Қазір қылқалам өнерінде жас суретшілердің ізденістері жанрлық жаңалықтармен ерекшеленеді. Олар суреттің дәстүрлі жолдарынан гөрі мазмұндық және формалық жаңалықтарға талпынады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сондай жас қылқалам иелерінің бірі Александр Герасимов өткен жексенбі, күні облыс орталығындағы “Пилот” дәмханасында өзінің суреттерінің көрмесін ашты.
Сурет өнерімен бала күнінен бері айналысса да, оның жұртшылыққа танылуы 1999 жылдан басталған. Өңірімізге белгілі қылқалам шебері Владимир Гачинскийдің шәкірті болып табылатын Александр Герасимов жаңа мазмұндағы суреттерімен осы шебердің назарын аударыпты. Бұл байланыс он төрт жылдан бері жалғасып келеді.
Жас суретшінің туындылары “Боди-арт” жанрына жатады. Бұл – авангардтық өнердің соны түрі. Адам тұлғасын бейнелеуді мақсат ететін сурет салу формасы.
– Мен адамның сырт тұлғасын кескіндеумен қатар, ішкі рухани дүниесінде бейнелеуге машықтанып жүрмін. Бірақ мұны нудизмге ұқсатқым келмейді. Осы көрмеге он бір жаңа туындымды қойдым, – деді суретші.
Дәмхана меймандары ойын-сауыққа келіп қана қоймай, сурет өнерінің жаңа жанрымен танысуға мүмкіндік алатынын өнер мамандары тілге тиек етуде.