«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОНОМИКАҒА ҚАРЖЫ ТАРТУ біріккен кәсіпорындар құрумен шектелмей, өміршең жобаларды табыс көзіне айналдыруға тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Еліміздің ұзақ жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуын белгілеп берген “Қазақстан – 2050” Стратегиясында жаңа саяси бағыттың төрт мәні атап көрсетілді. Қайсысы болсын тарихи құжаттың басты қағидаты – кең ауқымды экономикалық прагматизмнің нақты сипатын айшықтап, бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерту секілді түпкі мақсаттарды діттейтінін аңғару қиын емес. Иә, экономикалық әлеуетті арттырудың жолдары көп. Олардың ішінде қолайлы инвестициялық ахуал құру, одан алынатын кірістілік пен қайтарым жайы үлкен маңызға ие. Біз осы тақырып аясында мысалдар келтіре отырып, нақты экономикаға отандық өндірушілермен қатар шетелдік инвесторлардың қалай тартылып жатқаны және кейбір көкейкесті мәселелер жөнінде сөз қозғамақпыз.

 

2010 жылдан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы енгізілгелі өңірдің экономикасына 188 миллиард теңге инвестиция құйылды. Жыл өткен сайын оның мөлшері көбейіп келеді. Соңғы жылдары шетелдік инвестицияның өсуі байқалады. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылға қарағанда 1,4 есе өскен. Осы уақыт ішінде 500-ге жуық жаңа өндіріс орындары құрылып, өнеркәсіптегі технологиялық инвестициялар 8 есе артқан. Индустрияландыру картасына 283 миллион АҚШ долларының жобалары енген. Бұрындары инвестицияның негізгі үлесі егіншілікке, агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі болса, енді жаңа салаларға да басымдық беріле бастағанын айта кеткен жөн. Алдағы шаралар, тіпті, ауқымды. Өңір экономикасының тұрақты және теңдестірілген өсімін қамтамасыз ету үшін дәстүрлі салаларды одан әрі дамыту, тау-кен, металлургия кешеніне, жеңіл өнеркәсіп пен туризм кластеріне айрықша көңіл бөлу, экспортқа бағдарлану, экономикалық басым секторларда инвестициялық бағдарламаларды бірінші кезекте жүзеге асыру, астық және контейнер таситын жүк вагондарын, мұнай өнеркәсібі жабдықтарын шығару көзделген. Соған орай былтыр 10 миллиард теңгенің 6 жобасы іске қосылып, 400-дей адам жұмыспен қамтылған. 2014 жылға таман 42 миллиард теңгенің 30 жобасы бой көтеріп, 3,9 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Олардың арасында өміршең мегажобалар баршылық. Мұндай бағдарламалар өңірдің инновациялық дамуына оң ықпал етуімен қатар озық технологиялардың орнығуына тікелей септігін тигізері анық.

Президент өз Жолдауында инвесторлар алдына тың талаптар қойды. Елімізге заманауи өндіру және қайта өңдеу технологияларын беру, соған орай ең жаңа өндірістер құру шартын міндеттеді. Елбасының осы бастамасына қолдау ретінде Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Түркия, Швейцария секілді мемлекет қаржыгерлері мен бизнесмендерінің қатысуымен өткен аймақтық инвестициялық форум өзекті сипатымен есте қалып, шетелден қаржыны тартудың ілкімді жолдары мен ішкі мүмкіндіктерін айқындап берді. Жиында келешегі зор инвестициялық жобалар ұсынылып, қолдау тапты. Құрылыс материалдары, полиметалдарды барлау және өндіру, көлік қатынасы, кен орындарын игеру секілді тың салалар сөз етіліп, инвесторларға барынша қолайлы ахуал туғызылды. “Каз-энергорегион инвестициялық компаниясы” ЖШС-нің директоры Қамария Қайырбекқызы Булаево стансасында жылдық қуаттылығы 12 миллион тоннаға жете-қабыл мұнай өңдейтін зауытын салу белгіленгенін, жалпы құны 8 миллиард еуро тұратынын, құрылыс жұмыстарына 2 миллиард еуро құйылғанын, бірінші кезегі келесі жылы қосылып, 6 миллион тоннаға дейін жанар-жағармай және дизель отындары өндірілетінін мәлімдесе, швейцариялық “RV REVA-Group SA” компаниясының президенті Абим Салихи “Plastbau” технологиясы бойынша өзіндік құны арзан тұрғын үйлер құрылысы жүргізілетінін, бұл жөнінде “Солтүстік” ӘӘК-мен келісім орнатылғанын жеткізді. Бүгінде тұрғын үй комбинатын салуға жер телімдері бөлініп, алғашқы қаражат бөлініпті. “Торе-Чингизид ЛТД” компаниясының құрылтайшысы Игорь Овчинниковтың үні де сенімді шықты.

– Қазақстан нарығын зерттей келіп, Солтүстік Қазақстан облысында қағаз комбинатын салуды ұйғардық. Сіздерге сырттан жылына 70 мың тонна картон жеткізілсе, 70 пайызы Ресейден тасымалданады. Демек, өзара әріптестік орнатуға мүмкіндік мол деген сөз. Аграрлы өңір болғандықтан, шикізаттан тапшылық болмасы анық, – деді. Оның сөзін америкалық “Хуссан Ко” компаниясының өкілі Окан Сюргит қолдап, инвестициялық демеу көрсетуге тастүйін әзірлігін аңғартты. Тағы бірқатар инвестициялық жобалар ұсынылып, жиналғандар көңілінен шықты.

Алайда, инновациялық жобалардың бәрі қолдауға тұрарлық десек, асыра айтқандық болар еді. Форум, бір жағынан, инвестициялық қызмет саласында атқарылуға тиісті ұйымдастыру шараларын көрсетіп берді. Өңірлерді дамытуға байланысты өткен былтырғы кеңесте Елбасы Кеден одағы шекарасында тұрып инвестиция тарта алмаған кей облыстарды сынға алып, өңірлердің сырттан қаржы тартуға деген қызығушылығын арттыру үшін жер қойнауындағы байлықтарды пайдалануға қойылған мораторийді алып тастайтынын мәлімдеген болатын. Өңірлерге мүмкіндік беру мақсатын көздейтін шешім жергілікті жерлерде үндестік тапса да, игерілмей жатқан резервтер жеткілікті. Өйткені, инвестиция игіліктерін тек қаржы құю, біріккен кәсіпорындар ашу арқылы өнімдер мен тауарлар ғана шығару деген түсінік әлі басым. Инвестиция енгізу саясатының бір ұшығы адамдардың өмір сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті өркендетуге ұмтылдыратынын біле тұра, ескі технологияларға иек артатын, түпкі ойы жеке бастың баюын көздейтін қаржыгерлердің кездесіп қалатыны өкінішті. Өздерін инвесторлар ретінде таныстырған алпауыт фирма өкілдері осыдан бірнеше жыл бұрын органикалық-минералдық тыңайтқыш өндіретін зауыт, тағы бір келгендерінде автомобильдердің газ баллондарын шығаратын кәсіпорын салуға мол қаржы құятындарын мәлімдеген болатын. Осы жолы тағы бір тың жоба ұсынды. Ниет жақсы-ақ! Алайда, технологиялық әлеуеттің жан-жақты ескерілмеуі салдарынан уәделер сөз күйінде қалатын түрі бар. Оның себептері көп. Біріншіден, инвестициялық ұсыныстарға қатаң талап қойыла бермейді. Екіншіден, жобаны жан-жақты сараптаудан өткізетін тәжірибелі мамандар тапшы. Соның салдарынан инвестиция деген құр атқа ие, табыс, қайтарым әкелмейтін, иелері жүз күндік пайдамен шектелетін, оның соңы бастапқы бағытынан айнып, басқа салаға бұрылып жататындар ұшыраспай қоймайды. Үшіншіден, жоспар орындау деген бюрократтық ұғым қағазбастылыққа, немқұрайдылыққа соқтырып жүр. Осындайда “жылтырағанның бәрі алтын емес” деген аталы сөз ойға оралады. Көршілес Ресей елінің бір фирмасы қомақты қаржы салып, біріккен өндіріс орнын салуға талап қылып жүр. Естуімізше, ниетінің қабыл болатын түрі бар. Міне, арнайы комиссия мүшелерінің белсене қимылдайтын тұсы осы! Бір-біріне ұқсас, қайталама инвестициялық жобаларды әбден илеуден өткізіп, ел мен жерге пайдалы жақтарын, табыс әкелетін мүмкіндіктерін жан-жақты саралап, ең таңдаулыларын таңдап алса, қолдарын ешкім қақпас еді. Әйтпесе, құрғақ уәдені үйіп-төгіп, артынан “жалт етті де жоқ болдының” керімен ұшты-күйлі жоғалатын инвестор атын жамылғандар жоқ емес.

Елбасы 2012 жылдың қорытындыларына және Жолдау тапсырмаларын орындау міндеттеріне арналған жуырдағы кеңесте алда тұрған барлық шешімдер Қазақстанның табыстылығы мен инвестициялардың қайтарымдылығы, бәсекеге қабілеттілігі мен ұзақмерзімді мүдделерін сақтау есепке алына отырып, қабылдау тиістілігін атап көрсетті. Соған орай елге тек шетелдік қаржыгерлермен қоса талантты менеджерлерді де тарта отырып, инвестициялық саясатқа деген көзқарастар мен ұстанымдарды түбегейлі өзгерту міндетін қойды. Инвестициялар тартуда тиісті орындардың жауапкершілігін күшейтпей болмайды. Шеттен заңды, жеке тұлғаларды шақырып, жергілікті жағдаймен, өңірлік, экономикалық артықшылықтармен таныстыруға мүдделі болу керек. Елбасы белгілеп берген асқаралы міндеттерді орындауға билік аппараттарын жұмылдыру арқылы тұрғындардың әл-ауқатына, тұрмыс сапасына өтемөте әсер ететін, елеулі ықпал шешімдер қабылдау қашанда маңызды. Биліктегілердің шынайы жұмысы осындайда білінсе керек.

Инвестициялық ілкімділіктің ішкі ресурсын жан-жақты қарастыру арқылы басқа да қаржылық мұқтаждықтарды шешуге әбден болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp