Облыстық мұрағаттар және құжаттамалар басқармасында алқа жиыны өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мұрағат саласының 2012 жылдағы жұмысын қорытындылаған отырыста басқарма бастығы Рустам Бикенев баяндама жасады. Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі тұрған мұрағат былтыр мұрағаттардың ұйымдар мен кәсіпорындардан қабылданған құжаттар мөлшері белгіленген жоспардан асыра орындалған. 18 мыңнан астам парақ өңдеуден өткен. Аса бағалы құжаттарды анықтау бойынша да біршама жұмыс атқарылып, олардың 52 пайызы қағаз таратушы құралдарға көшірілген. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның мұрағат ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Аққайың аудандық мұрағатына ғимарат сатып алынған. Ал Есіл ауданының мұрағатына аудандық әкімдіктен ғимарат бөлінді. Десе де, Айыртау, Қызылжар, Ақжар, Мамлют, Тайынша және Уәлиханов аудандарының мұрағаттары жеке ғимаратқа зәру. Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Аққайың және Есіл аудандарының мұрағаттары күрделі жөндеуді қажет етеді, деді сөз барысында Рустам Бикенов.
Жиында мұрағаттарда сақтаулы құжаттарды электрондық нұсқаға көшіру мәселесі де көтерілді. Республикамыздың 5 облысында іске қосылған ақпараттық-талдау жүйесін біздің өңірімізге де орнатудың уақыты жетті, деді басқарма бастығы. Заңды тұлғалар мен азаматтарға ақылы қызмет көрсету бойынша жұмысты жандандыру нәтижесінде өткен жылғы кіріс 30 миллион теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскен. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов мұрағат ісі қызметкерлеріне ұлттық мұрағат қорын сақтауда атқарылған өлшеусіз еңбектің маңыздылығын айтып, алдағы уақытта да облыстың қоғамдықсаяси өміріне белсене атсалысуға шақырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласының негізі болып табылатын еңбек адамына құрмет көрсетуді жалғастырудың қажеттілігіне тоқталды. Жиында бірқатар аудандық мұрағат директорлары мұрағат ісі мен құжаттарды қамтамасыз етуде көп жылғы еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Іс-шара барысында “Солтүстік Қазақстан: тарихтағы тұлғалар” сериясымен шыққан “Солтүстікқазақстандық Еңбек Ерлері” және жыл сайын жарық көретін атаулы, есте қаларлық күндер күнтізбесі кітаптары таныстырылды. “Солтүстікқазақстандық Еңбек Ерлері” кітабына әр жылдары “Еңбек Ері” атағын алған 125 жерлесіміздің өмірбаяны мен фотосуреттері енген. Тарихи маңызы бар кітап орыс тілінде жарық көріп, Тәуелсіздік жылдарында “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын алған оған Геннадий Зенченко мен Руслан Молдабеков те енгізілген. Кітап алдағы уақытта оқырмандарға мемлекеттік тілде де ұсынылмақ.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.