«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛДАУ ІЗДЕП КЕЛГЕН 8 АДАМ “Нұр Отан” филиалы төрағасының қабылдауында болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров партияның қоғамдық қабылдауына қолдау іздеп келген азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, бәріне де нақты жауап берді.  

Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.

 

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің энергетика және аспап жасау кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының докторы Қайрат Кәшеков өздерінде жасалып, патент алынған электр қуатын үнемдейтін модульді өндіріске енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрады. Оның айтуынша, мұндай шамдалдар мен шамдарды ғимараттар мен өндіріс орындарында пайдалануға болады. Алайда, модульдің өндірістік негізде шығаруға арналған сметалық-жобалық құжаттары әлі әзірленбеген. Сондықтан оның лицензиясы да жоқ.

 

Самат Ескендіров электр қуатын үнемдейтін модульдің өзіндік ерекшеліктері жайлы сұрай келіп, оны инновациялық тұрғыда шешу үшін “Мұнаймаш” АҚ-ның конструкторлық бюросына жіберуді ұсынды.

Дәметкен Рахимова кәсіби емшілікпен айналысады. Ол бір бөлмелі пәтердің тарлық етіп отырғандығына байланысты емдік сеанстар өткізу үшін орын бөлуге көмек көрсетілсе деген тілекпен келіпті.

Самат Сапарбекұлы емшіліктің де жеке кәсіпкерлікке жататындығы, сондықтан оған қажетті орынды жалдау жеке тұлға тарапынан шешілетіндігі жайында түсінік бере келіп, тиімдісін таңдап алу үшін бірнеше ұсыныс әзірленетіндігін жеткізді.

Зейнеткер Фаиль Шайгатаров 20 жыл бойы жинаған материалдарының басын құрастырып, “Олар Жеңіспен оралды” атты кітап шығармақшы екен. Оған 23 солтүстікқазақстандық ардагер жайлы деректі естеліктер енгізілмек. Оны шығару мәселесін шешуді облыс әкімі өзінің орынбасары Фархад Қуанғановқа тапсырды.

Уәлиханов ауданындағы “Үзбай” шаруа қожалығының жетекшісі Амантай Мәліков бастаған 3 азамат өткен жылы астық шықпай қалуына байланысты “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ-дан алған кредиттің мерзімін ұзартуға көмек көрсетуді өтінді. Самат Ескендіров шаруа қожалығы иелерінің бұл мәселесімен Парламент Сенаты депутаты кезінде айналысқанын, ол Үкімет деңгейінде шешіліп жатқанын жеткізді. Сондықтан алдағы көктемгі егісті аталмыш агроқұрылымдар өз күшімен атқаруына тура келеді.

Бұдан кейін қабылдауға келген Сұлтан Әбілқасов пен Жолдыбай Ахметовтің өтініш-тілектеріне де нақты жауаптар берілді.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp