«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛА ТУҒАН СӘБИЛЕР ҮШІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық перинаталдық орталықта шала туған балаларды оңалтуға арналған медициналық жабдықтарды тапсыру рәсімі өтті. Аса бағалы жабдықтарды республикалық “Аяла” қайырымдылық қоры табыстады.  

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Енді айы, күні жетпей туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға жаңа мүмкіндік пайда болды. Аталмыш жабдықтың құны 15 миллион теңгеден астам. Перзентхананың жансақтау бөліміне орнатылып, іске қосылған жабдық шала туған нәрестенің өмірін сақтауға қажетті бірнеше құрылғылардан тұрады. Қордың көмегімен мұндай жабдықтар жалғыз біздің облыс орталығына емес, сондай-ақ Алматы, Өскемен, Семей, Қарағанды, Тараз және Атырау қалаларының перзентханаларына тапсырылған.

 

“Тыныс ал, балақай” жобасының аясында өткізіліп отырған аталмыш шара одан әрі жалғасын таба бермек. Келесі кезекте – Көкшетау қаласы. Жоба 2009 жылы “Аяла” қайырымдылық қоры тарапынан бастау алып, 2011 жылдың наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігі ынтымақтастық және ықпалдастық жайлы меморандумға қол қойды. Осы меморандум шеңберінде “Тыныс ал, балақай” жобасы мемлекеттік деңгейдегі жоба болып қабылданды. Аталмыш жобаға отандық медицинаның жағдайына бейжай қарамайтын адамдарды қатысуға шақырған “Аяла” қайырымдылық қорының өкілдері Билайн желісінің 1452 нөміріне смс жолдау (смс құны 100 теңге) арқылы да көмек көрсетуге болатындығы жайлы хабардар етті.

– “СИПАП” тыныс алу және фототерапиялық аппараттары, реанимациялық үстел, шприцтік мөлшерлеуіш және өзге құрылғылардан тұратын медициналық жабдықтар төмен салмақпен туған шақалақтардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл жобаның іске асырылуы көп адамдардың көмектерінің арқасында мүмкін болды. Жоба Британ-Қазақстандық қоғамның Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырған спорт шараларында жиналған қаражат пен өзге демеушілердің және мыңдаған адамдардың қосқан үлестерінің арқасында іске асты, – дейді “Аяла” қайырымдылық қорының вице-президенті Жангелді Сәрсенов.

Өткен жылы перзентхананың жансақтау бөлімінде 358 сәби ем-дом қабылдаса, оның 234-і – айы, күні жетпей туған нәрестелер, соның ішінде 32 бала экстремалды төмен салмақпен дүниеге келгендер деген облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мұрат Ысқақов “Аяла” қайырымдылық қорына жасап жатқан игі істеріне алғыс білдірді. Өз кезегінде қордың вицепрезиденті Мұрат Ысқақовқа сертификат табыстап, тағы бір жақсы жаңалығымен бөлісті.

– Осыдан бір апта бұрын “Аяла” қорының хат қоржынына Солтүстік Қазақстаннан хат келіп түсті. Ол хаттың авторлары облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттың әкімшілігі мен педагогтері. Хатта мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері балалардың саламатты өмір салтын ұстану әрі спорттық белестерді бағындыру үшін спорттық-ойын ауласы қажет екендігін айтып, өтініштерін білдірген болатын. “Менің болашағымдағы аула” жобасының аясында мектеп-интернаттың ауласына 1 543 200 теңгені құрайтын қажетті спорттық жабдықтар сатып алынды. Көп ұзамай тәрбиеленушілер бұл ойын алаңында спортпен айналысып, денсаулықтарын шынықтыра алады, – деді қордың вице-президенті.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp