«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮКІЛІ ҮМІТІМІЗ – СВЕТЛАНА МАЛЬЦЕВА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Олимпиада ойындарына қатысуды армандамайтын спортшы болмайды. Бес шығырлы алқаны алақанға салу үшін олар аянбай тер төгіп, қиналса да қиындыққа төзеді, жаттыққанның үстіне жаттыға түседі.

Татьяна ЖУК,

қоғамдық тілші.

Айталық, жер-жаһанның ең басты жарысы болып саналатын Олимпиада ойындарының ізбасары пайда болғанына аса көп уақыт өте қойған жоқ. Ол – жасөспірімдердің Олимпиадасы. Өткен жылы Австрияның Инсбрук қаласында жасөспірімдердің бірінші қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанған-ды. Оған біздің жерлесіміз, Аққайың ауданындағы Черкасс ауылының тумасы Светлана Мальцева да қатысып, дүниежүзінің үздік жас конькишілерінің арасында ең қысқа қашықтық – 500 метрге сырғанауда алтыншы орынды олжалады.

 

Ал осы таяуда ғана еліміздің чемпионатында сынға түскен Светлана әлем біріншілігіне жолдаманы жеңіп алды. Жас спортшының ата-анасы Михаил Юрьевич пен Олеся Францевна қыздарын мақтан тұтады.

– Қызым төртінші сыныпта оқып жүргенде хоккей алаңына барды, – дейді анасы. – Алғашқы бапкері Олег Гаврик Светаға коньки тебуді үйретті. Біз оның әр қимылынан шаршап келетінін сезіп жүрдік. Бірақ көздері оттай жайнап тұратын. Ол бірде-бір рет қажыдым деп шағынған емес. Сондықтан коньки тебуін қоймады.

Кейін, 2009 жылы, ол облыстың конькишілерін баптайтын белгілі жаттықтырушылар Александр Суровяткин мен Ольга Ихтендристің көздеріне түсіп, олар Светаны Петропавлдағы спортқа дарынды балалардың мектеп-интернатына шақырды.

Әрине, бұл бізге оңай болды дей алмаймын. Үйден ұзап көрмеген қызымыз ол кезде он үшке де толмаған, сондықтан қорқасың да. Алғашқы кездері күн сайын телефон соғып тұрдық, күнара келіп-кетіп те жүрдік. Бірақ уақыт өте келе ол да, біз де көндігіп кеттік, – дейді Олеся Францевна.

Ата-анасы Светаны ақылды деп қуанады. Оның алған барлық жүлделері мен иеленген марапаттарын естерінен шығармайды екен. Солардың бірі – спорт мектеп-интернатында алғашқы жылы оқып жүргенде Мәскеудегі халықаралық жарыста алған күміс конькиі. Ал Қостанайда өткен жарыста оған диплом мен күміс алқа бұйырыпты. Осыдан соң-ақ Светлана Мальцева Қазақстанның қалаларында, сондай-ақ Ресейде, Германияда, Австрияда жарыс жолдарына шығып, өзге үздіктермен шеберлік сынағына түседі.

Инсбрукте оған осында танысқан достары Олимпиаданың бойтұмары болған лақтың бейнесін сыйлапты. Адамдарға үйір, кісі жатырқамайтын мінезі ұнаған ғой, тегі?

Ата-анасы онымен келісіп алып, егер Света спорт шебері атағын иеленсе, ноутбук сыйлауға уәде береді. Ол өткен жылы осы мақсатына жетіп, Михаил Юрьевич пен Олеся Францевна сөздерінде тұрыпты. Сөйтіп, енді олар ұялы телефонмен ғана емес, веб-камера арқылы да байланыс жасай алады.

– Ол өзінің ойлағанын орындамай қоймайтын қайсарлығын алғашқы жаттығуларда-ақ аңғартты. Коньки киіп шыққанда тобығы таймады, құлап-сүрініп жатса, ауырсынбай, қайта тұрып жарысты. Алғашқы кездері ол хоккейшілердің конькиімен сырғанаса, артынан мектебімізге жарыс конькилері алынды, – дейді шәкірті жайлы Олег Гаврик.

Светлана жарысуды шорт-тректен бастаған екен. Сондықтан қысқа қашықтықта сырғанауға машықтанған. Оқудың екінші жылында ол ер балалардан озып кетіп жүреді. Ал облыстық жарыстарда шорт-трек пен конькимен сырғанау сынақтарына қатыса бастайды.

– Әдетте, мен балаларды қолымнан келгенше жарыстарға көбірек қатыстыруға тырысамын. Олар жарысудан бас тартпайды. Елімізге әйгілі конькиші Таня Сокирко да солай еді. Ол – Светаның жерлесі, екеуі де бір ауылдың тумасы. Сондықтан да облыстың жаттықтырушылары біздің балаларымызға назар аударатын болды. Олар Мальцеваны спорт-интер-натқа сол себепті де шақырды ғой, – деді О.Гаврик.

Жаттықтырушының айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Себебі, Светлананың еңбекқор, жігерлі екенін жаңа жаттықтырушылары да тілге тиек етеді.

Әл-қуаты, әлеуеті мығым. Он бес жасында спорт шебері атағын жеңіп алу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Қазір ол он бірінші сыныпта оқиды. Үнемі жолсапарларда болатындықтан, оқуға уақыты аз екені ақиқат. Алайда, бапкерлері, әсіресе, мұғалімдер немқұрайды емес, талап қояды. Білімдарлық спортшыдан да талап етіледі. Ол сондықтан да өзгелерден қалғысы келмейді.

Ал уақыты келе бермесе де, туған ауылына жолы түскенде әуелі өзі оқыған мектебіне соғып, ұстаздарымен жүздеседі, құрбы-құрдастарымен әңгіме шертеді. Мұның өз сыры да бар. Жас басынан үйінен ұзап шыққан спортшылардың арасында туған шаңырағын, ауылын сағынып, жүйкесі босағандары болғанын, қазір де барын білеміз. Бірақ Светаның рухани күш-жігері мықты екеніне көзіміз жетті.

Осы мақаланы жазуға оқталғанда оның қалада еместігін білсем де, Ғаламтор деген ғажайыптың көмегімен тауып алып, сөйлестім.

– Инсбруктен қандай әсермен оралдыңыз? Олимпиада жайында не айтар едіңіз?

– Өте жақсы әсердемін. Өзге елдер мен жерлер адамға қашанда таңсық қой. Тілді білмеген жанымен ұғынысатынына көзім жетті. Достық пейілдері жақсы достар таптым. Ал бәрінен де Альпі таулары ұнады.

Ойындардың ашылуы да тамаша болды. Бірақ мен оны дәл уақытында көре алмадым. Өйткені, ертеңіне жарысқа шығуым керек. Сондықтан оның алдында тынығу жөн. Көңіл күйді алаң қылуға болмайды. Қаланы тамаша безендіргенін көрдім. Барлық жерде Олимпиада нышандары көзге шалынады. Стадион көрермендер мен жанкүйерлерге лық толы екенін байқадым.

Бір қиналғанымды да айта кетейін. Мен жабық стадионда жарысуға машықтанғанмын. Ал мұнда ашық айдында жарысуға тура келді.

– Жарыс алдындағы көңіл күйіңіз жайлы білгім келеді. Абыржымайсыз ба?

– Онсыз болмайды ғой. Жеңілемін деп қорықпайсың. Жігерді бойға жию оңай емес. Мұндайда ақылшың да, жанашырың да – жаныңдағы жаттықтырушың. Артық айтқаным емес, нақ бір әке-шешең сияқты. Ал жеңу үшін күшжігерің мықты болуға тиіс. Соған қоса табандылық керек.

– Осындай болсам ғой дейтін адамыңыз бар ма?

– Бар, әрине. Олар өзіміздің тумаларымыз, жерлестерім Дмитрий Бабенко, Наталья Рыбакова және Роман Креч.

– Алдыңызға қандай мақсаттар қойып жүрсіз?

– Спорт пен оқудан басқа қандай мақсатым болушы еді. Мектепті тамамдауым керек. Содан соң жоғары білім алсам деймін. Бәрінен де спортты алға қоямын. Арманым – жылдамдығымды арттыра түсу. Қажыр-қайратың күшті болса, шеберлікті шыңдай түсесің. Жоғары нәтижелерге қол жеткізсем, Халықаралық дәрежедегі спортшы атағын иеленемін. Олай болса, ересектер Олимпиадасына жол ашылар еді. Спорттағы жолым жаңа басталды. Демек, жоспарларымды жүзеге асыра аламын.

Сізбен осы әңгімені пайдалана отырып, алғашқы бапкерім Олег Гаврикке ризашылығымды білдіргім келеді. Ол менің қабілетімді аңғарып, ерінбейжалықпай үйретті ғой. Сондай-ақ Ольга Ихтендрис пен Александр Суровяткинге алғысымды арнаймын. Олар мені үлкен спортқа бастап әкелді, күн сайын жаттығулар өткізеді, шеберлігімді арттырады, рухани шыңдайды. Ата-анама бас иемін. Жандары қалмай тілеуімді тілейді, жеңсем қуанады, жеңілсем мұңаяды. Ең мықты жанкүйерлерім – солар.

Осы орайда мен Светлана Мальцеваның жаттықтырушыларының бірі Ольга Викторовна Ихтендристі де әңгімеге тарттым.

– Оның Олимпиададағы көрсеткішіне өзім де таң-тамашамын. Света алғашқы жарысында 44,535 секунд уақыт көрсетсе, екінші жолы қашықтықты 43,646 секунд уақытпен тамамдады. Нәтижесінде, бесінші орын алған қарсыласынан небәрі 0,03 секунд қана қалып қойды. Осы ретте мынаны айта кеткім келеді: біз озық елдерден спортты дамытуда қалып қойып жүрміз. Көп жағдайларда бізге мұндай жарыстар туралы хабар кешігіп жетеді. Мысалы, осы Олимпиада өтетінін екі жыл қалғанда ғана естідік. Ал Олимпиадаға, әдетте, төрт жыл бойы дайындалу керек.

Елімізден Мальцевадан басқа үш конькиші қатысты. Біздің өңірден жалғыз Света. Бірақ спорт шебері атағы оған ғана бұйырды.

Шынымды айтайын, ол қабілетті, алайда ептеп еріншектеу. Иә, нақ солай. Кейде қамшыламай болмайды. Бірақ мұның өзінің өсуі, шеберлігін арттыруы үшін қажеттігін түсіндіреміз. Әлі де ерінбей-жалықпай тер төгуі керек. Онсыз, қай істегідей болмасын, спортта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін емес. Жігерлі мен жансебіл ғана жеңіске жетеді. Бір риза болатыным, өзінің жасына орай ауыртпашылықтарды көтере алады. Үлкен жеңістерге жету үшін соған сай күш жұмсау керек.

– Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер Олимпиадасы қандай мақсатты көздейді?

– Бұл балаларды спортқа баулудың жолы деп санаймын. Жас ұрпақты шыңдауды көздейді. Сондай-ақ үлкен Олимпиадаға дайындау. Жасөспірімдер, жеткіншектер жарысқа дайындалуды осындай ойындардан бастаса, нұр үстіне нұр емес пе?

– Соңғы сұрағым – Сіз Светлана үмітті ақтайды деп ойлайсыз ба?

– Бір сөзбен айту қиын. Бәрі өзіне байланысты. Спорттан қол үзбесе, алған бетінен айнымаса, арманы орындалады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp