«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСЫ БАРДЫҢ – ЫРЫСЫ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айнагүл ҚАБДІЛМАНҚЫЗЫ,

журналист.

Ыбыраев ауылындағы ата кәсібін ардақтаған “Ыбыраев” шаруа қожалығының басшысы Талғат Теменов шаруашылығында еңбек ететін жұмысшылары жайында жылы лебізін білдіре отырып, еңбекқор, өз істерінің майталман шеберлері Жанпейісовтер отбасы туралы жазуымызға болатынын айтты. Ерлі-зайыпты Серік пен Майраға әдеттегідей жұмыс күнінен кейін отбасы тірліктерімен айналысып жатқан кездерінде жолықтық. Жанпейісовтердің қарапайым, көп сөзге жоқ, сабырлы, былайша айтқанда, нағыз жұмыс адамдары екенін аңғару қиын емес. Серіктің негізгі мамандығы жүргізуші, қазіргі кезде трактормен шаруашылықтың бірталай жұмыстарын атқарып жүрсе, Майраның еңбек жолы одан өзгеше түзілген. Мамандығы бойынша еңбек жолын бухгалтерлік қызметтен бастаған Майра кейінде кассир де болып істепті. Қайта құру кезеңінде жұмыссыз қалғандықтан қол қусырып қарап отырмай, “Екі қолға – бір жұмыс” дегендейін, 2000 жылы “Ыбыраев” шаруа қожалығына сауыншы болып орналасқан екен. Жұмыстың оңайы жоқ, фермадағы сиырларды сауып, алынған сүттен қаймақ ағызып, одан май былғау жеңіл шаруа емес. Үйіндегі бірер қараны саууға ерініп, бұзауға емізіп қоя беріп, майды сатып алатындар да бар. Сөз кезегінде Майра мен Серік шаруашылық басшысы туралы өздерінің көңілі толатын сөздерін айтты.

 

– Қожалық басшысы Талғатқа ризамыз. Шаруашылығы жан-жақты дамып келеді. Ол – заманның ағымымен бірге адымдайтын басшы, өте еңбекқор жан. Біздей қарапайым жандарға көрсетіп отырған қамқорлығына ризамыз, айтар алғысымыз шексіз. Ай сайын жалақымызды аламыз, той-томалақ бола қалса, аянып қалмайды. Отынымызды, жемшөбімізді жеткілікті етіп жеткізіп береді. Осы қасиеттерімен ол өзгелерді өз соңынан ерте біледі. Жаңалыққа да жаны құмар,биыл жаңа техникалар алмақшы, ал ол дегенің жұмыстың сапасы мен өнімділігін арттыратын болады. Жұмыс арасында демалыс үйімізде теледидар көріп, шай да ішеміз, – дейді Се рік.

Майра қолы бос кезінде бау-бақша өсіргенді, тоқыма тоқығанды, тамақ әзірлегенді ұнатады екен. Еңбексүйгіш ерлі-зайыптылардың қыздары Раушан, Гүлдана мұғалім болса, Гүлмайдасы – бухгалтер, ұлдары Сырымбет “Барыс” ЖШС-інде қызмет етеді. Темірлан, Руслан, Анар, Аружан атты немерелері бар. Тәуелсіз еліміздің бақытты шаңырағында қабырғасы қатайып, керегесі кеңи түскен Жанпейісовтер отбасының адал маңдай тері еңбегімен бүгінгі шыққан биігі осындай. Ел ертеңіне зор үмітпен қарайтын еңбеккер отбасы туған ауылының қайта гүлдеп, жаңғыратынына сенімді.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp