«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ЖҮРЕГІНДЕЙ №2 жылу-электр орталығының жұмысы мінсіз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров “СевКазЭнерго” АҚ-ның Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығында болды. Қазір мұнда 2015 жылға дейін жоспарланған инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Бұл кәсіпорын 1961 жылы пайдалануға берілген. Облыс орталығындағы жылу энергиясын тарататын негізгі құрылым. Бұған қоса, станция облыстың 8 ауданын электр жарығымен қамтып отыр. Мұндағы негізгі қондырғылардың құрамына 11 энергетикалық көмір қазандығы, 7 турбоагрегат кіреді. Станцияның электр қуаты 334 МВт-ға тең, жылу қуаты – сағатына 708 Гккал.

 

Кәсіпорынның жұмысымен “СевКазЭнерго” АҚ басқармасының төрағасы Игорь Татаров пен Петропавл №2 жылу-электр орталығының директоры Виктор Бармин таныстырды. Алдымен өңір басшысы 2012 жылы қайта қалпына келтірілген №6 қазандықтың жұмысына қанық болды.

Жылыту қабатын толық ауыстырып, күлтоқтату қондырғысын орнатқан соң қазандықтың бу өнімділігі сағатына 220-дан 270 тоннаға дейін артқан. Ал станциядағы №7 қазандық былтыр толығымен жаңартылыпты. Бұған жұмсалған қаржы – 2,765 млрд. теңге. Нәтижесінде жаңа қазандықтың да қуаты артып, техникалық мүмкіндігінің аясы кеңейе түскен. Мәселен, қазандықтың жану режімін өзгерту жолымен азот тотығының ауаға шығарылуы 900-ден 470 мг/нм3-ге дейін төмендетілген. Сондай-ақ бүгінгі күні аталмыш қондырғы басқарудың автоматтандырылған жүйесі арқылы жұмыс істеуде.

Жылыту жүйесін жаңарту мақсатында станциядағы тағы бір қазандық ауыстырылуда. Бұрынғы ескірген №4 турбоагрегат алынып тасталып, оның орнына Орал зауытында шығарылған жаңа жылыту турбинасы орнатылуда. Бүгінде жұмыстың 23 пайыздайы орындалған. Жерасты шаруашылығының құрылысы және турбина корпусы мен генератор статорының төменгі бөлігін орнату бойынша жұмыс жүргізілуде. Компания мамандарының айтуынша, аталмыш жаңа турбоагрегат электр жүктемесін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аталмыш жобаның жүзеге асырылуы электр мен жылу тұтынуды жоғары деңгейге көтеріп, жанар-жағармай шығынын, қоршаған ортаға зиянды заттардың бөлінуін азайтады. Жаңа турбогенераторды монтаждау жұмысы биылғы қазан айында аяқталуы тиіс. Жобаның құны 4 366, 640 млн. теңгеден астам. 2015 жылға қарай станциядағы ескірген қондырғылардың 35-40 пайызы энерготиімді және осызаманғысына ауыстырылатын болады.

– 4 жылдың ішінде тарифтерден түскен және арнайы бөлінген 20 млрд. теңге қаржыға станцияда біраз күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың аяғына дейін қуаты 50 МВт-қа тең тағы бір генераторды іске қосып, өзге облыстарға да электр қуатын жеткізу нәтижесінде облысымыз экономикалық пайдаға кенелетін болады. Ең бастысы, облыс тұрғындары уақтылы және сапалы жылумен қамтамасыз етіледі, – деді Самат Ескендіров журналистерге берген сұхбатында.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp