«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢДАУШЫ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН “Есіл” оркестрі – мүшел жаста

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр өңірдің өз мақтанышы бар. Мәдениет саласында өшпес із қалдырып, ұлттық рухымызхды көтеруге өз үлесін қосып келе жатқан “Есіл” қазақ халық аспаптары оркестрі – облысымыздың беткеұстар өнер ұжымдарының бірі. Биыл оркестр өзінің 13 жылдығын үлкен концерпен атап өтпек.

Кез келген оркестрдің тынысын дирижер ашады. Алдындағы шығарманың ноталық үлгісін бойына сіңіру, әуен ырғақтарын жадына түю, соны оркестр үнімен үндестіре білу – дирижердің негізгі мақсаты. Қайырлы Ғафуров осы қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол шығарманың ендігі тағдыры дирижердің қолында екенін жете түсінетін жан. Бұл жұмысымен күнделікті айналысып, дирижерлік еткенде шығарманың құрылыс бітімін, әуез-үнін бойға сіңіріп, оны тыңдарманға жеткізе білу жолында аянбай тер төгеді.

 

Әңгімемді дирижерден бастауым тегін емес. Қайырлы Ғафуров аталмыш оркестрге үш жылдан бері жетекшілік етіп, ұжымның өнер әлемінен лайықты орын алуына бар күш-жігерін сарп етуде десек, артық айтқандығымыз емес.

Қазір бұл ұжымда 41 өнер иесі еңбектенуде. Құрылғанынан бері өнерсүйер қауымның ұлттық мәдениеттен сусындауына атсалысып отырған оркестрде үзбей қызмет етіп келе жатқан таланттар бар. Мәселен, Қайырлы Ғафуровтың өзі, Шайтас Айтбаева, Назгүл Маштақова мен Жанар Мұқатаева оркестр құрамында 13 жыл бойы өнер көрсетуде. Кейінгі жылдары қатарға қосылғандар арасында өнер жолына жаңадан аяқ басқандары аз емес. Қайырлы Ғафуровтың айтуынша, оркестрге мүше жастардың барлығы жеке-дара талантымен ерекшеленеді, олар арнайы жолдамамен емес, өздері жұмыс іздеп келген.

“Есіл” қазақ халық аспаптары оркестрінің репертуары бай. Жылына екі-үш бағдарлама дайындалып, облыс деңгейіндегі түрлі мерекелік шараларға үзбей қатысу “есілдіктердің” дәстүріне айналған. Мәселен, оркестрдің он жылдығында үлкен концерт беріліп, ұжым өз репертуарындағы ең таңдаулы шығармаларын сахналаған. Кештерге өзге қалалардың мәдениет ұжымдары мен өнер иелерін шақыру бойынша да жақсы үрдіс қалыптасыпты. Осындай бір концерттердің бірінде белгілі композитор Айтқали Жайымов аталмыш оркестрге Сегіз серінің есімін беру жөнінде ұсыныс тастаған. Ел бойынша ұлттық мәдениетті жаңғыртушы өнер ұжымдарының бәрін тарихта өшпес ізі қалған тұлғалардың есімімен атау – бұрыннан бар дәстүр. Ал Сегіз сері болса, өзіміздің жерлесіміз. Оның жан-жақтылығы, өнерпаздығы бүкіл қазаққа аян. “Неге осындай ұлы бабамыздың есімімен өнер көрсетпеске деген ой бәріміздің көңілімізде жүр”, – дейді оркестр дирижері. Әрі “есілдіктер” республика көлеміндегі түрлі іс-шараларға жиі қатысады. Оркестр Ақтөбеде өткен “Жұбанов көктемі” атты өнер додасында үшінші орынды иеленіп, солтүстікқазақстандықтардың мәртебесін өсірген-ді. Оркестр мүшелері Астанада өткен облыстардың Мәдениет күндерінде де елордалықтардың қошеметіне бөленіп, мерейі үстем болды.

“Есіл” күй орындаған кезде қазақтың кең-байтақ даласы көз алдыңнен өткендей болады. Шабытты шығармалар орындалған сәтте жан тебіренеді. Сондықтан тыңдарманның сұранысына сай болу мақсатында әр концерттік бағдарламаға күйлер енгізіліп, оларды әсерлі орындау үшін жанжақты әзірлік жүргізіледі. “Есіл” оркестрінің 13 жылдығына орай 25 ақпанда Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтетін кеш бағдарламасына да Құрманғазы, Қаршыға Ахмедияров, Тәттімбеттің туындылары енгізіліп отыр. Сегіз серінің есімін беруге арналған концертке жан-жақтан өнер иелері мен ұжымдары келеді деп күтілуде. Дәулеткерей Кәпұлы, Рахымжан Отарбаев сынды мәдениет қайраткерлері де қатысады деп жоспарланған. Бұрын “Есілдің” құрамында өнер көрсеткен, бүгінде Алматыда білім алып жүрген облысымызға танымал күйші Әсет Әбдірахманов та қатысады бұл кешке. Сондай-ақ кеште тыңдармандар Алматыдағы консерваториядан Мақсат Мақұлбеков, Нәдия Нәденова, Ермек Бірімжанов сынды жастардың өнерін тамашалайтын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp