«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА ЖАНЫ АШИТЫН КӘСІПКЕР былтыр 70 жасты жұмыспен қамтыды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығы тұрғындарын алкогольсіз шырындармен, газдалмаған сумен қамтамасыз етіп отырған “Ароматика” ЖШС-і директоры – Лариса Доркина студент жастарды маусымдық жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлердің бірі. Серіктестік бүгінде өңірімізде ғана емес, көрші облыстарға өз өнімдерімен танымал, өндірісі өрге басқан компаниялардың қатарында. Жуырда серіктестік директорына жолыққан едік.  

– Лариса Ивановна, әңгімемізді ең алдымен кәсіпкерлік саласына қалай келгеніңізден бастасаңыз?

– Кәсіпкерліктегі алғашқы қадамымды тоқсаныншы жылдары Ресейдің бірнеше компанияларымен бірлесіп, елімізге шырындар мен алкогольсіз сусындар тасымалдаудан бастаған едім. Араға уақыт салып жеке кәсіпкерлікпен айналыспақ ниетпен 1998 жылы қаламыздағы он тоғызыншы ықшамауданда бір қабатты ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шырын шығару цехын аштық. Қазіргі таңда 35 қызметкер еңбек ететін компания алкогольсіз сусындардың ондаған түрін шығарады. Облыс орталығын ғана емес, Көкшетау, Павлодар мен Қостанай облыстарын “ВО!ДА!”, “Фанти”, “Берёзовый дар”, “Фреш”, “Запивашка”, “Джунгли”, “Лимонад”, квас, “ШтучкаШипучка” сияқты алкогольсіз сусындармен қамтамасыз етіп отырмыз. Солардың ішінде жұртшылықтың ықыласына бөленгені – құрамында шырын бар “Привет! Я самый сочный” сусыны.

 

– Яғни, өз тұтынушыларыңызды таптыңыздар ма?

– Серіктестік жұмысын бастағаннан бері өнімдеріміздің сапасына зор мән береміз. Шырын өндіргенде құрамына түрлі бояғыштар, консерванттар және т.б. қоспалаларды аз қосуға тырысамыз. Ал өзгелер шырындары мен квастарының сыртына жарты не бір жылға дейін сақталады деп жазады. Бұл оның құрамында бояғыш және тағы басқа заттардың көп мөлшерде екендігін көрсетеді. Бұл өз кезегінде тұтынушының денсаулығына қауіп төндіреді.

– Орта кәсіби және жоғары оқу орындарында оқитын жастарды маусымдық жұмыспен қамтып отырған бірден-бір кәсіпкерсіз. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласында жастарды жұмыс істеуге шақырған болатын. Мен студент жастар бүгіннен бастап еңбекке ерте араласып, өндіріске бел шеше қатысуы керек деп ойлаймын. Себебі, қазіргі уақытта жоғары оқу орнын үздiк дипломмен бiтiрiп, жiгерi тасып тұрған жастардың жұмысқа орналасуы қиындап кеттi. Үздiк дипломмен жұмыс iздегендердің өздерін кейде ұйымдар, кәсіпорындар есiгiнен де кіргізбейді не болмаса жұмыс тәжiрибесін сұрайды. Ендi ғана оқу бiтiрген маманда жұмыс тәжірибесі қайдан болсын?! Ал студенттік кезден жұмысқа араласа бастасаң, тәжірибе жинап, біраз нәрсені үйреніп, оң мен солыңды тани бастайсың. Сондықтан жастардың студент кезінен бастап еңбекке араласқанын құп көремін. Жеке өз басыма келетін болсам, мен Алматыдағы тамақ өнеркәсібі техникумында оқып жүріп, нантоқаш комбинатында 5 жыл еңбек тәжірибесінен өттім. Егер өзге құрдастарым қағаз жүзінде ғана тәжірибеде болып, уақытын босқа өткізумен жүрсе, мен жақсы еңбекақы алып, жауапты іс атқардым. Осылай жауаптылыққа, ұқыптылыққа үйрендім. Оқуды аяқтаған кезде: “Енді жұмысты қайдан табамын?” деген ой мазалаған жоқ. Себебі, жұмыс орным дайын тұрды. Қазіргі таңда орта және жоғары оқу орнын бітірген жастар мамандығы бойынша қызметке тұрғаннан кейін, бірден жоғары еңбекақы алғылары келеді. Дегенмен де, олардың көбі жұмыс таба алмайды. Осылай тауы шағылған жастар “Астана, қайдасың?” деп жолға шығады. Бұл жағдай ушығып кетер ме еді, егер Үкімет жастарға арнап “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасын әзірлемегенде. Мұндай бағдарламалар жастар үшiн ауадай қажет. Алайда, бұл бағдарламада бес қана мамандықтың қамтылғаны өкінішті. Бірнеше жыл бұрын “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы қолға алынған болатын. Аталмыш бағдарлама аясында жастар қандай да бір өндіріс орындарына, мекемелерге, ұйымдарға алты ай тәжірибеден өтуге жіберіліп, оларға мемлекет тарапынан ай сайын еңбекақы төленді. Ең бастысы, бұл жерде жастар тәжірибе жинады. Ал өңірімізде қанатқақты жоба ретінде “Студенттік еңбек биржасы” ашылғанына қуаныштымын. Бүгінде аталмыш биржаның жетекшісі Сергей Беловпен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Студенттердің бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталған биржаның жұмысы қай жағынан алсаңыз да тиімді. Биржаның арқасында студенттер оқып жүріп те, жұмыс істейді. Бұл әрі жұмыс берушіге де тиімді. Ол да жұмыс күшін іздемейді. Оның үстіне студенттер арнайы жолдамамен жіберілгендіктен, қызметкердің жауапкершілігіне деген сенім пайда болады. Сондай-ақ жас кезінен жұмыс істеуге бейімделген қызметкер еңбексүйгіш келеді, жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Студенттік еңбек биржасының көздеген мақсаты да осы.

– Студенттердің қысқы және жазғы демалыстарда жұмыс іздейтіні белгілі. Студенттік еңбек биржасы ашылғалы бері қаншама жасты жұмыспен қамтыдыңыз?

– Білуімше, жаз уақытында қысқа мерзімді және маусымдық жұмыстарға сұраныс көбейеді. Мемлекеттік және жекеменшік жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатудың жан-жақты жолдарын қарастырған биржа жұмыс іздеп келген екі жарым мыңдай жастың тең жартысының жұмысқа орналасуына үлес қосты. Биржаның жолдамасымен келген жастарды еңбекке алған ұйымдардың қатарында біздің компания да бар. Жұмыс уақыты кезінде жастардың еңбек ету қарқыны қатаң бақылауға алынды. Өйткені, ақы еңбек еткен күніңе қарай төленеді. Егер студент он күн жұмыс істеп, қалған уақытын көлеңкеде өткізсе, біз оның еңбек еткен күніне ғана ақы төлейміз. Сондықтан жалқаулық танытқан жастар жұмыстан шығарылды. Әрі ұжымда еңбек қарымқатынастары ұжымдық келісімшартқа сай жүргізілетіндіктен, әр бір жасқа барлық қажетті ақпара ты бар жеке іс-қағазын толтырамын.

Мәселен, өткен жылы компанияда жазғы демалыс уақытында 70-ке тарта оқушы-студент маусымдық жұмыспен қамтылды. Бүгінде еңбексүйгіштігімен, атқарылған ісіне жауаптылығымен көзге түскен орта кәсіптік білім беру ошақтарының 3 оқушысын тұрақты жұмысқа алдым. Өзгелері оқу жылы басталғаннан кейін білімдерін жалғастыруда. Кәсіпорын үстіміздегі жылдан бастап түнгі ауысымда да жұмыс істейді. Бұл ауысымда жұмыс істегендердің еңбекақысы екі еселенген.

– Жұмыс іздеп келетіндер орта кәсіптік оқу орындарының оқушылары ма, әлде жоғары оқу орнының студенттері ме?

– Жалпы жұмыс іздеп келетіндердің 60-70 пайызы – не экономист, не заңгер секілді мамандық иелері. Бұдан жастардың орта кәсіптік-техникалық мамандықты игергілері келмейтінін көруге болады. Сұраныс болмаса да, ата-аналары соңғы малын сатып, балаларын қаржыгер, заңгер мамандықтарына береді. Әрине, әр ата-ана баласының жоғары білімді болғанын қалайды. Алайда, еңбек нарығының сұранысын да ескерген жөн. Қазіргі таңда облысымызда ғана емес, жалпы елімізде жұмысшы мамандықтарға сұраныс өскен. Бірақ бәріміз былғары орынтақта отырып, жоғары еңбекақы алғымыз келеді. Мұндай қызмет бәрімізге бірдей жетпесі анық.

– Компанияңызға жұмыс іздеп келетін жастардың басым бөлігі қалалықтар ма?

– Компаниямызға жұмыс іздеп келетіндердің басым бөлігі – ауылды жерден келіп оқитын жастар, толық емес және толық қамтамасыз етілмеген отбасылардан шыққан балалар. Олардың көбі – колледж оқушылары. Елбасы өз Жолдауында Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыру жөнінде Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар бере келе, халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеген болатын. Бұған дейін жоғары білім алуға көп көңіл бөліп келдік. Дегенмен, елдің қарқынды дамуы барлық салада орта буын мамандарды қажет ете бастады. Мәселен, қазір Отанымыздағы өндіріс орындарына инженер, ауылға ауыл шаруашылығы маманы қажет екен. Осыған орай Президентіміз техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жөнінде ауқымды міндет жүктеді. Оны мүлтіксіз орындау үшін мемлекеттік бағдарлама жасалды. Сол бойынша қазір еліміздің бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіптік мектептерінің базасын заман талабына сай жаңарту, құрал-жабдықтармен, білікті оқытушылармен, өз ісінің шеберлерімен қамтамасыз ету қолға алынып, жаңа білім орындарын ашу алға басып отыр. Өзге мемлекеттердегі кәсіптік білім беретін мекемелермен тығыз қарым-қатынас жасау, маман алмасу оң жолға қойылды. Халқымыздың әлеуеті жақсармай, жұмыссыздардың саны азаймай, еліміз алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі. “Ерінбеген етікші болады” демекші, мемлекеттің мұндай қамқорлығынан тыс қалмауға тырыссақ болғаны.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕРДЕ: Лариса Доркина – “Ароматика” ЖШС директоры; Александр Шлегель – облыстық кәсіптік педагогикалық колледждің оқушысы; Наталья Тихонова – гуманитарлық-техникалық колледж оқушысы; Михаил Власенко – құтыға құюшы оператор.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp