Виктория ПОПОВА,
Петропавлдағы №26 мектептің
қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
Бала күнімде, айталық, мектепте білім алып жүрген кезімде менің болашақ қызметім қазақ тілімен байланысты болатынын біреу айтса, сенбес едім. Бірақ түбінде осылай болып шыққанына бүгінде өзім де таңғаламын.
Мен 2004 жылы Петропавлдағы екінші орта мектепті тамамдадым. Кез келген жас адамға тән таңдау менің де алдымда тұрды: қандай мамандыққа ден қоюым керек? Соңғы сыныпта оқып жүргенімде осы сауалға жиі берілетін болдым. Ойлана келіп, қазақ тілінде жоғары білім алуды ұйғардым.
Бұл мақсатымды жүзеге асыру үшін Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тіл институтына түсуім керек. Арманым қазақ тіліне машықтанбай жүзеге асырылмайтынын да сездім. Сондықтан соңғы сыныпта қазақ тілін үйрететін оқытушының жәрдеміне сүйендім. Ақысын келіскен соң ол маман мені жақсы машықтандырды. Мектепте оқығандарымды жетілдіріп, білімімді тереңдете түсті. Қазақ әріптерінің жазылуын білсем де, сөздерді айтуға шорқақ едім, ұстазым ерінбей-жалықпай үйретті.
Соның арқасында сол жылы аталған арманыма қол жеткізіп, тіл институтының қазақ филологиясы факультетінің студенті болдым. Салған жерден айым оңымнан туып кетті деуден аулақпын. Алғашқы кезде оқу өте қиын болды. Намысқа тырысып бақтым. Маған ұстаздарым, әсіресе, Айнагүл Мұхамеджанова мен институт директоры Жанар Таласбаева өлшеусіз көмек жасады. Олар маған қазақ қыздарымен жиі араласып тұруға кеңес берді. Өзім де араласқан орта тәрбиелейтінін сездім. Екіншіден, қазақ тіліндегі теледидар хабарларын, жаңалықтарды үнемі қарап, тыңдап отыруға машықтандым және қазақ тіліндегі басылымдарды жиі оқуға тырыстым. Бір бөле-жара айтарым, жаңалықтарды ілеспе аударма бойынша тыңдауға тырыстым. Осыдан барып, тілім әбден жаттығып, қазақша сөйлеу қабілетім арта түскенін аңғардым.
Үйде жаттығу үшін магнитофонды жиі пайдаланатын болдым. Мысалы, бір мәтінді қазақ тілінде оқимын да, артынан тыңдап, ағат тұстарымды бірден аңғарамын. Содан мәтінді қайта таспаға түсіріп алып, тағы да тыңдап, қажет болғанда түзетіп отырамын. Осындай еңбек өзінің жемісін берді. Соған қоса, алғашқы курста институт оқытушылары маған жеңілдік жасап, көңілімді жасытпай, көтермелей білді. Оларға айтар алғысым шексіз. Осындай қамқорлық қанат бітіріп, қалған курстарда одан да жетіле түсу үшін өзімді-өзім үнемі қамшылап жүрдім. Ақыры, 2008 жылы университетті қазақ тілі мен әдебиетінің маманы ретінде тамамдап, қаланың он төртінші орыс орта мектебіне қазақ тілі мұғалімі болып орналастым.
Мұнда университеттегі білімімді жетілдіре түсуді ұйғарып, магистратураға сырттай оқуға түстім. Қалалық оқу бөлімінен келетін тексерістерде менің бесінші-он бірінші сыныптарды қазақ тілінде оқыту деңгейім жоғары бағаланғанын, марапаттың ең зоры ретінде қабылдадым. Осы жерде бір айта кетерім, қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды оқып, зерделеу оңай емес. Сондықтан ерінбей-жалықпай сөздіктермен жұмыс істеу керек. Поэзияны түсіну де белгілі бір дәрежеде қиындық тудырады. Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың өлеңдерін жиіжиі оқып, түсінбеген тұстарымды білетіндерден сұрап, зердеме түйемін.
Ал тіл әдебиетке қарағанда жеңілдеу. Грамматиканы, орфографияны, морфологияны университетте оқығандарымнан асыра үйренуге тырысқаным өз жемісін берді.
Жоғарыда айтып өткенімдей, 2008 жылы университетті бітірісімен, магистратураға алынып, екі жылдан соң өз өңіріміздегі өзге ұлттар өкілдерінің тұңғышы болып, қазақ тілінің магистрі ғылыми атағына қол жеткіздім.
Қазір облыс орталығындағы жиырма алтыншы эксперименттік орта мектепте қазақ тілінен сабақ беремін. Мұнда маған шағын орталықта балдырғандарды қазақ тілінде оқыту тапсырылды. Жетпіс жеткіншекті қазақша оқытып жүрмін.
Оларды болашақта қазақ тілін жетік білетін зиялы азаматтар етіп тәрбиелеуге өз күшжігерімді жұмсап, еңбек етуім керек. Біздің қоғам, бұрынғыдай емес, өзгеруде. Елбасымыздың қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жүзеге асырудағы сарабдалдығы көңілімнен шығады. Осы ыңғайда оның көрегендігіне, кемеңгерлігіне риза боламын. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады”, – деп айтты. Бұл – негізсіз сөздер емес.
Елбасымыздың тілге деген көзқарастың елге деген көзқарас екендігін атап айтуы да орынды. Қазақ елінде тұрмыс құрып отырғандықтан, осы негізгі ұлттың тілін, салт-дәстүрін білу – баршамыздың парызымыз.
Нұрсұлтан Назарбаев осы Жолдауда: “Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайызы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз”, – деп, болашақты болжап берді. Бұған алып-қосарым жоқ. Бұл сөздер өмірге негізделіп айтылған. Қазір, әсіресе, болашақта белгілі бір деңгейде қызметке қолын жеткізуді мақсат еткен жастар қазақ тілін меңгеруге үлкен ықылас қоюда. Оны жоғары деңгейде меңгергісі келетіндер мен сияқты мұғалім жалдайды. Тілді оқыту орталығында білім алады. Әйтеуір, қол қусырып отырмайды. Бұл да керек іс-әрекет.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жастармен кездесулерде олардың қазақ тілін меңгеруіне үлкен мән береді. Мысалы, өткен жылдың 16 қарашасында “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанатының Астанада болған екінші съезінде сөйлеген сөзінде ол бұл мәселе туралы есте қаларлықтай етіп айтты.
“Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан”. Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясын түйіндейтін лебізінің бірі осы. Осы бір ғана Отанымызды мен де айрықша сүйемін. Ондағы рухани келісім, ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті тұрмысы – ризығымыз. Оны біз көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.