«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМДЕЛІП ЖАТСА ДА, ЕҢБЕКАҚЫСЫН КЕМІТПЕГЕН мемлекеттік қызметші қызметімен қош айтысады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Ішімдік ішіп, рульге отырған Жамбыл ауданы Благовещенка ауылдық округінің әкімі Тұрмыс Иманжановқа қатаң сөгіс жарияланды. Аудан прокуроры Шоқан Құлдановтың айтуынша, ауыл ішінде қызметтік көлікті жүргізіп келе жатқан әкімді жол полицейлері тоқтатқан. Иманжановтың жеңіл түрде мас болғаны кейін сотта да айғақталған. Жамбыл аудандық сотының шешімімен бұл факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалғаны расталып, ауылдық округ әкімі 2 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылыпты. Ал жауапқа тартылған тұлғаның өзі болса, бұл айыппен келіспей отыр. Сол күні жарты бөтелке сыра ішкенін мойындағанымен, мектептің қазандығы істен шығып қалып, соны жөндеуге асыққан едім деп ақталмақ болды әкім. Алайда, осы уақытқа дейін сот шешіміне шағым түсірмеуі оның өз кінәсін толық мойындағанын растайды.

 

Тимирязев ауданы Мичурино ауылдық округі әкімінің аппаратында қызмет ететін жетекші маман Галина Василенконың әрекетінің заңға қайшы екені айдан анық. Ол сырқаттануы бойынша облыстық ауруханада стационарлық ем алып жатқанымен, заңсыз түрде өзіне қатысты толық жұмыс күндерін ресімдеп, 2012 жылдың сәуір, мамыр айларында 126,846 теңге жалақы алған. Прокурордың айтуынша, аппаратта бухгалтердің болмауына байланысты Василенко жалақыны есептеу құқығына ие болған. Бірақ жұмысқа уақытша жарамсыз болған соң да, өз атына заңсыз жолмен толық көлемде ақша аударған. Өз өкілеттігін асыра пайдаланған жетекші маманның енді өз қызметімен қош айтысуына тура келеді.

Ал жол полициясының инспекторы Михаил Васютин облыс орталығында өз міндетін атқару кезінде “Мерседес” маркалы көлікті мінген азаматтың жол жүру ережесін бұзғанын біліп, сол жүргізуші бойынша хаттама толтыру жөнінде нұсқау алған. Жол сақшысы оқиға орын алған жерге бір таксимен келіп, оның жүргізушісі өзінің “Фольксваген” көлігін тоқтауға тыйым салынған орынға қойған. “Мерседес” көлігінің жүргізушісі болса, полицей мініп келген таксидің де жол ережесін бұзып, тыйым салатын белгінің тұсына тоқтағандығын бейнежазбаға түсіріп алған. Ал М.Васютин оған қызмет бабында көрсеткен көмегін ескеріп, еш шара қолданбаған. Прокуратураның талабы бойынша тәртіптік кеңес мүшелері М.Васютинді қызметінен босату туралы ұсынысты қолдап дауыс берді.

Тайынша аудандық білім бөлімінің бастығы Еркін Оразов қызметіне толық сәйкес емес деп танылды. Мектеп директоры кезінде ол әріптесінің өтініші негізінде өзі басқаратын Тайынша қаласының №4 орта мектебінің екі оқушысын Новоприреченское негізгі мектебіне ауыстыру туралы бұйрықтарға қол қойған. Бірақ балаларының бір мектептен екіншісіне ауысқандығы жайында олардың ата-аналарына хабарланбаған. Заң бойынша мектеп оқушыларының оқу орнын ауыстыру ата-аналарының келісімімен ғана жүзеге асуы тиіс. Тексеріс анықтағандай, екі мектеп директоры Новоприреченское ауылындағы негізгі мектептің жабылып қалуына жол бермеу үшін заңды белден басып, осындай әрекетке барған. Осылайша жалған түрде балалар санын көбейтіп, мектепті сақтап қалмақ болыпты.

Жиын барысында өзге де мемлекеттік қызметшілердің тәртібі талқыға салынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp