«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШЫБЫН БАҒЫП ЖҮРГЕН” ЖОҚ, шытырлатып ақша санап жүр…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданындағы Шалқар ауылы маңындағы тас жолдың бойында қысы-жазы саңырауқұлақ пен ара балын сататындар бір үзілмейді. Саңырауқұлаққа әу бастан әуестігіміз шамалы. Ал араның балы. Балдың жөні бөлек қой, шіркін!  

Байқал

БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Сергей Коротков – жетпістің жуан ортасына келіп қалған, бойы сәл еңкіш тартқан, түксиген қалың қабақтарының астынан өңменіңнен өтетін өткір көздерімен тесіле қарайтын сары шал. Ол бүгінде Айыртау ауданының Шалқар ауылының оңтүстік-батыс жақ бетіндегі қайың-қарағайы аралас орманды мекен етеді. Ала жаз бойы. Кәсібі – бал арасын баптап, бал жинау. Сергей Митрофановичпен іссапарда жүргенде жолықтық. Жол-жөнекей кезіккен тұзы татымды тақырып болса, тастамайтын ашкөздігімізге басып, ара баққан ақсақалдан бал арасы жайлы білмек болып, жата жабыстық.

 

Бал арасын бағу оңай шаруа емес. Ол қазекеңнің қыстан көтерем болып шыққан, мың салса бір баспайтын мұқыл мүйіз сиыры немесе алты ай жаз шарбаққа қамалып, ыңыршағы айналған жылқысы емес. Қанатты жәндік. Қант үшін екі аяқты пенденің құлына айналған соқыр сенімі болмаса, бостандықта, еркіндікте жүрген жәндік. Ара бағып, табыс табады екен дегенді біздің ағайын ести қоймаған-ақ шығар. Естісе де бір түрлі жат, өзгеше тірлік, тосын әрекет. Ертеректе біздің елдің желкесіндегі “Светлый” кеңшарында дәл осындай омарта ұстайтын Антон деген шал болатын. Ауыл іргесіндегі Қамысақты өзенінің екі жағалауы сыңсыған жасыл шалғын, көк құрақ, жайқалған гүл. Антон шал өзен жағасына омартасын орнатып, жаз бойы тапжылмай жататын. Ауылға азық-түлік алуға аптасына бір-ақ рет соғатын. Біздің ауылдың жатыпатарлары “шыбын бағатын шал” деп ат қойып, айдар таққан.

Сергей Митрофановичтің айтуына қарағанда, бал арасын өсіру – бақуатты бизнес. Мұндай іске ықылас білдіргендер алдымен омарта сатып алуы қажет. Онда да қайсын таңдайтыныңызды жаза баспай, қолайлысын қармағаныңыз жөн. Тіпті, әрі-беріден соң, бұрын ұсталған, бүйірлері бүтін, оншалықты ескі емесін алса да болады. Кәнігі омарташылар өздері-ақ жасап ала береді. Ал жаңа бастаған талапкер ескісін алса да оқа емес.

Араның да түр-түрі болады. Айталық, орта ресейлік аралар. Бұлар өзге тұқымдастарынан әлдеқайда ірі, салмақты. Тұмсықтары қысқа болғанмен, әлеуеті зор. Түстері сәл қара сұр. Басқа араларға қарағанда, олар долы, ашушаң болып келеді. Жұмысқа кіріскен, яғни гүлдерден бал жинап жүрген кезінде алқапқа аяқ бассаңыз, үйір-үйір болып, шабуыл жасаудан тайынбайды. Аналық аралардың өнімі де өте жоғары. Олардың әрқайсысы 2000 жұмыртқаға дейін салады екен.

Ара тіршілігін бақылап, бажайлап қараған өте қызық. Құтты бір тұтас мемлекет, әйтпесе, іргелі отбасы тәрізді. Адамдар сияқты олар да әрқилы болып келеді. Яғни, жаз бойы еңбектенетіндері, жүздеген шақырым қашықтықта ұшып, бал жинайтындары, жатып ішіп, бал жалағысы келетін еріншектері де кездеседі. Бұл жерде темірдей тәртіп. Омарта орналасқан алқаптан ұзап шығып, шалғыны мол, гүлі көп алқаптарды іздейтін барлаушылар тобы болады. Олар тәулігіне ондаған шақырым жерлерді ұшып өтіп, қалтарыс, панасы көп алқаптарды іздейді. Тапқаннан кейін тек өздеріне ғана мәлім ишара ыммен омарта маңындағы жұмысшы араларға хабар жеткізеді. Алқаптардан бал жинап, оны омартаға таситын жұмысшы аралар отряды – аралар арасындағы ең үлкен топ. Құдіреті күшті Жаратқан иеміз 18 мың ғаламды бір-біріне ұқсамайтын өзгеше рең, айрықша бітіммен жаратқан-ау.

Жұмысшы араларға, керісінше, кез келген омартада жалқаулар да болады. Оларды жұмыскер аралар балымызға ортақтаспасын деп, шағып өлтіріп тастайды. Жалқаулықты ара екеш аралар да жақтырмайды екен-ау!.. Тек адамдардан айырмашылығы олар тым қатыгездеу. Және бір қатыгездігі бал аралары алдағы қыстың қатты болатындығын біз үшін беймәлім, тек өздері ғана түсініп, түйсінетін әлдебір сезім арқылы күні бұрын біледі. Қара күзде олар омартадағы еркек араларды шағып өлтіреді. Қысты күні жинаған балға ортақтаспауы үшін. Сондай-ақ әрбір омартада жиналған балды күзететін өзге тұқымдастарына қарағанда бастары ересен үлкен, тұмсықтары әнтек жоғары шаншылған күзетші аралар болады. Олар жұмыскер аралар омартаға жинаған балды қаңғыбас, жалқау аралар жеп кетпес үшін жуан бастарын балауыздың тесіктеріне тығып алып, кірпік қақпай күзетеді. Алдындағы асын жәндік екеш жәндік те өзгеден қызғанады екен-ау!..

Орта ресейлік аралармен қатар, карпат аралары деген тұқым бар. Олар өзге туыстарына қарағанда, таза сұр реңді болып келеді. Дене мөлшері орта ресейлік аралардан сәл кішілеу. Дегенмен, кавказдық туыстарымен салыстырғанда айтарлықтай үлкен. Бұл аралар бейбітшіл, тыныш, қысқа төзімділіктері орташа. Ал қиыр шығыстық аралар сұр реңді. Бұлар да карпаттықтар сияқты момақан.

Аралардың негізгі тамақтану көзі – гүл шырыны. Олар өздерінің жемін тауып, қысқы азық қорларын жатпай-тұрмай әзірлейді. Шырынды балға, бал тозаңдарына айналдырады. Және ол өнімдерін ұзақ уақыт сақтауға болатын, ара ағзасымен өңделген, дәмді де пайдалы шырынға айналып шыға келеді.

Тәжірибелі омарташылар бал араларын қосымша қант шәрбатымен мезгіл-мезгіл азықтандырып отырады. Әйтпесе, былтырғыдай қуаңшылық жылдары даланың реңі келмей, бәйшешектер тым ерте солып қалғанда қарны ашқан аралардың жайлы жер іздеп, ауа көшетіндері де кездеседі. Оның барлығы жоқшылықтан. Кәдімгі “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?” – демекші, жаз жайлы, төңіректің бәрі жайқалған бал татитын өсімдік болса, ара да өсіп-өнген, тұқым жайған, қалыптасқан, қанатын қаққан ортасын тастап, беталды кете бермейді.

Сергей Митрофанович:

– Аралар мазасыздана бастады. Сәл әрірек отырайық, – деді. Алғашында ұқпадым. Сары шал түксиген қабағының астынан шүңірек көздерін қадап, таза ауаны былғап отырған темекімді нұсқады. Өзіміздің етіміз өліп кеткен. Біздің танау темекінің иісін сезуден қалғалы қашан. Ал ара анық сезеді екен. Сезгені былай тұрсын, табиғаттың тұнығын лайлаған, ауаны жағымсыз иіспен былғағанды жақтырмайтыны анық. Содан соң ашу шақырып, айнала ұшып, долырып ескертеді. Ескерткенін ұқпасаңыз, сансыз найзасын самсатып, тап бермек. Журналистке де жан керек, түксиген сары шалдың соңынан еріп, қайыңды орманның селдірлеу тұсына, желкемдеу бағытқа барып отырдық. “Сабақты ине сәтімен” дегендей, тосын тақырыпты тағы да қаузадық.

Бал аралары туралы бастауыш білімімді жетілдіріп алғаннан кейін, екі қолға бір күрек таба алмай кәсіп іздеп жүрген ағайындарға септігі тисін деген ниетпен кіріс-шығыс табыс мөлшері туралы суыртпақтап, әңгіме сабақтадым. Жапан далада жаз бойы жалғыз күн кешіп, іші пысты ма екен, сары шал қамшы салдырмады.

Омарта ұстаудың оншалықты көп шығыны жоқ. Бұрын пайдаланған омарталар қазір 1,5-2 мың теңгенің көлемінде сатылады. Егер бесеуін бірақ сатып алсаңыз, 10 мың теңгеңіз шығады. Бес отбасының арасын сатып алу әрқайсысы 11 мың теңгеден, яғни 55 мың теңгеге түседі. Басқа құрал-жабдықтарға тағы да 15 мың теңге жұмсадыңыз делік. Ал табыс былайша: араның балы қазір 1 килосы екі мың теңге тұрады. Әрбір отбасынан бір маусымда 30 килодан бал алуға болады. Отыз килограмды литрге айналдырсаңыз, шамамен 20 литр. Сонда әр омарта 60 мың теңге табыс береді. Ал сізде бесеуі бар. Яғни, қарапайым долбармен алғанда, 300 мың теңге. Бос жатқан қазақ даласының кез келген өңірінде бес емес, төзіміңіз жетсе, ынтызарлығыңыз ауып тұрса, онын әйтпесе, жиырмасын ұстасаңыз, қолыңыздан қағып жатқан кім бар? Балдан басқа, балауыз, ара жемін, гүл тозаңын, араның уын да сатуға болады.

Сергей Митрофанович саналы ғұмырын Айыртау ауданында өткізген. Соңғы біраз жыл Саумалкөл ауылында тұрыпты. Одан соң Астанадағы баласының қолына көшкен. Өзінің айтуына қарағанда, жаз айларында қалада тұру – еркін далада емін-еркін тұрып-өскен адам үшін тозақ. Сондықтан да ушудан, шаң-тозаңнан аулақта, құжынаған бал араларымен сырласып, күн кешеді. Он әлде он бес жыл бұрын, өкпе ауруымен ауырғаны бар. Дертінен айықпаққа жол іздеген. Сол сәтте ақыл берушілер табылып, балмен емделсең, құлан-таза айығып шығасың депті. Әуелде сатып алып көрді, бірақ, өзің баққанға жетпейді екен. Содан бері бал арасын ұстайды. “Менің тіршілігімді ұзартып тұрған осы бал арасы”, – дейді ол. Әйтпесе, баяғыда өліп қалар едім. Балдың емдік қуаты өз алдына. Таза ауа, жасыл жайлау, жүйкенің тыныштығы, бәрі айналып келгенде, бір рахат, ғажап дүние. Жұмыр жердің бетінде жұмақ бар болатын болса, ол осы омартаның табаны тиген жер.

Омарта ұстағанды “шыбын бағып жүр” деп келеке қылатын біздің ел сары шалдың шын сырын түсінер ме екен?..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp