«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДАР ҰСТАХАНАСЫНДА ШЫҢДАЛҒАН ӘЛИЯ – өз ісінің білікті маманы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы сексен жылға таяу тарихы бар бұрынғы №2 қазақ мектеп-интернаты, қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат кезінде нағыз ұстаздар ұстаханасы болатын. Онда Шәміл Құсайынов, Рәшида Азаматова, Ғалым Хамзин, Мәриям Мырзатаева, Қизат Ақбидаев, Бәрменбай Темірболатов сынды республика көлеміне әйгілі мұғалімдер жемісті еңбек етті. Солардың көшін жалғастырып келе жатқан мамандардың бірі – ҚР оқу ісінің құрметті қызметкері, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әлия Малдыбаева.  

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған Әлия Ғалымқызының аталмыш оқу орнына жас ұстаз болып келіп, шыңдалу мектебінен өткеніне де 39 жылдай болып қалыпты. Содан бері аталмыш ұжымда өзінен үлкен аға буыннан, алдыңғы қатарлы педагогтердің іс-тәжірибесінен үлгі-өнеге ала жүріп, заман талабына сай өскелең ұрпаққа саналы білім мен тәрбие берерлік жолдан өтті.

 

– Ұстаздық – әлемдегі ең ғажайып, маңызын жоймайтын мамандық. Ұлы ғұлама Абай ата-мыз: “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға, ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға”, – деп тегін айтпаған ғой. Сондықтан болар, өз пәніме, шәкіртіме деген сүйіспеншілік мені өмір жолымда ілгері жетелеп келеді. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен жылдарымды өзімше ізденіс, толығу, жемісті жылдарым деп үш кезеңге бөлемін. Қай кезеңде болсын ізденісті тоқтатқан күнім болған жоқ, – дейді Әлия Малдыбаева педагогтік қызметі жайлы.

Жас ұстазға кезінде Бабанскийдің оңтайландыру туралы еңбектері, Алматыда шығатын “Қазақстан мектебі”, Мәскеуде жарық көретін “Народное образование” журналдарында жиі басылатын жаңашыл ұстаздардың жарқ еткен жаңалықтары көп көмегін тигізген. “Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” деген сөз тегін айтылмаған ғой. Ақын Ғалым Малдыбаевтың отбасында туған Әлия классик жазушылар Сәбең мен Ғабеңді өз көзімен көрді, батасын алды. Олардың және басқа да көрнекті ақын-жазушылардың шығармашылығын әрбір шәкірттің жүрегіне жететіндей қылып, оқытудың жолын таба білуді мақсат етті. “Абай жолы” романы – халық педагогикасының кәусар бұлағы” атты зерттеу мақаласы, республикалық, облыстық ғылыми-тәжі-рибелік конференцияларда жасаған баяндамалары осы сөзімізге дәлел бола алады.

“Жазушымен бір жүздесу – ғұмырлық өнеге” атты естелігінде Әлия Малдыбаева Ғабит Мүсіреповтің ұстаздық жайлы айтқан ұлағатты сөздерінен мысал келтіре отырып, мұғалімдерге өскелең ұрпақ тәрбиелеуде үлкен міндет жүктелетіндігіне көз жеткізгендігін ерекше атап айтады. Сөйтіп іздене жүріп, Әлия Ғалымқызы өз тәжірибесімен бөлісетін, әдіс-тәсілдерін әріптестеріне үлгі ететін дәрежеге де жетті. Ұстаздық жолында ерінбей еңбек етудің арқасында республикалық, облыстық газет-журналдарда 300-ге тарта мақала жариялады, “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығынан 3 әдістемелік құрал шығарды. Бұл еңбектері де атаусыз қалған жоқ. 1995 жылғы 12 сәуірдегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Әлия Малдыбаеваға “Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері” атағы берілді.

“Шәкіртсіз – ұстаз тұл”. Шындығында да солай. Ұстаздың даңқын аспандататын да, абыройын түсіретін де – шәкірт. Бұл тұрғыдан келгенде Әлия – бақытты ұстаз. Сегіз шәкірті – филология ғылымының кандидаты, бір шәкірті, “Жас қазақ” газетінің бөлім редакторы Гүлзат Нұрмолдақызы – “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Шәкірттерінің 40-қа жуығы журналист, жүз шақтысы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгерген.

“Әлия Ғалымқызы – өз пәнін терең білетін жан. Оның әр сабағы бізге жаңалық болып табылушы еді. Тек тыңдай бергің келетін. Сөзге шешен, тілі майда, дауысы құлаққа қандай жағымды естілуші еді. Тіпті, үзіліске де шыққымыз келмейтін… Әлия Ғалымқызы “2” қоймайтын, бірақ сол тапсырманы кейін міндетті түрде сұрайтын. Осының бәрі – оқушының өз бетінше іздену мақсатын көздеген іс. Осылайша бізді іздену арқылы білім тиянақтауға үйретті”, – деп ұстазы жайлы жылы лебіз білдіріпті Гүлім Ақпарова “Өзіңмен өтті қыс-жазым” атты мақаласында. Ал өзі оқыған оқу орнының 75 жылдығына арнайы жолдаған құттықтау хатында белгілі журналист Гүлзат Нұрмолдақызы: “…Менің азамат болып қалыптасуыма, білікті маман иесі атануыма қосқан еңбектеріңіз үшін бәріңізге шәкірттік ниетімді білдіргім келеді. Осы орайда ұстазым Әлия Ғалымқызына айтар алғысым шексіз. Сөз өнерінің құдіретін сезінуге ұстазымның ықпалы, еңбегі, ақыл-кеңесі мол болды”, – дейді. Бұлар – ұстаздың қарапайым еңбегіне берілген бағаның бір парасы ғана.

Әлия замандасымыз зейнеткерлік жасқа келсе де, өзі еңбек жолын бастаған білім ошағында өскелең ұрпақтың игілігі үшін 39-шы жыл ұстаздық қызмет атқарып келеді. Жоғары санатты мұғалім, ҚР оқу ісінің құрметті қызметкері атанған ұлағатты ұстаздың еліне әлі де берері аз емесі анық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp