«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТІЛСІЗ ЖАУ” ЖАЛМАП ЖАТЫР ӘЛСІЗДЕРДІ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыста 105 өрт болып, одан 30 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 14 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның екеуі – бала. Бес адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.  

Өткен аптаның өзінде 2 адам өмірін жалмаған өрт оқиғалары орын алды.

М.Жұмабаев ауданындағы Золотая Нива ауылы ең жақын өрт сөндіру бөлімінен 32 шақырым қашықтықта орналасқан. Сағат 11.58-де жеке тұрғын үйдің жанып жатқаны туралы хабар алысымен-ақ өртсөндірушілер оқиға орнына жедел аттанған болатын. Бұл кезде үй толығымен от жалынына оранған екен. Үйде 4 жасар бала болған, оны нағашысы от орнынан алып шығып, жергілікті медициналық қосынға жеткізген. Алайда, оны аман алып қалудың сәті түспеген.

 

Шал ақын ауданындағы Двойники ауылында да осындай жағдай орын алды. Үй иесі – 76 жастағы қария баспанасымен бірге өртеніп кетті. Оған жылыту үшін қолдан жасалған электр плита себеп болған сияқты. Зейнеткер жалғыз тұрған, баспананы жылытатын отыны болмаған, қолдан жасалған электр аспабы бірден-бір жылыту көзіне айналған. Көршілердің айтуына қарағанда, бұған дейін де қария бірнеше рет күйікке шалынған: ол плитаның жанындағы сәкіге жатып келген, талай рет киімі күйіп, жанға бататын күйікке ұшыраған. Бұл жолы қарт ояна алмады…

Красин қысқа көшесіндегі қалалықтар өз кінәсінен оттан зардап шеккендер тізіміне ілікті: қатты қызған пештің жанына отын үйіп жүрген. Содан шыққан өрт үйдің ішкі құрылғыларын, асбөлмені, төбені жарамсыз етті. Оқиға орнынан 2 адам мен 3 баллон қауіпсіз жерге көшірілді.

Шал ақын ауданындағы Семиполка ауылы тұрғынының 3 жасар немересі терезе жақтауында жатқан оттықпен ойнап, диван жапқышының қалай жанғанын байқамай қалған. Үй иесі өртті өзі сөндірмек болғанымен, от жалыны оған бой бермеген. Қарттың немересін құшақтап, бас сауғалауынан басқа амалы қалмаған. Тілсіз жау жатын және қонақ бөлмелерді, жиһаздарды жарамсыз етіп тынды.

Петропавл қаласының Крепостной көшесіндегі “Изолит” ЖШС-нің үш қабатты әкімшілік-өндіріс ғимаратында болған өрт кәсіпорынның жабдығын, тасымалдауыш таспаны, есікті жарамсыз етті. От ошағы 45 шаршы метр аумақты жалмады. ТЖ себебі анықталу үстінде.

Қызылжар ауданының орталығындағы “Қызылжар тұқым шаруашылығы зертханасы” АҚ-ның ғимараты да осындай жағдайды бастан кешті. От орнынан 4 адам құтқарылды. Өртке жылыту пешінің ақауы себеп болған.

Облыс орталындағы “Егемен Қазақстан” көшесінде “Меркурий-Мұнай өнімдері” ЖШС-нің №3 жанармай станциясы орналасқан. Оның колонкасы да оттан зардап шекті. ТЖ мамандарының айтуына қарағанда, тілсіз жауға сымдардың қысқа тұйықталуы әсер еткен. Шал ақын ауданының орталығында және Петропавлдағы Чайковский көшесінде “Wolkswagen-Passat” автомобильдері техникалық ақаудың құрбаны болды.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp