“…Аяқтарымызды үшінші позицияға қойып, қол буындарына жаттығулар жасаймыз. Кәнекей, бастайық. Бір, екі, үш. Денемізді тіктейміз. Күннің көзіне қарай созыламыз. Мойнымызды көрсетеміз. Қолдарымызды алға қарай созамыз. Саусақтарымыз мұхиттағы толқындай тербеледі. Енді қолдарымызды аққудың қанатындай етіп қағамыз. Әуеннің ырғағын естиміз”, – деп би өнерінің кіріспе жаттығуларымен сабағын бастаған Жанна Темірбаева қарсы алдында қазқатар тізілген жас жеткіншектерге дененің әр мүшесін қимылдатудың маңыздылығы жайында кеңестерін айтып жатты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қыздарды жас пен тұлғасына қарай топ-топқа жіктеп, би өнеріне машықтандырып жүрген биші Жанна Хамитқызы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында бас балетмейстер болып қызмет етіп келеді. Театр жанынан би студиясын құрған да сол. Алғашында балет студиясы болған би үйірмесі кейіннен “Алуа” деп аталды.
“Алуа” би тобының құрылғанына аз ғана уақыт өтті. Небәрі үш жыл. Сол уақыттың ішінде көрермендердің көз қуанышына айналып үлгерді. 5-17 жас аралығындағы қыз балаларға арналған би ансамблінде бүгіндері 50-ден аса жас өнерпаз бар. Жас ерекшелігіне қарай топтасып бөлінетін “Алуа” би ансамблінің құрамында кәсіби бишілер де жоқ емес. Оларды балет труппасы деп атайды. Театр сахнасында қойылатын түрлі қойылымдарда актерлермен бірге өнер көрсетіп келеді. Сондай бір қойылымдардың бірі – Ғабит Мүсіреповтің “Қыз Жібегі”. Балет труппасында 6 қыз бала өнер көрсетеді. Құрылған уақыттан бері труппаның кейбір мүшелері ауысса да, негізгі құрамы сақталған. Мың бұралған қыздардың өнерін сондай-ақ облыс орталығында өткізілетін әртүрлі мерекелік шараларда тамашалауға болады. Театр ұжымымен гастрольдік сапарларға да шығып үлгерген кәсіби бишілердің артынан ерген сіңлілері де жастарының кішілігіне қарамастан, республикалық байқауда бақтарын сынап үлгерді.
– Өткен жылдың күзінде “Ақ көгершін” IX республикалық балалар шығармашылығы фестиваль-байқауына қатыстық. Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған аталмыш сайыс еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды жеткіншектердің өнерін сынға салды. Көптеген ансамбльдердің арасынан талаптарымен суырылып шыққан біздің “Алуа” би ансамблі қазақ биі мен өзге билерді билеп, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Бұл байқауда біз үшінші дәрежелі дипломның лауреаты атанып, өзге халықаралық додаларға қатысуға мүмкіндік алдық, – дейді ансамбльдің жетекшісі Жанна Темірбаева.
Ансамбль жетекшісі қазақ би өнерінің қыр-сырын меңгеруді басты мақсат еткен. Қыз балаларға кішкентайынан бидің ерекшеліктері мен даму тарихын түсіндіру, тек іс-қимыл емес, өнерді жан дүниеңмен ұғынуды сабақтарының негізі еткен. Сондықтан да болар, ансамбльдің репертуарында қазақ билері көп.
Қимыл-қозғалыс, ырғақ, музыка – бидің құрамдас бөліктері. Би өнерінде актерлік шеберлік те маңызды рөл ойнайды.
– Ансамбль мүшелері тек қана биді емес, сондай-ақ актерлік шеберлікті де меңгеруде. Театрдың бас режиссері Болат Әбдірахманов аптасына бір мәрте актерлік шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Біз сол арқылы балалардың әдемі қимылдауын ғана емес, ырғаққа сай мәнерлі қимылдауын үйретуді көздеп отырмыз. Актерлік шеберлік сабақтарында жеткіншектер өздерін көрермен алдында ұстау мәнерін, рөлдің мазмұнын ашуды меңгереді. Себебі, бұл қыздар болашақта театр сахнасында актерлермен бірге өнер көрсетуі де әбден мүмкін, – дейді Жанна Хамитқызы.
Ансамбль мүшелері, ең біріншіден, мектеп оқушылары. Актерлік шеберлік сағаттарының арқасында пәндерге деген ынта-ықыластары артып, ұялшақтық қасиеттерінен арылады. Қатарластарының алдында қысылмай сабақта жауап беріп, анық сөйлеп, ойларын жеткізуді үйренеді, дейді ансамбль жетекшісі.
Жеткіншектерді жан-жақты тәрбиелеуге ұмтылған би ансамблі биыл “халық” атағына лайық деп танылды. Көркемөнерпаздар шығармашылығына қосқан үлесі және жоғары орындаушылық шеберлігі үшін “Халық (үлгілі) көркемөнерпаздар ұжымы атағы берілді” деп жазылған Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінен келген куәлікте. Әуесқой ансамбль болып саналатын “Алуа” би тобы осы жылдың көктемінде Астана қаласында өтетін халықаралық балалар шығармашылығы байқауына қатысуға жолдама алды. Демеушілер табыла қалса, байқауда шеберліктерін сынап көруге дайын.
Алматы қаласында өткен байқауда “Үздік хореограф” атағына лайық деп танылған Жанна Хамитқызы тәрбиеленушілерінің жыл бойында үйренген өнерлерін көрермендер алдына паш етуді игі дәстүрге айналдырсам дейді. Бұл бастаманың алғашқы қарлығашы өткен жылы қанат қақты. “Армандар орындалады” деп аталған концерттік бағдарлама өткен жылы театр сахнасында дүркіреп өткен болатын. Онда “Алуа” би тобының қатысушылары би билеп қана қоймай, өзге өнерлерін көрсетті. Бірі домбыра аспабында ойнап берсе, бірі ән шырқады. Осылайша буыны бекімеген жас жеткіншектерді өнерге баулып жүрген “Алуа” халық би ансамблінің құрамынан болашақта мың бұралған биші қыздар шығатындығы анық.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.