Облыс орталығында бокстан ашық турнир өтіп, онда “Жас ұлан” кубогы сарапқа салынған болатын. Шаршы алаңда Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарының және Ресей Федерациясының екі құрамасы бақ пен баптарын сынады.
Өңіріміздің танымал бокс майталмандарының құрметіне ұйымдастырылған турнирде боксшылар әдеттегідей жекелей емес, командалық сында қолғап түйістірді. Жалпы 11 салмақта үздік атануға 8 құрама белді бекем буған еді.
Сайыстың алғашқы күні шаршы алаңдағы бас жүлде тағдырын бірінші болып Ақмола және Қарағанды облыстарының құрамалары сарапқа салды. 56 кило салмақта қолғап түйістірген Дәурен Ауғали мен Азамат Нүркеннің жекпе-жегі жарыс шымылдығын ашты. Үш раунд бойы алысқан қос қарсыластың қайсысының жеңіске жететіндігін кездесудің соңына дейін дөп басып айту қиынға соқты. Дегенмен, ақмолалық Дәуреннің мысы басым түсіп, соққыларын қарағандылық бәсекелесінен гөрі көбірек дарытты.
Аталмыш шараның ұйымдастырушыларының бірі – бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрлан Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, әр құрама 6 жасөспірімнен, өзгесі ересектерден құралған. Бұл әр өңірдің жалпы бокс деңгейін тануға мүмкіндік беретін көрінеді.
Үш күнге жоспарланған бәсекелі доданың қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақмола облысының құрамасы жеңіп алды. Ал облыс құрамасы мен қарағандылықтар тиісінше екінші және үшінші орындарға тұрақтады. Жарыстың жеңімпазы атанған ақмолалық спортшылардың әрқайсысына ұялы телефон, ал өңір спортшыларына спорттық костюмдер табыс етілді. Сондайақ жарыстың ұйымдастырушылары бапкерлерге түрлі аталымдар бойынша сыйлықтар табыстады.