«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕДІЛЖАН СЫРЛЫБАЕВ – ЕҢ ҮЗДІК КОМАНДИР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дастан ТАЙШЫБАЕВ,

Ішкі әскер Әскери институтының курсанты.

“Командир – аға, солдат – іні” деп даңқты қолбасшы, атақты жауынгер, қазақтың Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы, командир өз жеке құрамының қамқоршысы, арқа сүйер ағасы десек, артық емес. Біздің 6-шы оқу ротасының командирі капитан Сырлыбаев – біз үшін үлгі тұтар үздік офицер.

Еділжан Сырлыбаев 1981 жылдың 22 желтоқсанында Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Бақытжан Теміржанұлы – энергетик, анасы Жанаргүл Бегімбетқызы мектеп-интернат меңгерушісі болып қызмет атқарған. Капитан Сырлыбаев – отбасындағы үлкені. Ерік деген інісі мен Арина есімді қарындасы бар. 1999 жылы Бетқайнар ауылындағы орта мектепті тамамдағасын әскер қатарына шақырылып, Ішкі әскердің Қаракемер қыстағындағы №6654 әскериоқу бөлімінде әскери қызметін өткерген. Әскери борышын атқара жүріп, өзінің әскери іске деген ұқыптылығымен және де командирлердің қойылған тапсырмаларын орындау кезінде үлкен жауапкершілігімен көзге түсе бастады.

 

2001 жылы қатардағы атқыш Сырлыбаев Ішкі әскер сержанттарын даярлайтын арнайы бөлімшенің курсанты атанды. Бөлімшеде үш ай білімін жетілдіргеннен кейін сол жылы Павлодар қаласындағы №6679 әскери бөлімінде шебер-сержант болып қызметін жалғастырды. Бұл бөлімде де сержант Сырлыбаев тәжірибесін шыңдай білді, сол кездегі рота командирі, капитан Тюковкин болашақ офицер болуға лайық азамат екенін аңғарып, бала кезінен “әскери адам” болуды арман еткен сержант Сырлыбаевтың көңіліндегі үміт отын жандандырғандай болды. Капитанның ағалық кеңесімен 2002 жылы Еділжан Сырлыбаев Петропавл қаласындағы ҚР ІІМ Ішкі әскері Жоғарғы Әскери училищесіне оқуға түседі. Әскери оқу орнында төрт жыл бойы әскери саланың қыр-сырын меңгеріп, лейтенант шенін алады.

2006-2010 жылдары Теміртау мен Қарағанды қалаларының әскери бөлімдерінде взвод командирі лауазымында қызмет атқарып, 2010 жылы өзі білім алған Әскери институтқа 3-ші оқу батальонының взвод командирі болып жұмыс орнын ауыстырды. 2012 жылдың сәуір айынан бастап 3-ші оқу батальоны 6-шы оқу ротасының командирі.

Еділжан Бақытжанұлы – сүйікті жар, ардақты әке, екі қыз бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы Сая Қуанышбайқызы – командиріміздің қызметіне түсіністікпен қарап, қиын уақыттарда қолдау көрсететін сүйеніші.

Капитан Сырлыбаев Әскери институт қабырғасында болашақ офицерлерді тәрбиелеп, көптеген жетістіктер мен биік белестерді бағындырды. 2011 жылы Ішкі әскер арасындағы “Үздік взвод командирі” байқауында екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. 2012 жылы 6-шы оқу ротасын әскери қызметтің барлық бағыттарынан бірінші орынға көтеріп, Әскери институтымызда ең үздік рота командирі атанды.

Сырлыбаев басқаратын рота білім ордасында тәртіптілігі әрі үздік оқуымен көзге түсіп, заңдылық пен тәртіптің сақталуы жағынан 2012 жылдың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсетті. Еділжан Бақытжанұлының еңбегі өзге де құрылымдардың бағасымен еленді. “Әскери борышын адал орындағаны, қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттегі жоғары көрсеткіштері және үлгілі әскери тәртібі үшін” Сырлыбаев Ішкі әскер қолбасшысы мен облыстық ішкі істер департаменті бастығының грамотасына ие болды.

Сондай-ақ офицердің кеудесінде ІІІ дәрежелі “Қарулы Күштердегі мінсіз қызметі үшін” медалі мен “Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскеріне 20 жыл”, І дәрежелі “Ішкі әскер қызметінің үздігі” кеуде белгілері жарқырап тұр.

Сардардың өміріндегі тағы бір жарқын оқиға жуырда еліміздің бас қаласында болды. 2013 жылғы қаңтар айының 18-23-і аралығында Астанада өткен Ішкі әскер арасындағы “Үздік рота командирі” байқау-сайысында капитан Сырлыбаев жеңімпаз атанды. Сайыста республикамыздың Ішкі әскерінің барлық құрамаларынан үздік деген командирлер бақ сынасқан болатын. Байқауға қатысушылар ату өнері, дене шынықтыру, саптық дайындықтан өздерінің ептіліктері мен шеберліктерін байқатса, мемлекеттік құқықтық дайындық, қазақ тілі, Ішкі әскер тактикасы пәндерінен теориялық білімдерін сарапқа салды. Екі сайыста да жоғары нәтижеге қол жеткізген Еділжан Сырлыбаев І дәрежелі “Үздік рота командирі” дипломымен марапатталып, бәсекелестерін қапыда қалдырды. Осылай өзінің үздік командир екенін тағы бір дәлелдеді.

Бұл жетістік, әрине, оңайлықпен келген жоқ. Рота командирінің күн сайынғы аянбай еңбек етіп, көп уақытын отбасымен емес, жеке құраммен бірге өткізіп, әрдайым әскери тәртіп пен әрбір курсанттың әскери қызметке деген жауапкершілікті сезінуінің талап етуінің жемісі деп ойлаймын. Капитан Сырлыбаев Бауыржан Момышұлының “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” деген қағиданы үнемі есімізге салады: шынында да біз де ертеңгі командирлерміз, сондықтан осы бастан тәртіп пен жауапкершілікке дағдыланғанымыз абзал.

Осындай үздік командир басқаратын ротада білім алып, тәрбиеленіп жатқанымызды мақтан етеміз.

СУРЕТТЕРДЕ: Еділжан Сырлыбаевты марапаттау сәті; үздік командир (оң жақтан екінші).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp