«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИГОРЬ ХАТЬКОВҚА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда Кеңес Одағының Батыры И.М. Бережной атындағы Келлеровка орта мектебінің ғимаратына Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Игорь Хатьковтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.  

Ементай АМАНЖОЛОВ,

Келлеровка орта мектебінің география пәні мұғалімі.

Салтанатты жиын Ауған соғысында қаза болған жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алудан басталды. Ескерткіш тақтаны ашу құрметі интернационалист-жауынгерлердің аудандық қоғамының төрағасы Рашид Болтычев пен 11-сынып оқушысы Инна Фрольға берілді.

 

Игорь Хатьков 1962 жылы 14 шілдеде Көкшетау облысының Келлер ауданына қарасты Краснополян ауылында дүниеге келді. 1970-1978 жылдары Келлеровка орта мектебінде оқыды. Орта мектепті бітіргеннен кейін Щучье қаласындағы жүргізушілер даярлайтын авто-мектепті аяқтады. Әскер қатарына шақырылғанға дейін Келлеровка автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып жұмыс істеді. 1983 жылы қазан айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Әскери азаматтық міндетін Ауғанстанда өтеді. 1983 жылы 29 қаңтарда болған кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Келлер өңірінен Ауған соғысында 2 жауынгер мерт болды. Олар: Игорь Хатьков пен Же ңіс Балтынов. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды және жүрегімізде мәңгі сақталады.

Жеңіс Балтынов 1965 жылы Рощинское ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Ауғанстанның шалғай ауданында орналасқан қышлақта әскери маңызды тапсырма орындау барысында ерлікпен қаза болды. Ол жауынгерлік ерлігі үшін “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталған.

Ескерткіш тақтаны ашуға арналған салтанатты жиын кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 24 жыл толуына орай “Ауғанның от-жалыны” атты мектеп оқушылары дайындаған кешке ұласты. Салтанатты іс-шараны ұйымдастыруға аталмыш мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Мәрлен Есенеев, мектептің ұстаздары Жомарт Боранбаев пен Татьяна Зилинская және мектеп оқушылары өз үлестерін қосты.

Бүгінде Келлер ауылдық округінде тұратын интернационалист-жауынгерлер Сергей Шевчук, Бақыт Әбуов, Андрей Шиленко, Сергей Лукьянчик, Гарник Азизбекян бейбіт өмірде өз еңбектерімен көрініп жүр. Міне, кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 24 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер, бүгінгі бейбіт өмірдің ерен еңбеккерлері соғыс зардабының жарасынан әлі айыға алмай келеді. Ауғанстанда өз борышын өтеп жүргенде ерлікпен қаза болған жерлестерімізді ұмытпай қастерлеу, жас ұрпаққа олардың ерліктерін үлгі ету – біздің парызымыз.

Тайынша ауданы,

Келлер ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp