Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сенбі күні өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен облыс активінің кеңесі өткізіліп, онда ұйымдық мәселе қаралды.
Өңір басшысы облыс әкімінің аппарат басшысы қызметін атқарып келген Асқар Бегмановты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдық-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалғанын хабарлап, оны жаңа қызметімен құттықтады.
Одан кейін облыс әкімі өзінің өкімімен Владимир Дудовты облыс әкімінің аппарат басшысы қызметіне тағайындағанын мәлімдеді. Владимир Дудов 1982 жылы туған, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін бітірген, мамандығы бойынша заңгер. Жаңа аппарат басшысы бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдық-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып істеген.
Облыс әкімі Самат Ескендіров жаңа аппарат басшысының алдына бірқатар міндеттер қойды. Владимир Дудов өңір басшысының өзіне үлкен сенім артып отырғанына алғысын білдіріп, соған лайықты адал қызмет ететінін айтты.