«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР – ӨҢІР БАСШЫСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өңір басшысы Самат Ескендіровтің облыс тұрғындарымен алғашқы есепті кездесуі өтті.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш кездесуге қатысушыларды өңіріміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырған облыс әкімі алдағы уақытта әлеуметтік маңызы зор жаңа қолжетімді тұрғын үй құрылысын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, индустриялық-инновациялық даму, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру мәселелерін шешу жөніндегі аса ауқымды жұмысты жалғастыратын боламыз, деп тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, оларды шешу жолдарын айқындады.

 

Самат Ескендіров өңір тұрғындарынан өз атына түскен және залдан тікелей қойылған сұрақтарға жауап берді. Сұрақтардың көбі жол жөндеу, ауызсумен қамту, мектеп, балабақша салу, әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде болды. Айыртау ауданының тұрғыны Меңдігүл Олжабаева қойған Саумалкөл ауылы бойынша ауызсу тарату желісінің құрылысы үстіміздегі жылы жалғасын таба ма, ал Тайынша ауданынан оның орталығында 2011 жылы мәдени орталықтардың өндірістік корпустарын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталғанын, оның құрылысы аяқтала ма деген сауалдарға облыс әкімі:

– Қаржы жұмсалып, басталған мұндай жұмыстардың барлығын аяқтауға міндеттіміз, – деді. Аққайың ауданындағы Черкасское ауылына апарар және Жамбыл ауданындағы Благовещенка-Қайранкөл, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка-Молодогвардейское арасындағы жолдардың жағдайы да қозғалды. Алғашқысы сол маңдағы жолдарды жөндеуге бөлінген қаржыдан қарастыру арқылы шешілетін болса, соңғыларына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін аса көп қаржы қажет, ол үстіміздегі жылы бөлінбейді, деді өңір басшысы. Сондай-ақ Мамлют ауданындағы ғимараты 1980 жылы салынған Воскресеновка орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысына қаржы сұралды. Осы орайда облыс әкімі облыстың да, ауданның да бюджеттерінен бұған қаржы бөлу қарастырылмағандығын, әйтсе де, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша әлеуметтік нысандарды жөндеуге қаржы бөлуге болатынын айтып, алдағы уақытта бұл мәселені тағы бір мәрте қолға алатынын жеткізді. Тимирязев ауданының орталық стадионын қалпына келтіру, Уәлиханов ауданындағы Бидайық орта мектебінің 2 корпусын жөндеуге қатысты сұрақтар қойылды. Самат Сапарбекұлы бұл мәселелерді жете зерттеп барып шешу керектігін мәлімдеді. Ал Петропавл қаласының тұрғыны Асқар Қазиев облыс орталығында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың қатары көбейгенін, оларға арналған бейімдеу орталығында орынның аз екендігін айтты. Облыс әкімі қаладағы бейімдеу орталығындағы орын саны ғимараттар қарастыру арқылы қосымша көбейтіледі, деді. Сонымен бірге қаладағы бақшашыларды толғандыратын электр қуатымен, сумен қамту мәселелері алдағы уақытта да назарымызда болады, деп сендірді.

Ал залға орнатылған микрофоннан қойылған сұрақтардың дені – әлеуметтік салаға қатысты. Оның ішінде Тайынша, Новоишим сынды аудан орталықтарындағы қазақтілді мектептердің тым тарлығы көтерілді. Бүгінгі таңда Тайынша қаласындағы қазақтілді мектеп 180 балаға шақталғанымен, онда 411 бала білім алуда. Ал Новоишим ауылындағы қазақтілді мектепте 440 бала үш ауысыммен оқып, асхана, спорт залмен қамтылмаған. Осы орайда Самат Ескендіров:

– Бұл екі мектептің мәселесі ерекше назарымызда. Осы елді мекендерде мектептер салу үшін қажет қаржыны республикалық бюджеттен бөлгізуге үміттеніп отырмыз. Мәселенің тез шешілуі үшін қосыла қаржыландыруға да әзірміз, – деп кесіп айтты.

Тұрғындар тарапынан 2010-2014 жылдарға арналған “Ұрпақ қоры” бағдарламасы жалғасын таба ма деген сауал да қойылды. Мәселенің мәнісін түсіндірген Самат Ескендіров облыстық бюджеттегі қаржы жетіспеушілігіне байланысты тоқтатылған “Ұрпақ қоры” арқылы берілген жәрдемді енді республикалық бюджет арқылы көрсету қарастырылатынын айтты. Қойылған тағы бір сұрақ – зағип балаларға арналған мамандандырылған мектеп салу мәселесі. Бүгінгі таңда облысымызда осындай санаттағы 300-ден астам бала бар көрінеді. Облыс әкімі аталмыш мәселемен бұрыннан таныс екендігін және оны шешуде денсаулық сақтау және білім басқармаларына тиісті тапсырма бергендігін жеткізді. “Мүгедектердің құқығын қорғау жөніндегі “Наша семья” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нина Антонова қалада мүгедектердің жүріп-тұруы үшін арнайы көлік бөлуді өтінді. Оның бұл өтінішін тыңдаған Самат Ескендіров мүгедектерді арнайы көлікпен қамту мәселесін шешеміз, деді. Өңір басшысы өзіне тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдарға нақты жауап беріп, олардың барлығы да назарға алынатынын білдірді.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp