Облыстық кедендік бақылау департаментінің 2012 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды.
Облысымыздың былтырғы сыртқы сауда айналымы 2011 жылмен салыстырғанда 2 есе өсіп, 840,4 млн. АҚШ долларын құрады.
2011 жылдың күзінде мол астық жинау нәтижесінде былтыр Кеден одағынан тыс елдерге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі ұлғайды.
Астықты тасып-жеткізу және темір жол кептелістерін болдырмау мақсатында кеден бекеттері тәулік бойы, тіпті, демалыс және мереке күндері жұмыс істеді.
Облысымыздың ұйымдары мен кәсіпорындарының негізгі сауда серіктесі бұрынғысынша Ресей мемлекеті болып қалып отыр. Онымен Кеден одағы шеңберіндегі сыртқы сауда айналымы салық органдарының мәліметі бойынша 26,6 пайызға артып, 667 млн. долларды құрады (2011 жылы 526 млн. теңге).
Өңір астығының көбі мына елдерге жөнелтілді: Өзбекстан (391,9 мың тонна), Тәжікстан (371,8 мың тонна), Әзірбайжан (336,7 мың тонна), Иран (283,8 мың тонна), БАӘ (204 мың тонна), Түркия (199,1 мың тонна), Қырғызстан (137,2 мың тонна), Йемен (129,1 мың тонна) және тағы басқалары.
Импорттың негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған қондырғылар мен ауыл шаруашылығы техникасы құрап отыр. 2011 жылы импорт 61 пайызға артып, 190,8 млн. теңгені құрады. Сырттан әкелінген тауарлардың ішінде мыналар басым: ауыл шаруашылығы техникасы (23%), сүт өнеркәсібі үшін жабдықтар (11%), асылтұқымды мал (8%), ұн үгу өнеркәсібі үшін қондырғылар (4%). Тауарлардың көбі Еуропадан (83 млн. долларға), Украинадан (27,6 млн. долларға), Қытайдан (25,8 млн. долларға), АҚШ-тан (22,4 млн. долларға) әкелінген.
Кеден төлемдерін жинау бойынша болжамды тапсырма 103,6 пайыз орындалып, республикалық бюджетке 2,1 млрд. теңге қаржы аударылған.
Сондай-ақ департамент жұмысында құқық қорғау қызметіне ұдайы көңіл бөлінді. Құқық қорғау блогының лауазымды тұлғаларын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу кеден органдары қызметінің сапасының артуына жол салды.
Кеденшілер 2012 жылдың 12 айында 22 қылмыстық іс қозғады. Солардың 13-і экономикалық контрабандаға, 3-еуі есірткі заттарын заңсыз сақтау және жеткізуге қатысты. 53 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 37 іс қозғалған. 4,3 млн. теңге көлеміндегі сомаға айыппұл салынды.
Облыстық кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp