Облысымызда 5,5 мыңға жуық мүшесі бар “Жас Ұлан” ұйымы Елбасының бастамасын қуаттап, осыған дейінгі атқарған игілікті шараларын жалғастыруда. Бұл ұйым өңір балаларына жаңа леп әкеліп, соны серпін бердi.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Құрылғанына аз уақыт өткенімен, ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарып үлгерген “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымының облыстық бөлімінің төрағасы Рүстем Есенбергенов – облыс көлемінде көпшілікке өзінің белсенділігімен танымал жас азаматтардың бірі. Қызыққа толы студенттік кезінен бастап “Жас Отан” ЖҚ қалалық филиалының атқарушы хатшысы, кейін облыстық жастар мәслихатының депутаты болған Рүстем таяуда Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған “Елбасы – ел тірегі, жас ұрпақ – ел білегі” деген тақырыпта өткен өңірлік жастар форумында “Жылдың жас көшбасшысы” атағын жеңіп алған.
– Астана қаласының туған күніне орайластырып, тұсауы кесілген жаңа ұйымның негізгі міндеті – білім мекемелері мен осы саланың “пұшпағын илесіп” жүрген қоғамдық бірлестіктерді балалар қозғалысын қалыптастыруға жұмылдыру. Сондай-ақ тәрбие беру саласының өзекті мәселелерін анықтап, мониторинг жүргізу ісі де жасұландықтардың еншісіндегі шаруа. Бүгінде елімізде жастар мен жасөспірімдердің шашбауын көтеріп жүрген біршама ұйымдар бар. Олар әлдері келгенше жас буынның мәселесін шешуге ұмтылуда. Алайда, түйіні түбегейлі шешілмеген мәселелер де бар. Демек, жан-жақта бытырап жүрген белсенді буынның бір қозғалысқа бірігіп, бір жағадан бас шығара қимылдайтын уақыты жетті, – деген ұйым төрағасының сөзіне қарағанда Елбасының тапсырмасына орай құрылған “Жас Ұлан” балалар мен жас-өспірімдер ұйымының қолға алған шаруалары баршылық екен.
Солтүстікқазақстандық жас ұландардың алғашқы қадамдары сәтті болды. Жақсы бастаманы қолға алған “Жас Ұланның” жетекшілері ұйымның жарғысы, жоспары мен ережелерін таныстырып, тұсаукесерін өткізген.
– Жылына үш рет еліміздің әр өңірінде “Жас Ұлан” құрамына қабылдау өтіп жатыр. Біздің де облысымыз осы іс-шарадан тыс қалған жоқ. “Жас Ұлан” белсенділері жаңа ұйымға еліміздегі жастар мен жасөспірімдердің барлығын тартуды ниет қылып отыр. Себебі, Елбасымыздың қолдауымен құрылған “Жас Ұлан” ұйымына қабылдану – әрбір шәкірт үшін үлкен мәртебе. Бұл олардың Қазақстанның бәсекеге қабілетті азаматы болып қалыптасуына көп септігін тигізеді деп ойлаймын. Өткен жылы жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың 25 озат оқушысы қатарымызды толықтырғандығы – біз үшін абырой. Жасұландықтар қатарына қабылданғандардың дені мектеп белсенділері, өнерпаздар, олимпиада жеңімпаздары, оқу үздіктері. Кеудесіне үміт ұялатып, мойындарына аспан түстес галстук таққан жасұландықтар үнемі қоғамдық және қайырымдылық шараларға белсене қатысып жүр.
Атап айтқанда, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай көптеген қайырымдылық қадамдары жасалды. Ұлы Отан соғысы, тыл және еңбек ардагерлеріне, жалғызбасты қарттарға көмек көрсету мақсатында “Қайырымды жүрек қартаймайды” атты мейірім күнін ұйымдастырғанымыз көпшіліктің көңілінен шықты. Акция аясында облыс орталығының қарттарына көмек қолын созған өңіріміздің белсенді ұл мен қыздары жүрек жылуын ұсынды.
Сонымен бірге мектептегі ұландар тобы мен үйден оқитын балаларды бір-бірімен достық қарым-қатынас жасауға, сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында “Біз әрдайым жаныңдамыз” атты акция өткізілді. Аталмыш акцияның маңызы зор болды. Шара барысында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен кездесулер өткізілді. Бұл шара одан кейін құрбы-құрдастарын өмірге оң өзгерістер әкелуге талпындырып, жат қылықтардан қорғап, бауырмалдыққа баулып, болашағына бағдар жасауға ықпал ету мақсатында “Жаңа өмір” акциясы ұйымдастырылды. “Бұл күндері Батыстық ықпалдың арбауына түсіп, ата-анасын қадірлемей, кереғар пікірге ие болған достарымызға ой салып, орны толмас қателіктердің болмауы үшін аталмыш акцияны өткіздік. Акция барысында түрлі сайыстар, түсіндірме жұмыстары, семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Акция соңы мерекелік концертке ұласты. Аталған акция қазақстандық патриотизм рухына тәрбиелеу мақсатын көздеді, – дейді Рүстем Есенбергенов.
Бұған дейін де көптеген қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жас ұландар республика бойынша ұйымдастырылған “Болашақ бүгіннен басталады” акциясынан да тыс қалмаған. Сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеу, рухани-адамгершілік және жасампаздық идеяларды дамыту, жан-жақты, рухани дамыған, интеллектуалды, қоғам мен мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін түсінетін тұлғаны тәрбиелеу мақсатында өткен жылдың қыркүйек айында жасұландықтар “Өркен” атты экологиялық экспедиция өткізді. Оған қаланың 14 мектебінен 77 жас ұлан қатысты. Қаламызға жақын Пестрое көлінің маңайын тазалап, көркейте түскен балғындарға қоршаған табиғатты күтіп, экологияның маңыздылығы жайында әңгіме өрбітілген.
– Қазір біздің қатарымыз күннен-күнге көбеюде. Өйткені, Елбасымыздың бастамасымен құрылған ұйым болғандықтан, әр жеткіншектің осы ұйымға мүше болуға талпынысы арта береді. Жас ұрпаққа саналы білім, сапалы тәрбие беріп, жасұландықтарды игілікті істерге бастап жүрген ағалармен кездесулер өткізілді. Тәлімгерлер балалармен флешмоб, тренинг ұйымдастырып, қиын жағдайдан шыға білу жолдарын көрсетті. Бұл да жасұландықтар бағындырған бір белес болды.
Қашанда жақсы істердің басынан табылатын жасұландықтар мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығы қарсаңында облыстық “Менің Қазақстаным!” патриоттар акциясына қатысты. Акцияда өңіріміздің жас ұландары белсенділік танытып, патриоттық әндер шырқады, – дейді Рүстем Есенбергенов.
Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауы ел жастарына үлкен жауапкершілік жүктейді. “Бұған дейінгі Жолдауларда жастарға тек қана көмек көрсету жайы ғана айтылатын болса, бұл жолғы құжатта нақты тетіктер анықталған. Біз өзіміздің жарқын болашағымыз үшін бар күш-жігерімізді салып, құжаттағы міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуымыз қажет. Жолдау шыққаннан кейін облыс жастары 2050 жылға дейінгі Стратегияны талқылап, оны орындау жолдарын қарастырдық, деп Рүстем Есенбергенов еліміздің жылдың басты құжатында айтылған жастар мәселесі жайында өз ойымен бөлісті. Оның пайымдауынша, бүгінгі күні облыста мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда біршама жұмыс атқарылғандығына қарамастан, алда одан да үлкен мақсат-міндеттер тұр. “Өңірде 50-ден астам жастар ұйымы бар. Олар жүйелі жұмыс жүргізуде. Бірқатар бағдарламалар сәтті іске асырылуда. Жастарды жұмыспен қамту жағына айтарлықтай көңіл бөлінеді. Облыс орталығында студенттік еңбек биржасы жұмыс істейді. Мұндай шаралар жастарды еңбекке баулып, масылдыққа жол бермейді деп ойлаймын. Қазіргі таңда өңір ұландарының атқарған игілікті істері теңіздегі тамшыдай болуы мүмкін. Дегенмен, “Жас Ұлан” ұйымы оқушыларды отансүйгіштікке, елжандылыққа, биік мәдениетке тәрбиелеу бағытында жан-жақты жұмыстар атқаруда. Өз Отанын, елін сүюге және өз елінің нағыз азаматы болуға дайындап, балалар ұйымының қоғамдағы белсенділігін арттыруда. “Жас ұланның” атқарар қызметі әлі алда”, – деп ұйым төрағасы сөзін түйіндеді.
СУРЕТТЕ: “Жас Ұлан” – 2012” республикалық жүлдесінің делегаттары.