«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИІККЕ ҰМТЫЛҒАН “БАРЫС” “Қызмет көрсетуші үздік кәсіпорын” атағына ие

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Еңбекқор жанның өзіне деген сенімділігі оны биік мақсаттарға жетелейді. Оған “Барыс” арнайы агенттігі” ЖШС-нің директоры әрі құрылтайшысы Әнуар Шайхиденмен жолыққан кезде тағы бір көз жеткіздік.

– “Екпей егін бітпес, үйренбей білім бітпес” дейді қазақ мақалы. Мен бала күннен еңбектің қазанында қайнап өстім. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне түскен алғашқы жылдан-ақ онда оқи жүріп, күнделікті тіршіліктің тиын-тебенін өзім табуға тырыстым. 1994 жылы аталмыш университетті бітірген соң өмірлік мақсаттарым мені бизнестің әртүрлі тетігін басып көруге итермеледі. Онда мен өзімді қызықтыратын, сүйіспеншілігімді оятатын кәсіпті іздедім. Қаржы жинадым. Таптым. Ол күзет қызметі саласы болды. Сөйтіп, 1999 жылы желтоқсан айында құрамына жиырма адам топтасқан “Барыс” арнайы агенттігін” құрдым. Нарықта өз қызметімізді үйлестіріп келе жатқан 13 жыл ішінде айтулы межелерге жеттік. Алға қойған міндеттерімізді сабырлықпен, саналықпен, өлшеммен, біліктілікпен орындаудың жолдарына машықтандық, – деген Әнуар Жұмашұлының сөзінде өз ісін білетін жігерлі адамның ойы жатты. Бүгінде 550 адамды жұмыспен қамтып, бірнеше нысанда күзет қызметтерін ұйымдастырып отырған аталмыш серіктестік туралы ел арасында оң пікір қалыптасқан. Сондай-ақ өз қызметін сапалы атқарып отырған ұжым түрлі байқаулар мен көрмелерде жоғары бағаға ие болып жүр. Соның ішінде “Қызмет көрсетуші үздік кәсіпорын” аталымы бойынша “Барыс” арнайы агенттігі” ЖШС-іне ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімовтің Алғыс хаты табыс етілді.

 

Өз қызметін Қазақстанның түкпір-түкпірінда атқарып, қанатын кең жая бастаған кәсіпорында қызмет түрлері де, олардың қызметтерін пайдаланушылардың қатары да күн санап көбеюде. Әлбетте, сапалы жұмыспен өз міндеттерін абыройлы орындай білген серіктестіктің көздеген мақсаты да осы. Ол өңіріміздегі шағын кәсіпкерліктерден бастап Оңтүстік-Орал темір жол торабы мен Петропавл автобекетіне дейін, тіпті, елдің түкпіріндегі Атырау мен Ақтау облыстарындағы ірі компанияларға күзет қызметтерін көрсетіп, өз тұтынушыларының алдында үлкен сенімнен шығып отыр.

– “Ақ жүрген адам азбас” дегендей, бизнесте адал болып, өзіңнің айналаңда адамдық қасиеттері мол жандарды шоғырландыра білсең, ісіңнің өрге баспауы мүмкін емес. Кез келген шарт екі жаққа да ұтымды жасалуы керек. Адалдық – бизнестің басты шарты. Біреуге зиян келтіріп, табыс таба алмайсың. Біреуге жасалған қиянаттың ақыры жақсылыққа апармайды. Қашанда Құдайдың қаһарынан қорқу керек. Алайда, бизнесте ашықауыз да болмау керек. Ол үшін, әрине, біліктілік пен талаптың тізгінін қатар ұстасаңыз болғаны, – деп Әнуар Жұмашұлы кәсіпкерліктегі басты ұстанымын жеткізді.

Діндарлықтың жолын таңдап, қажылық парызын орындаған адам үшін адалдық ниеттің бәрінен жоғары тұруы таңғаларлық емес. Дегенмен, өзі басқарып отырған мекемеде сыйластық пен сыпайылық, түсіністік пен жанашырлық орта қалыптастыруды көздеген басшы бұл мақсатына жеткен.

– Біздің ұжымдағы басты талап – сыйластық. Біз бір-бірімізге артық ауыз сөз айтудан, балағаттау немесе дауыс көтеруден аулақпыз. Адам – өзін сыйлағанның құлы. Тіл табысқан ортада еңбек етудің өзі қуаныш, – дейді басшы.

Қарамағындағыларға жылы орта мен еңбек етуге жағдай жасалса, ол – жұмыс берушінің мерейі. Әнуар Жұмашұлы мекемесінің табалдырығын аттаған әр қызметкерге жұмыс барысында үлкен талап қоюмен қатар, жақсы еңбеккерлердің өз қарамағында тұрақтап қалуы үшін жанталасады. Мысалы, оның айтуынша серіктестік 2006 жылдың соңына дейін облыс орталығындағы ойын-сауық клубтарында күзет қызметін атқарған. Бұл басшы үшін де, оның қоластындағылар үшін де оңай шаруа емес.

– Ол жерлерде ертелі-кеш даңғырлаған музыка ойнап тұрады. Оның үстіне онда ішімдік ішетін адамдар көп жиналады. Осы нысандарда күзет атқаратын қызметкерлерімнің жүйкесі тоза бастағандығын аңғардым. Олар жұмыстан кейін шаршап, үйлеріне барған кезде өз қалыптарына түсе алмай, отбасылық мәселелерді ауыр қабылдайтындай көрінді. Өйткені, жұмыстан шығуға өтініш білдіретіндер қатары жиілеп кетті. Ондай орындар жақсы табыс көзі болғанымен, ұжымдағы адамдардың жайын ойлап, олармен келісімшарттарды бұздық, – деген ол қызметкерлердің мүд-десімен санасатынын да білдірді.

Жұмыста ерекшеленген қызметкерлерге сый-сияпат жасап, олардың еңбегін басқаларға үлгі ету – әкімшіліктің ынталандыру шарасы. Сондай-ақ мұнда мереке күндері мен демалыс уақыттарында жұмысбасты болған қызметкерлерге еселенген жалақы төленеді.

– Біздің мақсатымыз – жұмы-сымызды сапалы ұйымдастыру. Жоспарлы, тиянақты іс абырой мен беделді өзі қалыптастырады. Сондықтан болар, бүгінде агенттікте бес жүзден астам адам еңбек етеді. Бұл – әрбір жұмыс орнының ашылуы агенттікке сенім артқан клиенттің, жаңа нысанның пайда болғандығын білдіреді. Серіктестіктің тұтынушылар қатары күн санап өсіп келеді, – деді Әнуар Жұмашұлы.

Бүгінгі нарық бәсекелестігінде жақсы жоспарланған кәсіпкерлік қана бизнестің ағынында еркін жүзе алады. Кәсіпкерліктің тізгінін нық ұстай білу біліктілік пен ізденісті талап етеді. Оның үстіне соңғы жылдары орта және шағын кәсіпкерлікке көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау олардың аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен мүмкіндік жасап отыр. Өз ісіне сүйіспеншілікпен, еңбекқорлықпен қарайтын адам ғана кәсіпкерліктің жолында кездескен кез келген қиындықты жеңе алады. Әрине, бұған Әнуар Жұмашұлымен әңгімелескен кезде тағы бір көз жеткіздік.

– Менің мамандығым – заңгер. Бірақ бүгінгі кәсіпкерлікке бет алуым аяқастынан қабылданған шешім емес. Мен өзімнің бизнеске жақындығымды, ұйымдастырушылық қабілетімді талай сынға салып көрдім. Бүгінгі жетістігім бұл таңдауымның орынды болғанын айғақтайды. Ал бизнесті ұтымды ету жолында талай талаптар мен қиындықтар жолықты. Оларды жеңе білдік, – дейді кейіпкерім.

Біздің өңірде үлкенді-кішілі 59 күзет агенттігі бар. Солардың ішінде “Барыс” ЖШС-і қызметкерлер санымен де, техникалық жабдығымен де ерекшеленеді. Алғашқы құрылған күннен бастап күзетшілердің киіміне, жүріс-тұрыстарына, астарына мінген көліктеріне дейін үлкен талғаммен үйлестіріп отырған басшыдан бизнес ортаны бағалайтын адамның қолтаңбасы байқалады.

– Біз өз қызметімізге керекті құрал-жабдықтарды таңдаған кезде оның бағасына ғана емес, сапасына да үлкен мән береміз. Мәселен, біздегі қорғағыш кеудешелер мен бас киімдерді Оңтүстік Африка Республикасынан алдырдым. Басқа әріптестеріміздің үстеріне киіп жүрген қорғағыш кеудешелері 9 кило болса, біздікі 3 кило ғана. Бұл, әрине, бірінші кезекте оны киетін күзетшінің жағдайын ойлаудан туды. Қару-жарақтар да заманауи, – дей келіп, ол серіктестіктің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отыратынын жеткізді. Былтырдан бастап олар қатынас көлігіне мотоциклді қосып, жылқы да мінуді ұйғарған. Ал мұндай жаңалықтарды басқа агенттіктер әлі қолға ала қойған жоқ.

Қызметкерлер жақсы формада болу үшін кеңсенің спорт залына қажетті барлық жабдықтар сатылып алынған. Сапалы қызметтер көрсетуді әріден ойластырған агенттіктің орын алған қылмыстың ізін оңай кесетін иісшіл иттерді жұмысқа қоспауы мүмкін емес. Оларда немістің 12 овчаркасы бар. Ал күзет қызметіндегі басты тұлға – кадрдың қалай таңдалатындығына келетін болсақ, басшы:

– Кеңсеміздің табалдырығын аттаған әр адамды дене бітімі мен қабілетіне қарай сынаймыз. Әрине, жұмыс сұрай келген адамға мүмкіндік беруге тырысамыз. Адамның жұмысқа деген зор ынтасы болса құптарлық. Ал ішімдікке жақын адам маңайымызға да жуытылмайды. Өйткені, күзет – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Қызметке қабылданған әрбір адам 14 күндік дайындықтан, біліктілігін арттыру курсынан өтеді. Оларға өз есебінен арнайы күзетшінің киімкешегі тігіліп беріледі. Ал жұмыстан кейін олардың қауіпсіздігі үшін үйлеріне жеткізіп салу – агенттіктің дағдылы әрекеті, – дейді.

Серіктестік техникалық жаңғырту үшін қаржы институттарының несиелерін пайдаланады. Соңғы жылдары серіктестік “АТФ Банк” АҚ-ның өңірлік филиалымен қоян-қолтық жұмыс істеуде.

Әнуар Шайхиден – табиғатынан жаңашылдыққа құмар жан. “Өз кәсібіңді жақсы көру бар да, оны заман ағымына қарай ілестіре білу бар”, – деп түсінетін ол әр таңның ізденіс пен жаңашылдықтан басталуы қажеттігін айтады. Сондықтан шетелдік тәжірибеге, ондағы техникалық жаңалықтарға құлағын қашанда түріп жүреді. 2010 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Әбу-Дәбиде, 2011 жылы Катар мемлекетінде болған халықаралық көрмелерге қатысып, әр елдің күзет саласындағы жаңалықтарын, техникалық жетістіктерін көріп, біраз мағлұмат алып қайтыпты.

Өңіріміздегі күзет агенттіктерінің қатары қалың, бірақ солардың ішінде басқалардан көш ілгері жүрген серіктестіктің бүгінгі жақсы нәтижелерге қол жеткізуінің басты ерекшелігі – олардың заманауи қызмет көрсете білуінде. Осы орайда кәсіпкерден бәсекелестікті қалай түсінетіндігін сұрадым.

– Бәсекелестік бар жерде жұмыс сапасы бар. Бірақ облысымыздағы күзет агенттіктерінің біразына мен әріптес ретінде қарамаймын. Олардың басшыларының ішіндегі ең жасы менмін. Кезінде өз кәсіпкерлігімді құрған кезде талай рет олардың алдына барып, ақыл-кеңес сұрадым. Сондықтан оларға “бәсекелестер” дегеннен көрі, “әріптестер” дегенім жөн болар. Олардың қатарындағы “Зубр”, “Боец”, “Шериф” cияқты күзет агенттіктерінің жұмыстарына мен қашанда үлкен баға беремін, – дей келіп сөзін кәсіпорындағы соңғы жаңалықты баяндаумен жалғастырды: “Біз күзет қызметінің тағы бір түрін өңірде бірінші болып қолға алғалы отырмыз. Ол пәтер күзеті болады”, – деді. Шындығында бізде көпқабатты тұрғын үйлердің 1 пайызынан төмені ғана күзетке жүгінеді екен. Статистика пәтер тонау қылмысының көп екендігін көрсетеді. Әрине, адамдардың жылдар бойы адал еңбекпен жинаған байлығын ұрылар бір күнде жоқ қылып жатса, өкінішті-ақ. Сондықтан тұрғындардың тыныш өмірін ойлаған олар бұл бағытты да жіті қадағалауға алуды ұйғарыпты. Олар тұрғын үйге орнатылған қондырғы арқылы кімнің шыққанын, кімнің кіргенін біліп отырады. Дабыл қағылса, қорғаушылар сол мезетте аттарына қонады. Кәсіпорын ондай қондырғының бірнеше жүздеген данасын жақында шетелден алдырған.

– Мұнда, тіпті, отбасының әр мүшесінің кілтінде жеке белгі болады. Сондықтан үйге кімнің кіргені оңай анықталады. Ал егер үйдегі жас бала есікті ашып, сыртқа шығып кетсе, сол бойда күзетші қызметі келіп, баланың басына төнген қиындықтың жолын кеседі, – деген ол бұл құрылғының пайдасы өте зор екендігін айтады. Бір сөзбен айтсақ, облыс орталығында 86 мың пәтер болса, оның 14 мыңы жекеменшік секторы, ал 55 мыңы пәтер иелері кооперативіне қарайды екен. Осындай құрылғыны орнатып алған отбасы түнде қамсыз ұйықтап, күндіз жайбарақат жүре алады.

– Жақсы жұмыс істегендерге құрметпен қараймыз. Оларды сыйақымен ынталандырып тұрамыз. Еңбекті құрметтеудің басқа жолдарын да енгіздік. Мәселен, бізде он жыл бойы жұмыс істеген Василий Колесниковке шетелге саяхат жасауға жолдама беріп едік, ол одан бас тартып, сыйлығын ақшалай алды. Қызметкерлердің бізде тұрақтап қалуы үшін әр жылғы еңбек өтілі үшін жыл сайын жалақысын үш пайызға үстемелеп отырамыз, – деп өздерінде еңбекке жасалатын құрметті сөз етті.

Күзет ер адамға тән мамандық сияқты көрінгенімен, соңғы кезде күзеттің киімін киіп алған қыз-келіншектерді көрсек, таңғалмайтын болдық. “Барыс” арнайы агенттігіндегі қызметкерлердің 8,6 пайызы – нәзік жандар. Басшының айтуынша, қыз-келіншектер өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен, шыдамдылықпен, ұқыптылықпен қарайды екен. Олар артық іс-әрекеттерге бара бермейді, жұмыс басында тәртіпті қатаң сақтайды. Сондай-ақ бұл мекемеге бұрын ішкі істер қызметінде еңбек еткен зейнеткерлер де жиі бас сұғады. “Еңбекке әлі жарамды маманның біліктілігін пайдаланбау ағаттық болар”, – дейді ол. Сондай-ақ агенттікте тәжірибе жинаған күзетшілер кейін ішкі істер органына ауысып жатады. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұрын жұмыс уақытында 9 кило анашамен қылмыскерді оңай қолға түсірген Арман Рамазанов бүгінде жергілікті тәртіп сақшыларының қатарында. Ішімдікке жол берілмейтіндіктен, мұндағы қызметкерлердің басым бөлігі саламатты өмір салтына көшкен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp