауылдарындағы дүкендердің есігін машинамен жұлып алып, тауарларын үптеп кеткен қарақшылар көпке дейін ұстатпай жүрді. Иван Иванович айғақты зерт материалдарын салыстыра отырып, оны осы өңірдің тұрғындары жасамағанына көз жеткізді. Көршілес көкшетаулық әріптестерінен сұраса, ол жақта осыған ұқсас ұрлықтар, тіпті, көп болып шықты. Тергеу күшін сонда бұрып, көп ұзатпай қарақшыларды қолға түсірді. Осы 36 адамнан құралған бандалық топтың бесеуіне сот ату жазасын берді. Подполковник Шипптің осы қылмысты ашудағы кәсіби шеберлігі үшін Ішкі істер министрлігі алғыс білдірген.

Сол сияқты Явленка ауылында орын алған Жинақ банкін тонау қылмысы да ізін суытпай ашылды. Із кесушілігі ғаламат Иван Иванович банктің тоналған сейфін қылмыскерлердің Есілге лақтырып кеткен жерінен тауып, жағада қалған айғақты заттар бойынша ұрыларды дөп басқан еді. Ал Мамлюткада аудандық бөлімді басқарып жүрген кезінде осындағы бір дүкендегі ұрлықты ашқаны да қызық. Тоналған дүкен сатушылары ұрылар жеті жәшік арақты жәшігімен бірге алып кеткенін айтады. Ұрылар ішке түсіп, тағы осы жолмен шығып кетіпті делінген терезенің кішкене темір көзін аңғарған Шипп дүкеншілерге терезеден тағы бір-екі жәшік шығарып көріңдерші, дейді. Осы жерде өздерінің тұтылғанын сезген сатушылар қылмыстарын мойындап, ешқандай ұры түспегенін, арақты өздері алғанын айтады.

Міне, осындай ерен істерімен көзге түскен қызметкердің өзі сүйген істен ерте шеттеліп қалуы оны мойытқан жоқ. Ержүрек сарбазға тән мінезбен одан сайын ширығып, шыңдала түсті. ДОСААФ және одан кейін балық инспекциясы қызметтерінде болып, барлығы 46 жыл еңбек етті. Зайыбы Мария Архиповнамен бірге екі ұл және бір қыз өсірді. Үлкендері Алексей – бүгінде облыстық адвокаттар алқасының төрағасы, ал одан туған немересі Денис – Қостанай облыстық соты төрағасының орынбасары. Қыздары Галина Украинада тұрмыста, кіші ұлдары Сергей өздерімен бірге тұрып жатыр, қартайған шақтарында өздеріне демеу болуда.

Ерлізайыпты қариялардың еңкейген шағында үй хайуанаттарына әуестігі күшейе түскен сияқты. Онысы кейбір көршілеріне ұнамайтынын өздері де жасырмайды. Мысалы, Мария Архиповна әжей жертөледегі бұралқы мысықтарды аяп, күнбе-күн тамақтандырып жүрсе, оның есігін тас қып бекітіп, бейкүнә хайуандарды аштан қатырғандар бар. Ал Иван Иванович күнде ертеңгілік ауладағы көгершіндермен әуре, жемдік дақылдар сатып алып, кейде картоп та пісіріп береді. Ол өз ғұмырында оннан аса ит ұстағанын айтады. Соның ішінде “Титан” атты қасқыр бөлтірігін өсіріп, оны ит сияқты із кесуге баулығаны бар. Қасқыр өсе келе қызметтік іске икемділік таныта бастаған еді. Тағы да өз іштерінен көре алмаушылар табылып, милиция бастығы қасқыр ұстап, адамдарға қауіп тудырып отыр деген айғай-шу тудырып, амалсыздан одан құтылуына тура келген. Оны бөлтірік кезінде аңшы досы Исхам сыйлаған еді, “Титанды” оған өзі алып барып, іші жылап тұрып қарғыбауын ұстатқаны есінде. Қасқыр дос болмайды дейді ғой, Иван Ивановичтің ойынша, ол бекер, қасқырды да үйретіп серік етуге болады екен. Одан кейінде тағы бір ит ұстап, оған “Титан” атын берген, бірақ ол қасқыр “Титандай” бола алған жоқ.

Қазіргі қаладағы көппәтерлі үйде ең қолайлысы – мысық ұстау. Егде жастағы қариялар үйдегі екі мысықты ермек етеді. Сосынғы ермектері – ауладағы бұралқы мысықтар мен көгершіндерді қоректендіру. Ол үшін зейнетақыларынан жырып, қажетті азық-түліктер сатып алады. Оны пісіріп беріп, қолдан қоректендіреді. Хайуанаттар әлемінің тіршілік иелеріне деген мұндай жанашырлық екінің бірінің бойынан табыла бермейді. Шипп ақсақал ауладағы көгершіндерді күніне бір көрмесе, тұра алмайды. Тоқсанға таяған ардагер осылай аула құстарын кеудесіне қондырып, аман-есен жүре берсе екен дейік.

СУРЕТТЕРДЕ: Иван Шипп немересі Денис жайлы жазылған “Юрист” журналын тамашалауда; қарияны қаумалаған көгершіндер.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp