«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНДІРІС пен ҒЫЛЫМ қашан тізе қоса қимылдайды?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғылым мен өндірістің көксегені бір болғанымен, бірігуге бірін-бірі жатсынып жүргені талай айтылды. Ғылым өндірістің немқұрайдылығын сынады, өндіріс қаржыны сылтауратты. Ал әлемдік ғылым мен өндіріс болса қашаннан “тату”, біз солардың табысына таңдай қағып, қажет болса сатып алып отырмыз. Ондайда қаржы табылады.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қолдан келмегендіктен емес, көңіл бөлмегендіктен осылай өмір сүріп отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз. Бізге елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту керек. “EXPO – 2017” бұл процеске серпін беріп, бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуі тиіс. Біз жас ұлтпыз және бұл біздің қолымыздан келеді”, – деді.

 

Иә, бәрі қолдан келеді. Осы орайда жас ұлттың өскелең ұрпағын оқытатын жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өзде-рінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс.

– Біздің университетте ресурсты үнемдеу, өнім сапасын арттыру, шетелден әкелінетін тауарлардың алмастырылуын дайындау, экологиялық таза фитопрепараттарды жасап шығару, еңбекті автоматтандыру, тілдерді оқып үйрену салаларындағы мәселелерді шешуге бағытталған 12,0 миллиард теңгені құрайтын инновациялық пакеттер дайындалған. Бүгінгі күні универ-ситетімізде ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы қалыптасқан. Оның құрамына 5 ғылыми орталық және 10 ғылыми-зерттеу зертханасы, кафедралық деңгейдегі ондаған зертханалар кіреді. Профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар, докторанттарды ғылыми зерттеулерге тартып қана қоймай, сонымен қатар оларды коммерциялау мақсатында инновациялық парк құру мәселесі қарастырылып отыр, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімов.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында университет облыстағы “Мұнаймаш” АҚ, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ, “Петропавл электр өткізбейтін материалдар кәсіпорны” АҚ, “Көпсалалы құрал-жабдықтар зауыты” АҚ, “Ремплазма” АҚ, “Изолит” АҚ, “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС, “Ауыл шаруашылығы техникасы зауыты” ЖШС-мен ынтымақтастық орнатқан. Ал бұлардың ішінде университеттің ғылыми жобаларын “ЗИКСТО” АҚ-ы ғана жүзеге асырады. Аталмыш зауыттың тапсырысы бойынша университет ғалымдары су астындағы аппаратты басқаруға арналған бағдарламалықаппарат құрылғылар кешенін және аққан суасты кешенін басқаруға арналған микропроцессорлық блоктың макетін жасаған.

– Ғылыми әзірлемелердің өндіріске, әсіресе, жеке секторларға сұранысының әлі де болса аздығын айтып кетуге болады. Ғылыми әзірлемелерге деген негізгі тапсырыстарды біз мемлекеттен аламыз. Біздің ойымызша, мұндай үйлеспеушіліктің себебі – ғылымға салынған әрбір теңгеден алынатын экономикалық тиімділікті шаруашылық жүргізу субъектілері басшыларының тиісті деңгейінде бағаламауында, – деді Оңдасын Әшімов.

Өңірімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын тағы бір мекеме – Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашы-лығы ғылыми-зерттеу институты. Аты айтып тұрғанындай, аграрлы өлкеге ауадай қажет институт. Ендеше дәл бұлардың ғылыми зерттеулері шаң басып жатпаған болар деп ойлайсыз. Ғылымизерттеу институтының директоры Қанат Мыңжасовтың айтуынша, асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға бет бұрған агроқұрылымдар олармен келісімшарт жасасып, бірге жұмыс атқарып жатқан көрінеді. Яғни, еліміз соңғы бірер жылда мал тұқымын асылдандыруға бет бұрған кезде ғана бұл институттың қызметіне сұраныс артқан сыңайлы. Алға жылжу бар, алайда бұларға да тапсырыстың дені Үкіметтен болып отыр.

– Бүгінгі таңда біздің ғылымизерттеу институтының ғалымдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес республикалық 042 бағдарламасымен 10 жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айна-лысады. Онда ірі қараның сүтті және етті тұқымдарын жетілдіру, шошқа шаруашылығының асыл тұқымды жаңа түрлерінің тізбегін құру және тарату, ауыл шаруашылығы малдарын толыққанды азықтандыруды ұйымдастыру, ет, сүт, жүн өндірудің жаңа технологияларының тиімділігін ғылыми негізде өндіріске енгізу жолдарын жасау және құс шаруашылығының жаңа асылтұқымды тізбегін жетілдіру, оларды азықтандырудың тиімді технологияларын, тағы басқа да жұмыстарды айтуға болады.

– Ғылыми институттар мемлекеттік тапсырыспен ғана күнелтіп отыр. Бұл жағдайды оңалту үшін қандай жұмыс атқару керек деп ойлайсыз?

– Өз салам бойынша айтсам, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мал басы күрт кеміп кетті. Оның бір ұшы білікті ауыл шаруашылығы мамандарының азайып кетуіне келіп тиді. Мемлекет мал шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлгенімен, бұл жолда көптеген кедергілер жетерлік. Біріншіден, кезекте мал шаруашылығымен айналысатын қожалық басшысының ауыл шаруашылығы бойынша білімі жоқ немесе шаруашылықта білікті ветеринар мен зоотехниктердің болмауы. Екіншіден, олар малды өсіру, азықтандыруда ғылыми кепілдемесі бар мамандармен кеңеспейтіні. Үшіншіден, өндіріс пен ғылымның арасын жақындататын арнайы мемлекеттік бағдарламаның болмауы. Егер тиімді кешенді бағдарлама жасалып, біздің жасап жатқан ғылыми жұмыстарымыз өндіріске енгізілетін болса, мал шаруашылығын дамытудың көптеген түйткілдері шешілер еді. Мәселені шешуде өңіріміздегі ауыл шаруашылығына жауапты құзырлы ұйымдар мал шаруашылығын дамытудың тиімді тетіктерін бақылауға алып, біздің институт жанынан ашылған білім тарату орталығында мамандарды даярлау деңгейін арттыруға көңіл бөлуі қажет, – дейді Қанат Мыңжасов.

Елімізде ғылымды, өндірісті дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, екеуінің арасына көпір салар жүйе жоқ. Ал заманның көшінен қалмау үшін жаңғыртылып, инновациялық технологияларға ден қойған өндіріс орындары шетелдердің жаңашылдығымен жасарып келеді. Осылай өзге елдің ғалымдарының өрісін кеңейтуіміз, өз ғалымдарымыздың өзегін өртеп отыр.

– Қазақстанда отандық құс тұқымдары жоқтың қасы. Елімізге әкелінетін тәуліктік балапандарға, аталық және арғы аталық топтардың құстарына жылына 8-10 миллион доллар қаржы жұмсалады. Осы орайда біздің институттың құс шаруашылығымен айналысатын ғалымдарының еңбегін айтуға болады. Қазіргі күні олар жергілікті “Бескөл түрлі түсті” үйректері тұқымына және осы тектес БЦ-1 – аталық тізбегіне, БЦ-2 – аналық тізбегіне және БЦ-12 – финалдық гибридтеріне патент алып, авторлық куәлікке ие болып отыр. Бұл – тәуелсіз елімізде құс шаруашылығын асылдандыру және сұрыптау жұмыстарының нәтижесінде шыққан алғашқы отандық үйректің тұқымы. Құс шаруашылығы ғалымдары енді ауыр салмақты “Қызылжар” кроссын және жұмыртқа бағытындағы тауық кроссын шығару жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде, – дейді Қанат Мыңжасов.

Өзіміздің өміршең, сәтті делінген мыңдаған ғылыми зерттеулеріміз патенттеліп, өндіріске енгізуге дайын болғанымен, қағаз жүзінде қалуда. “Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады”, – деген екен ұлы ғылым Қаныш Сәтбаев. Қазақстандық ғылымға осы ғана жетіспей тұрған сияқты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp