«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНА” ІРІКТЕУ БАСТАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Қазақстан барысы” турнирінің үшінші маусымының ашылуына орай “Нұр Отан” ХДП филиалының ғимаратында жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті.

Оған қатысушылар алдында сөз алған “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Арман Бердіғұлов:

– Қазақ халқының төл спорты – қазақ күресі қарқынды дами бастады. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін “Қазақстан барысы” республикалық турнирінің шоқтығы бәрінен жоғары тұрғандығы сөзсіз. Осымен үшінші рет өтетін осынау дүбірлі турнирді ұйымдастыруға биыл халықтық партия – “Нұр Отан” белсене кіріспек, – деді. Оның айтуынша, жобаның іске асырылуына зор мән берген партия өткен жылдың қараша айында қазақ күресін дамыту қорымен ынтымақтастық меморандумына қол қойған екен.

 

Баспасөз мәслихаты барысында қазақ күресінен ауылдық, аудандық деңгейде өткізілетін іріктеу кезеңдерінің сапасы сын көтермейтіндігі белгілі болды. Оның ашығын айтқан “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Самат Жәкенов пен облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Азат Омаров: “Біз көбіне ауылдық, аудандық жерлерде өтетін белдесулерге ерекше көңіл бөлуіміз қажеттігін жыл сайын айтып жүрміз”, – деді. Сондықтан да қазіргі таңда басқарма және партия филиалы тарапынан турнирдің іріктеу кезеңін жоғары деңгейде өткізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілген. Бұл ретте “Нұр Отан” партиясы мен “Жас Отан” жастар қанатының өңірлік құрылымдары аудандық, ауылдық деңгейдегі іріктеулерді ұйымдастыруға, оған жастарды тартуға, ақпараттық демеуге атсалыспақ. Сонымен қатар белдесулердің әділ өтуін де қадағалайтын болады.

Шараға қатысқан ұлттық спорт түрлері БЖСМ директоры Есләмбек Бекмұрзин “Қазақстан барысы” жарысының ережелеріне сәйкес, балуандарға қойылатын талаптардың қатайғанын әңгімеледі. Оның айтуынша, республикалық турнирдің іріктеу кезеңі биыл үш кезеңде өткізіледі. Атап айтқанда, ақпан айында – ауылдық деңгейде, наурызда – аудандық және қалалық, ал сәуірдің 27-сі күні облыстық деңгейдегі іріктеу турнирлері ұйымдастырылады. Іріктеу сындарынан сүрінбей өткен үздік балуандар Астана төрінде өтетін финалға жолдама алады. Байрақты бәсекеге қатысатын балуандардың ең жасы 1998-1999 жылдары туғандар болмақ.

– Бүгінгі таңда қазақ күресі ғаламшардың төрт құрлығында дами бастады. Қазақ күресінің Дүниежүзілік студенттік спорт ойындары бағдарламасына енгізілуі, қазақ күресінен төрт халықаралық, алты Азия чемпионаты, тоғыз республикалық турнирдің ұйымдастырылуы, әлемнің 34 елінде қазақ күресі федерацияларының ашылуы – соның дәлелі. Сайыс барысында іріктеудің барлық деңгейде әділ жүргізілуін қадағалау үшін өз қазыларымызды жіберуді көздеп отырмыз, – деген жиынның ұйымдастырушылары өңір журналистерін байрақты жарысты облыс тұрғындары арасында насихаттау ісінде белсенділік танытуға шақырды.

МИРАТТЫҢ МИНСКІДЕГІ ЖЕҢІСІ

Минск қаласында грек-рим күресі-нен халықаралық турнир өтті.

Аталмыш сайыста облыс атынан боз кілемде өнер көрсеткен Мират Қуандық 55 кг. салмақ дәрежесінде бірінші орынға ие болды. Шаршы алаңға төрт рет көтерілген балуан төрт кездесуде де қарсыластарын жеңіп шықты.

АРМРЕСТЛИНГ АРУЛАРҒА ДА ТАҢСЫҚ ЕМЕС

Алматы қаласында армрестлингтен өткен ел біріншілігінде абсолют салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық Виктория Фролова екінші орынға тұрақтап, ҚР спорт шебері нормативін орындады. Виктория Фролова – облысымыздағы нәзік жандар арасындағы армрестлинг бойынша спорт шебері атанып отырған алғашқы ару.

ШЕБЕРЛІК ШЫҢДАҒАН ДҮБІРЛІ ДОДА

Швецияның Клиппан қаласында қыздар арасында еркін күрес бойынша “Ladi Klippan” турнирі өтті.

Жерлес балуан Марина Зуева 46 кг. салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

ВЕЛОШАБАНДОЗДАР ҚАРСЫЛАСТАРЫН ШАҢ ҚАПТЫРДЫ

Жуырда Абхазияда велоспорттан бүкілресейлік сайыс өткен болатын. Аса шиеленісті өткен 90 шақырымдық топтық жарыста 3 бірдей жүлделі орын облысымыздың спортшыларына бұйырды.

Жалпы додаға 9 команда қатысса, Қазақстан атынан тартысқа түскен – тек солтүстікқазақстандық өрендер. Аталмыш сайыста Олег Земляков шеберлігімен ерекшеленіп, бірінші орынды олжаласа, Кирилл Пролубников – екінші, ал Вадим Галеев үшінші орынды еншіледі.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp