«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС ӘКІМІ БӘЙТЕРЕККЕ БАРЫП, оралман ағайындардың хал-жағдайларын білді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданы әкімінің тұрғындармен өткен қорытынды есепті кездесуінде өңір басшысы Самат Ескендіров қордаланған мәселелерге орай Бәйтерек ауылына арнайы баратындығы жөнінде атап айтқан болатын.“Уәде – орындалуымен құнды” дегендей, кеше Самат Сапарбекұлы бастаған жергілікті билік органдардың басшылары аталмыш елді мекенде болып, қалыптасқан жағдаймен танысты, оларды шешудің жолдарын қарастырды, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Шетелдерде тұратын отандастарды бір жерге шоғырландыра орналастыру мақсатында бой көтерген ауылдың алғашқы іргетасы 2009 жылы қаланған болатын. Сол жылы Петропавлдан – 25, Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылынан 10 шақырымдай қашықтықтағы кең алқапқа, Петропавл-Сергеевка тас жолының бойына облыс бюджетінің қаражатына 23 үй салынды. Оның 10-ы тарихи Отанына оралғандарға берілді. Келесі жылы “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша 100 үй бой көтерді. 2011 жылы оған 150 үй қосылды. Аудан басшыларының айтуларына қарағанда, бүгінгі күні соның 10-ы ғана бос тұрған көрінеді.

 

Бәйтерек елді мекенінде Бейбітшілік, Достық, Астана атауларынан басқа Абылайхан, Мағжан, Қожаберген жырау, Сегіз сері, Ақан сері сияқты даңқты адамдардың есімдері қойылған оннан астам көше бар. Олардың бәрі дерлік асфальтталған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдағы бүгінгі күнгі ең өзекті мәселе – электр қуатының жетіспейтіндігі. Көшелерді жарықтандыру түгіл, ауыл тұрғындарының төрттен бірі өз үйлерінде сығырайған жарыққа тәуелді болып отыр.

Бәйтерек ауылына ат басын тіреген облыс әкімі ең алдымен электр қуатын тарататын желінің жұмысымен танысты. Осындағы электр станциясына 8 трансформатор орнатылған. Соның 2-еуі ғана іске қосылған. Сондықтан жергілікті тұрғындар электр қуатының уақытша желісін ғана пайдаланып отыр. Ол тұрақты болған кезде ғана талапқа сай жарық бере алады.

Су тарату желісінің де құрылысы толық аяқталмаған. Онда елу текше метрлік су мұнарасы, әрқайсысы 500 текше метрлік екі сыйымдылық орнатылып, аумағы қоршалған. Су сорғылары ғимараты жұмыс істемейді: санитарлық желі, желдеткіш орнатылмаған, еденге кафельдер төселмеген, ондағы жүйелер іске қосылмаған. Осы жұмыстар толығымен орындалса, су сапасы жақсара түсетін болады. “Есіл су” ЖШС директорының орынбасары Мұрат Жантілеуовтің түсіндіруінше, ауылдықтар су құбырын тазарту желісінсіз тура пайдаланып отыр. Алайда, су сапасына жоспарлы түрде тексеріс жүргізіліп тұрады. Кей тұрғындар сөз еткендей, СЭС мамандарының сынамасы бойынша ауызсу нормаға сай.

Екі нысанның құрылысын “Строитель фирмасы” ЖШС жүргізген болатын. Негізгі мердігердің жұмысты орта жолда қалдыруына байланысты су және электр қуатын тарату желілері толығымен пайдалануға берілген жоқ. Оларды аяқтап шығу үшін кемінде 50 млн. теңге қаражат қажет.

Қызылжар ауданының әкімі Орал Қаппасов аталмыш жобаны іске қосу биылғы бюджетке енгізілгенін мәлім етті. Сонымен Бәйтерек ауылын 2-3 жылдан бері мазалап келе жатқан ең күрделі екі мәселе алдағы уақытта шешімін таппақ.

Сапар барысында Самат Ескендіров ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың сауалдарына жауап қайтарды.

Зейнеткер Қайролла Сүлейменов өздері тұрып жатқан үйдің қандай меншікке жататындығы жайында сауал қойды. Самат Сапарбекұлының айтуына қарағанда, көші-қон бағдарламасының уақытша тоқтатылуына байланысты соның аясында салынған тұрғын үйлер Үкімет қаулысымен облыс әкімдігінің құзырына берілген. Сондықтан олар коммуналдық-жалгерлік меншік болып табылады. Осы тәртіпте үй иелері ай сайын 4 мың теңге көлемінде пәтерақы төлейді.

Жанболат Кәбенов баспана алса да, “Үй кітапшасына” әлі қол жеткізбеген. Бұл құжаттың жоқтығы кәмелетке жасы толмаған балаларына жәрдемқаржы алуға кедергі келтіріп отыр. Өңір басшысы “Үй кітапшасына” байланысты мәселені жедел шешуді аудандық әлеуметтік бөлімнің бастығына тапсырды.

Ауылдың көшелеріне су құбыры тартылған, колонкалар да бар. Енді суды үйді-үйге енгізу мәселесі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүктелді.

Көші-қон бағдарламасы аяқталар сәтте көшіп келіп, Бәйтеректегі бос үйлерге өздігінен баса-көктеп кі-ріп алғандар да бар екен. Ондайлардың саны отыз шақты отбасы болып шықты.

Осы мәселеге орай облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Мемлекет меншігіндегі үйлерге рұқсатсыз кіру – заңсыздық. Бұл өзекті мәселе құқықтық негізде шешілуге тиіс. Алдағы уақытта тарихи Отанына оралған азаматтарға “Жұ-мыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша басқа аудандардан, мысалы, Айыртау ауданынан баспана берілетін болады. Соны тиімді пайдалану қажет. Бүгінгі күнгі ең өзекті мәселе – ауылдарыңызға мектеп пен балабақша салу. Сол үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қалғаны біртіндеп шешіле бастайды, – деді.

 

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp