«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДЫҢ ҰМТЫЛЫСЫ мен ҰЛАҒАТЫ оқушының ықыласын арттырады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлпәш БАҚТЫБАЕВА,

Кеңес Одағының Батыры

В.Скачков атындағы Қызыләскер орта мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын оқи отырып, мен өзімнің қызметіме орай қазақ тілін дамыту туралы тараумен мұқият таныстым. “Қазақ ті лі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту” деген жолдар ісіме серпін бере түседі.

 

Еліміздің оқушыларының 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқып жүрсе, бұл қатарда біздің мектептің шәкірттері де бар. Туған тілді оқыту бекітілген бағдарлама бойынша жүзеге асырылып келеді және соған қосымша іс-шаралар өткіземіз. Мысалы, өткен жылдың 13-14 қыркүйек күндері Қазақстан халқы тілдерінің ХІV фестивалі аясында мектебімізде оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеруін көздеген сынақ ұйымдастырылды. Оның бір кезеңінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі М. Уәлиева өткізген сабақ “Тілге құрмет – елге құрмет” деп аталды. Туған тілді оқытатын мұғалім Г. Исабаева сабақтар арасындағы үзілістерді пайдаланып, “Қазақша сөйлесейік” деген ойын-сынақ ұйымдастырды. Жақсы жауап берген оқушылар сыйлықтармен ынталандырылды.

Үшінші сыныпта өткізілген ойын-сабақ “Жұлдызды сәт” деп аталып, мен жеңімпаз оқушыларды жұлдызшалармен марапаттадым. Олардың жазу қабілетін, сөйлеу мәнерін қалыптастыру үшін осындай сабақ түрін таңдап алдым. Бұл ретте республиканың осы пәнді оқытатын озық, әдістемеші ұстаздарының іс-тәжірибесіне сүйендім.

Осы жұлдызшаларды ең көп жинаған оқушылар А.Назарова мен Ю. Шледовецтің мерейі үстем болып, марапатталды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма бір жылдығына біздің мектебіміз де үн қосып, өз тарапымыздан іс-шаралар ұйымдастырдық. Осы орайда оқушылар арасында “Білгірлер жарысы”, “Кім көп біледі?” сынақтары өткізілді. Бұларда Б. Аманжолов, В. Глиномедова, Е. Висиханов сынды оқушыларымыз мемлекеттік тілге деген ынта-ықыласпен және білімдарлықпен көзге түсті.

Ал “ХХІ ғасырдың көшбасшысы” аталған сайыс та ойымыздан шығып, бірнеше талапты оқушыларымыздың жолы болды. Онда орыстілді шәкірттердің ішінен Е.Кейсарчук, М.Курапов, В. Бондаренко біліктілік танытты. Бұл сынақтарды дайындап, ойдағыдай өткізуге жоғарыда аталған пән мұғалімдерінің бәрі үлес қосты.

Тоғызыншы сыныпта оқитын Б.Аманжолов орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша аудандық “Мұрагер” олимпиадасына қатысып, екінші орын иеленіп қайтты. Ал оныншы сынып оқушысы Д.Сейдахметов аудандық “Жарқын болашақ” олимпиадасында “Тілші-әдебиетші” аталымы бойынша сынаққа қатысып, бас жүлдені еншіледі. Қазақ тілі бойынша аудандық олимпиадада жетінші сыныпта оқитын шәкіртіміз Ә. Мұқанова бірінші орын алса, оның сыныптасы С. Хоменко екінші орынмен марапатталды. Алтыншы сыныпта білім алып жүрген Е. Кейсарчук үшінші жүлдемен оралды.

Біздің туған тілдің мәртебесін асыруға, оның қолданыс аясын кеңейте беруге арналған күш-жігеріміз зая кетпейтініне сенімім зор. Бұл үшін қазақ тілін оқытатын біздер бар жан-тәнімізбен күш-жігер жұмсап, өздеріміз үнемі ұмтылыспен, ерінбей-жалықпай еңбек етуіміз керек.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp