«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРГІЛІКТІ ҮЙРЕК ТҰҚЫМЫ “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-де шығарылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақан ЖҰНЫСОВ,

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік

шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының

жетекші ғылыми қызметкері, ғылым кандидаты, профессор.

“Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-нің негізгі өндірістік бағыты тауық жұмыртқаларын өндіру, тәуліктік қаз, тауық, үйрек, күркетауық балапандарын шығарып, солтүстік өңірдің тұрғындары мен әртүрлі шаруашылық субъектілерін қамтамасыз ету болып табылады.

Серіктестікте тауықтың жұмыртқалағыштық бағыттағы “Радонит-2”, “Ақ түсті хайсекс” кросстары, қаздардың қытай және итальян тұқымдары, үйректердің “Медеу” және “Бескөлдік түрлі түсті” кросстары, мәскеулік, израильдік күркетауық тұқымдары өсіріледі.

 

Құс тұқымдарын асылдандыру мен сұрыптама жұмыстарын жоғары деңгейге көтеру үшін фабрика мамандары Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылымизерттеу институтының (СҚМ және ӨШҒЗИ) ғалымдарымен бірлесе отырып, құс тұқымдарының генетикалық қорын жасады. Соның нәтижесінде елімізде жергілікті үйректің “Бескөлдік түрлі түсті” кроссы шығарылды. Олар жергілікті жердің ауа райына бейімделгіштігімен, жас құстардың жоғары сақталы-нымымен, ағзадағы іш майы мөлшерінің төмендігімен, өсім салмағының әр бірлігіне жемазықтың аз жұмсалатындығымен ерекшеленеді. Осы ерекшеліктерімен жаңа кросстың құстары жалғыз Қызыл-жар өңірі ғана емес, Қазақстанның басқа облыстарындағы құс өсірушілердің үлкен сұранысына ие болуда.

Осы орайда жүргізіліп жатқан жұмыстардың басы-қасында болып, мамандар мен ғалымдардың тұқым асылдандыруына және сұрыптама жұмыстарына қажетті жағдайларды жасаған “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-нің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Ерік Біләловтің еңбегін атап айтқан жөн. Ол – ғылым мен өндірісті білікті ұйымдастыра білетін басшы. Ерік Сұлтанғазыұлы құс шаруашылығы технологиясы, азықтандыру мен сұрыптама салаларындағы ғылыми-тәжірибелік жаңалықтарды жіті қадағалап, оларды өндіріске енгізуге зор үлес қосты. Осынау ауқымды жұмысқа Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Қанат Мыңжасовтың, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Аяз Рамазановтың ғылыми-әдістемелік көмек көрсетіп, жергілікті отандық тұқым алуға басшылық жасағанын ризашылық сезіммен атауға болады. Сонымен ҚР Әділет министрлігі “СҚМ және ӨШҒЗИ” ғалымдары Қ.Ы.Мыңжасовты, А.Ү.Рамазановты, А.Е.Жұнысовты, Г.А.Темірбекованы және “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС директоры Е.С.Біләловті жергілікті үйрек тұқымының авторлары ретінде айғақтады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жергілікті тауық кросстары жоқ. Сондықтан еліміздің құс шаруашылықтары тұқымдық жұмыртқалар мен тәуліктік балапан

Дарды алыс және жақын шетелдерден жоғары бағамен валютаға алуға мәжбүр. Оның үстіне шетелден әкелінетін құстармен бірге әртүрлі індеттердің келу қаупі бар (мысалы, құс тұмауы). Осы себептен жергілікті құс кросстарын шығару құс өсіру саласындағы ғалымдар мен мамандардың алдындағы бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Осы мақсатта биылғы жылы “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-де ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Қадір Молдажановтың басшылығымен жұмыртқа бағытында үш тізбекті аутосекстық тауық кроссын жасау жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмысты үшжақты келісім бойынша Қазақ мал шаруашылығы және азық өндіру ҒЗИ-ның, “СҚМ және ӨШҒЗИ”-ның, “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-нің мамандары мен ғалымдары бірлесе жүргізеді.

Аталмыш кәсіпорын тектен-текке таңдап алынған жоқ. Фабрика қалдықсыз технология бойынша жұмыс істейді. Онда ет-сүйек ұнын, жұмыртқа ұнтағын, өсімдік майын шығаратын цехтар бар. Шаруашылық құс басын өз жемазығымен қамтамасыз етеді. ЖШС-нің қосалқы шаруашылығында бидайдан басқа арпа, сұлы, бұршақ, рапс сияқты дақылдар өсіріледі. 2008 жылы өндіріс орнында өнімділігі сағатына 5 тоннаны құрайтын құрама жемазық зауыты іске қосылды.

Қазіргі уақытта заман талабына орай құс қораларындағы ескі технологиялық құрылғылар экономикалық жағынан тиімді испаниялық жабдықтармен өндірісті тоқтатпай алмастырылуда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp