2011-2020 жылдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес электрондық оқыту жүйесін енгізу міндеті қойылған. Елімізде озық технологияларды алға бастыру үшін 537 білім беру жүйесі электрондық оқытуға көшкен. Соның 60-ы облыс білім беру жүйелеріне тиесілі.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Электрондық оқыту жүйесін білім саласына енгізудегі басты мақсат – білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының үздік оқыту ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқытуды пайдаланып, 2020 жылға қарай оның саны 90 пайызға дейін артады”, – деген болатын. Еліміз бойынша 2011 жылы электрондық оқыту 44 білім беру жүйесіне (31 мектеп пен 13 колледж) енгізілсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 537-ге жеткен. Оның ішінде 497 мектеп пен 40 колледж бар. Оларға 28136 компьютер, 7807 ноутбук, 537 интерактивті және 1063 мультимедиалық проектор, 537 сандық подиум, 1611 көпфункционалды қондырғы мен принтер, жылжымалы компьютерлерге арналған 537 шкаф-сейф қойылған.
Электрондық оқыту жаңа ақпараттық қатынастық технологиялардың кең мүмкіндігі арқылы жалпы орта білім берудің бірқатар мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Атап айтар болсақ, оқыту үшін аумақтық шектеудің болмауын, оқытудың өзіндік ырғағын таңдау мүмкіндігін, жоғары сапалы білімдік материалдардың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, оқытудың алуан түрлі құралдары мен әдістеріне жол ашады. Осындай инновациялық технологияны пайдалану өңірімізде қалай жүзеге асып жатқандығы жайлы білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Гүлнәр Арықбаевадан білгенімізде:
– Облысымызда “E-learning” – электрондық оқыту жүйесін енгізу жобасы аясында 2012 жылы 60 білім беру ұйымына (бастауыш – 1, негізгі – 2, колледждер – 4, қалалық – 8 және ауылдық – 45) электрондық оқыту енгізілді. Оқу орындары 3099 компьютер, 694 ноутбук, 60 интерактивтік және 120 мультимедиалық проектор, 60 сандық подиум, 180 көпфункционалды қондырғы мен принтер, жылжымалы компьютерлер үшін 60 шкафсейфпен жабдықталды. Білім беру мекемелерінде электрондық оқыту жүйесін енгізу бойынша ұйымдастыру шаралары өткізілді. Жүйемен жұмыс істеу үшін жаңа жабдықтар орнатылып, “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ қызметкерлері серверлерді реттеу және бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату жұмыстарын жүргізді, – деді.
Аталмыш мекеме басшысы Гүлнәр Арықбаеваның айтуынша, электрондық оқыту жүйесіне енгізілген мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, мұғалімдер, оқушылар үшін бағдарламалық қамтамасыз етудің аясы кеңейтілген. Ата-аналардың тәрбие мәселелері бойынша маман кеңестері мен баласының жетістіктері туралы ақпараттық хабарлама алуына, оқушылардың сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімдерін, сабақ кестесін, үй тапсырмаларының берілуін бақылауларына мүмкіндіктер қарастырылған. Үстіміздегі жылы электрондық оқыту жүйесіне қосылу жалғасатын болады. Биыл облысымыздың 35 білім беру ұйымында электрондық оқыту жүйесін енгізу жоспарлануда.