Шолпан САДЫҚОВА,
ардагер ұстаз.
19-шы шағын аудандағы қазақ-мектеп гимназиясында жуырда мектепішілік ата-аналар жиналысы жаңаша серпінмен өтті. Балалардың дайындаған концерті жиналғандарды көңілдендірмей қоймады. Оқушылардың олимпиадаларда жеткен жетістіктері, әр сабақтан алған үздік бағалары, шыңға көтерілген жетістіктері туралы ата-аналары интерактивті тақтадан көріп білді. Ата-аналар мен ұстаздардың тәрбие жұмысын бірге атқару керектігі, мектеп жұмысы заманға сай болуы қажеттігі осы жиналыста тағы бір айтылды.
Мектеп директоры Гүлжан Жақанованың айтуынша, термешілер, ақындық өнер, ән, би үйірмелері, домбырашылар оркестрі жұмыс істейді, ұстаздар жаңа технологиялармен сабақ береді. Тарихшы ұстаз Зәуреш Шәкенова “Елбасы Жолдауы – ел дамуының жаңа кезеңі” тақырыбында баяндама жасап, өздерінің Жолдауды орындауға атсалысатындарын айтты.
Жиналыста сөз алған ата-аналар, пән мұғалімдері, мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Қарлығаш Такишева, ардагерлер кеңесінің мүшесі – осы жолдардың авторы ата-аналармен пікір алысып, әңгімелесті. Жиналыс жақсы отырыстай өтті. Жұмысты қорытындылаған мектеп директоры Гүлжан Шәмілқызы ата-аналардың мектепке жиі қатынауларын сұрады.
Петропавл қаласы.