«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ РЕТ ӨРТЕНГЕН ҮЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар қаласының іргесіндегі Бескөл ауылының тұрғыны кішкентай үш баласымен далада қалды. Баспанасы бір емес қатарынан үш рет өртенген. Үй иесі “Бірде сусыз, тағы бірде күрек-сайманы жоқ келді” деп, сөндірушілерді кінәлап отыр.  

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

журналист.

Алла сақтап, Мұрат Қожанов түнгі үште түтіннің иісінен оянып кетіп, әйелі мен үш баласын далаға алып шығып үлгерген. Оның айтуынша, жуынатын бөлмеден шыққан өртті сөндіруге шақырылған төтенше жағдайға қарсы қызмет мамандары үйге әзер жеткен көрінеді. Себебі, аудан орталығы деген дардай аты болса да, Бескөлдің жолдары қардан дұрыс тазаланбай, өрт сөндіруге келген қос көлік бірін-бірі сүйреп, қар басқан жолдан шығарып жүргенде, жарты сағаттай уақыт өтіп кетсе керек. Жалын үйдің едәуір бөлігін шарпып үлгеріп ті.

 

– Бірінші келген көліктің суы таусылып қалды. Бұл енді олар үшін үйреншікті жағдай сияқты. Көліктерінде су толы ма, орта ма тексеріп жатқан жан жоқ. Ал екінші көлік қарға батып қалды. Бірін-бірі сүйреп әзер жетті, өртті ауыздықтағандай болды. Бірақ бықсып жатқан жерлерін солай қалдырып кете барды. Біраз уақыттан кейін түтін шығып жатқанын байқап, қайтадан телефон шалдым. Сонда айтқан жауабына қараңыз: “Өзіңіз сөндіріп көріңіз”, – дейді. Қар лақтырып едім, бой бермеді, сосын оларды қайта мазаладым. Келді-ау ақыры, бірақ не күректері, не сүймендері жоқ. Менен күрек сұрайды. Осындай да өртсөндіруші болады екен-ау. Бұл жолы, тіпті, бықсып жатқан жерге су да құйған жоқ, күрекпен шұқып-шұқып кетті. “Су құйыңдар” десем құлақтарына да ілмеді. Шамасы, бұл жолы да сусыз келген сияқты, – дейді өртенген үйдің иесі Мұрат Қожанов.

Жартылай өртенген үйде түнеу мүмкін болмаған соң Мұрат отбасын алып, қаладағы туыс-туғандарына кеткен кезде үй үшінші рет тұтанған. Түтінді байқап қалған көршілері өрт сөндірушілерді тағы шақырған. Алғашқы екі өрттен кейін үйді жөндеп алу мүмкін болса, үшінші рет шыққан жалын баспананы түгел жарамсыз етіпті. Сыртқы шифер қабырғалары ғана қалқиып тұр. Ал іші түгел жанып кеткен, жиһаз, киім-кешек те күлге айналған. Өртсөндірушілер өз кінәларын мойындамаған соң отағасы журналистерді шақырып шағымын айтуға мәжбүр болған. Бұған дейін елең етпеген жергілікті әкім-қаралар да, төтенше жағдай мамандары да тілшілер келгенін ести сала, қас қағым сәтте апат болған үйдің маңына жинала қалды. Аудан әкімінің орынбасары Берік Жүнісов жәбірленушілердің көше қардан тазаланбайды деген айыбын жоққа шығарумен болды. Ал өртсөндірушілер де сылтау іздеп бақты. Мысалы, алғашқы өрт пен соңғы өрттің бір-бірімен байланысы жоқ, дейді олар.

– Өрт бөлімі мен өртенген үйдің арасы 4-5 шақырым ғана. Сондықтан біздікілер кешігіп жетті деген жалған сөз. Ал бір үйдің үш рет өртенуінің бір-біріне қатысы жоқ. Бірінші өрт пен үшінші өрттің арасында 37 сағат өткен. Бұл екі тәулікке жақын деген сөз. Өртсөндірушілер үшінші рет келгенде үйде ешкім жоқ, есігі құлыптаулы болды. Бірақ терезелері сынған екен. Біздің болжамымызша, үйде ешкім жоғын пайдаланып, қаңғыбастар кірген болуы мүмкін. Отты да солар қойған шығар, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі бастығының орынбасары Ораз Кәрішалов.

Өртсөндірушінің бұл пікірімен жәбірленуші тарап келіспей отыр. Екі өрт арасындағы уақыт алшақтығы да онша ұзақ болмағанын айтады. Бірінші өрт электр қуатының тұйықталуынан шыққан деген болжам бар. Ал екінші және үшінші рет сөнбей қалған шоқтан шықты ма, әлде біреулер от қойды ма? Ол жағы әлі белгісіз. Анығы үй жөндеуге келмейді, осылайша қыстың көзі қырауда 4, 2 жасар және 9 айлық үш баласы бар отбасы панасыз қалды.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp