«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ АКТІЛЕРІН ОРЫНДАУ кезінде кедергі келтіретін мәселелер аз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық сотта өткен “дөңгелек үстелде” сот актілерін орындау кезінде туындайтын мәселелер ортаға салынды. Оған облыстық және қалалық сот судьялары, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары, прокуратура, әділет және адвокатура өкілдері қатысты. 

 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Сот жүйесі азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына кепіл болу мақсатында жұмыс істейді. Сот ісі әділ түрде қаралған соң тиісті заңға сәйкес сот шешімі шығарылады. Алайда, сот шешімін шығарып қою аздық етеді, оны орындап, соңғы нәтижесіне қол жеткізу маңызды. Ал, бұл толығымен іске аспай, соңына жеткізілмеген сот шешімдері болған жағдайда әділдікке күмән келтіріліп, сот жүйесі жұмысының тиімділігіне қатысты сенімсіздік орнайды.



“Дөңгелек үстел” осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Байқағанымыздай, сот актілерін орындау кезінде туындайтын проблемалар аз емес екен. Мәселен, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Бахыт Қасейінов алиментті өндіріп алу мәселесінің өткір тұрғандығына тоқталды. Судья айтқандай, алимент төлеуден жалтарған ата-аналар осындай келеңсіз әрекеттері арқылы балаларының лайықты жағдайда өмір сүруіне тосқауыл болуда. ҚР Қылмыстық кодексінің 136-бабы 1-бөліміндегі қылмыстық жауапкершілік сот шешімімен кәмелетке толмаған баланы асырауға бағытталған қаржыны үш айдан немесе одан да көп уақыттан артық төлемеу жағдайында туындайды және бұл әрекет отбасы мен жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыс болып табылады. Алайда, кінәлі тұлға аталмыш бап бойынша алимент төлеуге шынайы мүмкіндігі болған жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады. Өкінішке қарай, нақты жұмыс орны бар, балаға бөліп берер қаржысы бола тұрып, оны өз мақсатына жұмсап отырғандар арамызда жетерлік. Судьялар мен сот орындаушыларының тағы бір пікірінше, борышкерлер тұрғылықты мекенжайы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға барып, өзін жұмыссыз ретінде тіркеуге асықпайды. Мұның орнына нақты табыстарын жасырып, қызметін ауыстырғандығын немесе басқа мекенжайға көшкенін хабарламайды. Сот актілерін орындамағандарды жауапқа тарту ерекшеліктерін Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Айгүл Ақпанова тарқатты. Бұл заң бұзушылық үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 524-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Аталмыш бап санкциясы бойынша тұтқынға алу түріндегі жаза қолданылатындықтан, іс сотта құқық бұзушылық туралы хаттама мен басқа да материалдар алынған күні қарастырылады. Тиісінше осы санаттағы істерді қарастыру соттан жеделдік пен дәлелділікті талап етеді.
Былтыр Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына жоғарыдағы аталған бап бойынша 46 әкімшілік іс түсіп, соның 26-сы қайтарылған, 20-сы бойынша іс жүргізіліп, қаралған. 11 жеке тұлғаға 51 776 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. 9 адам әкімшілік тұтқынға алынған. Ал биыл осы бап негізінде 8 іс қозғалды, 4 адам тұтқындалған.
2012 жылы сот орындаушылары соттарға борышкерлерді әкімшілік жауапқа тарту жөнінде 255 материал жөнелткен. Соның нәтижесінде 150 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.
Петропавл №1 аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысының міндетін атқарушы Анатолий Зосько борышкердің ел аумағынан шығуын уақытша шектеу кезінде туындайтын проблемаларды атап көрсетті. “Егер атқару қағазы сот актісі болып табылмаса және сот актісі негізінде берілмесе, онда өндіріп алушы немесе мемлекеттік сот орындаушысы борышкердің ел аумағынан шығуын шектеуді орнату жөніндегі ұсыныммен сотқа шағымдануына болады”, – деді ол. Алайда, ҚР “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” Заңының 33-бабына сәйкес сот орындаушыларының борышкердің ел аумағынан шығуын шектеу кезінде қандай шара қолдану керектігі еш жерде айқындалмаған.
2012 жылдың 12 айында 1448 борышкер Қазақстан Республикасы аумағынан шығу құқығынан айрылған. Осы бойынша 177 атқарушылық іс жүргізу аяқталып, 116,3 млн. теңге өндірілді.
Сот актілерінің орындалмауына түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің жұмыссыздығы да себеп болуда. Соның салдарынан мемлекет табысына қаржы өндіру бойынша сот актілері ұзақ мерзім бойы атқарылмай келеді. Аға сот орындаушысы Қарлығаш Абаеваның айтуынша, осы және өзге де проблемаларды жою мақсатында шаралар қолданылуда. Мәселен, борышкердің мүліктік жағдайы анықталып, оның ел аумағынан шығып кетуіне уақытша шектеу қойылған. Ал егер борышкер түзеу орындарына тоғытылған болса, сот орындаушысы оның мүліктік жағдайын тексереді, сондай-ақ банктік есепшотының, бас бостандығынан айыру орындарында жұмысының бар-жоқтығын анықтайды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp