«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АТАМЕКЕН ОДАҒЫ” БИЗНЕСКЕ ҚОЛДАУ ЖАСАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады” деп атап көрсетті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында. Ұлттық экономиканың өкілдері қолдау көрсетуді қажет етеді. Бұл ретте оларға “Атамекен одағы” қол ұшын бере алады.

Осыған орай біз “Атамекен одағы” Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасы облыстық филиалының директоры Елена Виссарованы әңгімеге тарттық.

– Елена Михайловна, “Атамекен одағы” Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасының жұмысы туралы айтып берсеңіз, оның құрамына кімдер енеді?

 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылы “Атамекен одағы” Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасы құрылды. Ондағы мақсат – Қазақстанның экономикасын әлемнің үздік дамыған елдерінің деңгейіне жеткізу болып табылады.

Бұл үшін қолайлы іскерлік ахуал тудырып, бизнестегі әкімшілік бөгесіндердің барлық түрлерін жойып, экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту қажет. Осы орайда “Атамекеннің” коммерциялық ұйым болып табылмайтынын, демек, біз пайда алуды көздемейтінімізді, мүшелеріміздің жарналарының есебінен табыс табатынымызды айтуға тиіспін.

“Атамекен одағының” негізгі міндеті – бизнесті қорғау, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті дамыту, түрлі заң актілеріне өзгерістер енгізу.

Одаққа заңды тұлғалар мен салалық қауымдастықтар, өңірлік бірлестіктер кіреді де, олар шағын, орта және ірі бизнес кәсіпкерлерін біріктіреді.

– Елбасымыз аталған Жолдауында Үкіметке “Атамекен одағымен” бірлесе отырып, “Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы” туралы заң жобасын жасауды тапсырды. Бұл бағытта қандай жұмыс тындырдыңыздар?

– Үкімет “Атамекен одағымен” бірге Кәсіп-керлердің Ұлттық палатасына міндетті түрдегі мүшеліктің моделін жасады. Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы Үкіметтің сенімді және білікті әріптесі болады. Осыған орай “Атамекен одағы” салалық және өңірлік бизнес-бірлестіктердің ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, елеулі жұмыс тындырды. Біз бүкіл бизнесті біріктіретін құрылым жасауымыз керек. Ол жа-риялы, сайланбалы болады және мемлекеттік органдар қызметтерінің бір бөлігін иеленеді. 2013 жылы бізде елеулі реформалау болады – Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы құрылады. Жасалып жатқан заң жекеменшік кәсіпкерліктің барлық субъектілерінің Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасына міндетті түрде мүшелікке кіруін қарастырады. Қазақстанда 750 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері бар, соның ішінде ірі және орташа компаниялар 10 мыңдай болады.

– Біздің өңірімізде “Атамекен одағының” жанында “Кәсіпкерлер кеңесі”, облыстық прокуратураның жанында “Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес” құрылып, жұмыс істеуде. Кәсіпкерлер қандай жағдайларда бұлардың жәрдеміне сүйене алады?

– 2012 жылдың соңында “Атамекен одағының” жанында “Кәсіпкерлер кеңесі” құрылып, оған белсенді кәсіпкерлер кірді.

Облыс прокуратурасы жанында “Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес” құрылып, оның құрамына “Атамекен” және басқа да үкіметтік емес ұйымдар кіріп, облыс прокуроры басшылық жасайтын болды.

– 2013 жылы сіздің филиалдың бастамасымен өңірімізде энергиямен жабдықтау саласында түйінді мәселелерді шешу бойынша жұмыс тобы құрылған еді. Оның жұмысы туралы толығырақ айтсаңыз?

– 2013 жылдың басында осындай жұмыс тобы құрылды. Оған “Атамекеннің”, “Нұр Отан” партиясының, энергияны қадағалау комитетінің, монополияға қарсы комитеттің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, сондай-ақ энергетика компаниялары кірді. Энергетика компаниялары кейбір мәселелер бойынша көмек сұрағандарға қол ұшын берді. Осы ретте мен кәсіпкерлерге қиын түйіндерге тап болсаңыздар, хабарласуларыңызға болады дегім келеді.

– Ақпан айында біздің өңірімізде бәрінің алды болып “СҚО қоғамдық бақылауы” коалициясы құрылды. Оған үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде “Атамекен” кірді. Сондай-ақ біздің өңіріміздің әкімі мен коалиция меморандумға қол қойды. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Иә, біздің өңірде осындай коалиция құрылды. Оның міндеті азаматтарды және үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық бақылау үдерісіне тарта отырып, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады. Оның алдына бірнеше міндеттер қойылды. Олар: үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік билік органдарының арасында тиімді үн қатысуды қалыптастыру; әлеуметтік маңызды бюджеттік бағдарламаларды жасауға қатысу; бекітілуге дейін бюджеттік бағдарламалардың жобаларының қоғамдық сарабын жасауға қатысу; бағдарламаларды жүзеге асыру мониторингін жүргізу, олардың әлеуметтік тиімділігін бағалау; коалиция жасаған ұсыныстарды, баяндамаларды және басқа да құжаттарды мемлекеттік билік органдарына тапсыру, жұртшылыққа таныстыру; ағарту және түсінік жұмыстарын жүргізу; қолданыстағы заңнамаларға сараптама жасау, оларды одан әрі жетілдіру үшін ұсыныстар енгізу; әлеуметтік бағдарланған бағдарламалардың тиімділігі мен мақсаткерлігін талқылау бойынша қоғамдық тыңдаулар мен дебаттар өткізу; мемлекеттік органдардың қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету және ілгері бастыру саласында қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың тиімді ынтымақтастығын қалыптастыру.

– “Атамекен одағы” кәсіпкерлердің құқығын қорғауына байланысты бизнес өкілдері сіздермен қарым-қатынас жасап тұрады. Бұл қарым-қатынастар қандай мәселелерге негізделеді? Шағын, орта және ірі бизнестің қайсысы жиі хабарласады?

– Негізінен шағын бизнес өкілдері жиі қарым-қатынас жасайды. Бұл бизнес – ең қорғалмаған кәсіпкерлік. Олардың штаттарында заңгерлер, қаржыгерлер, есепшілер, тауарды өткізу бойынша менеджерлер жоқ.

Кейбір кәсіпкерлер қазір жүзеге асырылып жүрген және бизнеске көмек көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы білмейді. Мәселен, “Бизнестің жол картасы – 2020” туралы айтуға болады. Кәсіпкер 14 пайызға дейін кредит ала алады. Ол кредиттің 7 пайызын төлейді, қалған жартысын мемлекет өтейді.

Шалғайдағы елді мекендерде тұратын кәсіпкерлердің кредит алуы қиындық тудырады. Мысалы, кейбір елді мекендер облыс орталығынан 400 шақырымдай жерде орналасқан. Кәсіпкер облыс орталығына бірнеше рет келсе, қанша шығынданатынын ойлай беріңіз.

Энергиямен жабдықтау біздің өңірімізде күрделі проблеманың бірі болып отыр. Сондықтан оны өңір басшылығының, бақылаушы органдардың қатысуымен түзетулер енгізе отырып, шешуге ұмтыламыз.

Әрбір бейсенбі сайын біздің филиалда облыстық прокуратураның өкілінің қатысуымен қоғамдық қабылдау жұмыс істейді. Оның көмегіне кез келген кәсіпкер жүгіне алады. 50-24-51, 50-29-79 сенім телефондары, 36-11-06 факс жұмыс істейді.

“Атамекен одағы” Петропавл қаласы, Ы.Алтынсарин көшесі, 168 “Б” мекенжайында, 306-бөлмеде орналасқан, e-mail: skoatameken@mail. ru.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp