«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУРЕТШІ ӨНЕРІНСІЗ САХНА – ЖҰТАҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Театр, сахна өнерінен мағлұматы бар адамдар “Бутафория” деген сөздің мағынасын сұрап жатпайды. Сахнадағы қойылымды безендіретін, спектакльге көмекші құралдарды жасап, оқиғаларды көрерменнің зердесіне жеткізуге қажетті заттарды қолмен жасайтын, сол арқылы заман тарихына бойлататын театр қызметкерін “Бутафор” дейді. Егер әртістер спектакльде оқиғаны сөзбен және алуан қимыл іс-әрекеттермен бейнелесе, бутафор безендіру арқылы қоюшы-режиссердің ой-мүддесін декорациялар жасау, сурет салу, киімдерді тігу арқылы жүзеге асырады. Осындай бутафор Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында да жұмыс істейді. Ол – Людмила Манзюк. Менің онымен сұхбатым газетіміздің редакциясында өтті.

 

– Константин Станиславский “Театр киімілгіштен басталады” деген қанатты лебіз айтып кеткенін білеміз. Соған орай мен “Қойылым бутафориядан басталады” десем, ағат емес деп ойлаймын.

– Әлбетте! Ағаттығы жоқ. Спектакльге келген көрерменнің көзі ең алдымен сахнаға түседі. Ол сахнаға көз жібере отырып, декорацияны байқаған соң көретін қойылымның мазмұнына ой жібере бастайды. Менің нақ пайымдауымша, көрермендердің басым көпшілігі театрға қойылымның мазмұнын аңдап, аңғарып келеді. Айталық, белгілі бір тарихи тұлға, яки оқиға жайындағы спектакль сол көрерменнің жүрегіне бұдан бұрын ұялауы мүмкін. Бәлкім, ол мұны бұрын бірнеше мәрте тамашалаған да болар. Сондықтан ол сахнаға көз салғанда соны өзгерістерді, жаңа шешімдерді іздейді. Бір сөзбен түйіндегенде, білімді, сезімтал, оқығаны мен тоқығаны көп көрермен қойылымның бет-бейнесін, ішкі сюжетін декорация арқылы да пайымдайды.

– Білуімше, сахнагер-суретші дәрежесіне жету оңай емес. Әйгілі театрларда қылқаламын қолынан түсірмей, шығармашылық ғұмырында осы безендіру ісінен басқаға бет бұрмай жүретін шеберлер жетерлік дегім келеді. Мұның астарында қандай сыр бар деп ойлайсыз?

– Менің түсінуімше, бұл – сурет өнеріне, театрға жан-тәнімен тән-тіліктен туған сезім. Бұған өз өмірім де айғақ бола алады

Адамды арман алға жетелейді емес пе?!. Мен – Ресейдің Челябі қаласында туғанмын. Бес жасымда біздің үйде шағын теледидар пайда болды. Басқасы есімде жоқ, ал жадымда қалғаны – балет биі. Оны көріп, мен де шыр-көбелек айналатын болдым. Не керек, осындай “сырқатқа шалдықтым”. Ата-анам балет мектебіне беретін болды.

Бірақ өмірімде күрт өзгеріс болып, тағдыр мені басқа арнаға салып жіберді. 1961 жылы Петропавлда екінші жылу-электр орталығы ашылатын болыпты. Әкем энергетик еді. Ал Петропавлда ол кездері мұндай мамандар тапшы екен. Сондықтан біздің осы қалаға көшуімізге тура келіпті. Алты жасар мені мұнда оқытатын балет мектебі түгіл, қарапайым үйірме де жоқ екен. Сондықтан №38 орта мектепке оқуға бардым.

Кішкене күнімнен сурет салуға бейімім болған. Бірінші сыныпта мұғалім: “Кім сурет сала алады?” деп сұрағанда қолымды көтергенім есімде. Сол күннен бастап он жыл бойы мектептің қабырға газетін шығардым. Өзім безендірем, жамандықты қара бояумен, жақсылықты жасыл түспен бейнелеймін.

Арнайы мамандығым болмаса да, суреттерді кескіндеп, өңдеуге машықтандым. Газет-журналшылар жақсы білуге тиіс: мұны “фоторетушь” дейді ғой. Осы іспен шұғылданып жүргенде қалада “Сувенир” фабрикасы барын естіп, қызметке алу жөнінде өтініш білдіргенімде сурет салу, безендіру қабілетіме қаныққандар уәж айтпастан қабылдады.

Осылайша мұндағы бұйымдарды әшекейлеп, ыдыс-аяқтарды, дастарқанға қойылатын жабдықтарды, жиһаздарды безендірдім. Мақтанғаным емес, мен кескіндеген бұйымдар дүкендерде жатып қалмай, өтіп кететін болды.

Бірақ өмір мені тағы бір тың арнаға салды. Сөйтіп, 1980 жылы “Динамо” фабрикасына тігінші болып орналастым. Бала күнімнен осы мамандыққа да ықыласым ауып тұрушы еді. Бара-бара әбден меңгеріп алдым. Мұнда цехтар арасында қабырға газеттерінің байқауы өтетінді. Менің цехымда бұл жұмысты өзім қалап алғам. Үнемі жүлделі болып жүрдік. Мұны байқаған кәсіпорын директоры маған тігілетін бұйымдардың нобайларын безендіруді жүктеп, фабриканың суретші-кескіндеушісі болдым.

1991 жылы фабрикада қысқарту етек алды да, мен қиналмастан шығып кеттім. Өйткені, сол кездері жиһаздарды, әшекей бұйымдарын шығаратын шағын кәспорындар ашыла бастады. Мен “Полет”, “Сервис” сияқты шағын кәсіпорындарға кіріп, өзіме ежелден таныс машығыммен айналыстым. Қабілеті бар, тіпті, өсіріп айтсам, дарын дарыған адам далада қалмайды ғой. Бастысы, ерінбеу керек. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген сол бір тұсында текке отырмай, лакпен әшекейлеу, шіркеулерді безендіру сияқты жұмыстармен айналыстым. Бейнелеу өнері мектебінде, шіркеуде безендіру бойынша сабақ бердім. Әйтеуір, қол қусырып, заманға өкпе айтып отырмай, таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппадым. Жеке адамдардан астауларды, жайматабақтарды, кеселерді, қазақтың аяқ, тегене сияқты ыдыстарын безендіруге тапсырыстар үзілмеді, соған қоса нақышшы (гравер) өнерін үйренуге де ден қойдым. “Өнерді үйрен де, жирен” деп тегін айтылмаған екен.

– Ал театрға жолыңыз қалай түсті?

– 2000 жылы Петропавлда қазақ сазды-драма театры ашылды ғой. Бұл қазақ тұрғындарының ежелгі арманы екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне көзі тірісінде ұлы қаламгер Сәбит Мұқанов та осыны армандапты. Әйгілі жазушының әрі драматургтің арманы орындалып, театрға оның жүз жылдығына орай есімі беріліп, өнер шаңырағы биік көтерілді. Ал мен 2002 жылы осы өнер ордасына суретші-безендіруші болып орналастым.

Театрдағы менің міндетім – әртістер ойын көрсететін алаңды безендіру. Сахнаның шымылдықтан арғы бейнесін кескіндеймін. Ондағы көрпе қабығандай жымдастырыла тігілетін үлкен маталардағы бөлшек-бөлшек суреттер бір-бірімен дәлме-дәл келуі керек. Мысалы, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Жау-жүрек” (“Балуан Шолақ”) және басқа спектакльдердегі табиғат суреттерін: тауларды, даланы, қамысты көлдерді, тағы басқа өзен-суларды, жан-жануарлардың бейнелерін салдым.

– Сахнаны безендіруде негізгі тапсырысты қоюшы-режиссер береді ғой?

– Әрине, безендіруші-суретші оның ой-мүддесін жүзеге асырады. Мысалы, көркемдік жетекшіміз Біржан Жалғасбаевтың айтқандарын әуелі қағазда бейнелеп, оның ой елегінен өткен соң үлкен бейнеге айналдырамын.

Қоюшы-режиссерлер Баатырбек Шәмбетовпен, Мақсат Ақжоловпен жақсы тіл табысамыз. Маған Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының бас суретшісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Санғат Яруллиннің стилі өте ұнайды. Ол Сәкен Жүнісовтің “Елімай” пьесасы бойынша спектакль қойылғанда біздің театр сахнасын безендіруді басқарып еді. Осы қойылымның барысында мен одан көп сабақ алдым. Үйрене білу де бақыт екенін осыдан ұқтым.

“Жаужүрек” спектаклін сахналаған қоюшырежиссер Жанат Хаджиевпен бірге жұмыс істеу бір ғанибет болды. Талапшыл, табанды. Алайда, бұл талаптары үлкен білімдарлыққа негізделген.

Театрда Күлмайра Сәденова басқаратын тігін цехы бар. Онда сахнагерлердің киім үлгілері тігіледі. Спектакльдің кейіпкерлерін “киіндіру” арқылы сол қойылымдардың кезеңдерін бейнелейді. Қысқасы, мазмұн мен сюжет сурет арқылы да қабысуы қажет. Бұл тарихи шығармалар бойынша қойылымдарды сахналағанда осы тұрғыда жоғары талап қойылады. Өйткені, әр заманның өзіне орай киімі болғаны анық. Осы цехтағы тігінші шеберлермен қоян-қолтық араласамын. Себебі, мен де тігіншімін ғой. Көбіне-көп бас киімдер тігемін.

– Естуімше, Сіздің жұбайыңыз да безендіруші-суретші екен және осы театрда бірге жұмыс істейтін көрінесіздер…

– Ие, жұбайым Серік Ғаббасов та осында безендіруші-суретші. Алғашқы мамандығы бойынша сәулеткер. Алайда, соңғы жылдары осы кәсіпке бой ұрған. Ол Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылынан.

– Сіздің қазақ театрына келуіңіздің сырын енді ұққандаймын.

– Бұл да ақиқат. Ол менің ұстазым десем, артық емес. Қазақтың ұлттық қолөнері, киім-кешектері туралы кітаптарды көп оқиды. Киім үлгілерін жақсы біледі. Өзі суретші болған соң екеулеп, қатар жұмыс істейміз. Сондай-ақ қазақтың “Шаңырақ” энциклопедиясын пайдаланамыз. Бас суретшіміз Ғалия Қожахметовамен кейде пікірталасымызда өзіндік пайымдар туындап қалса да, өнер биігінен қарап, ортақ мақсатта жұмыс істейміз.

– Менің ежелден пайымдауымша, сахна суретші өнерінсіз – жұтаң. Тіпті, суретшінің қолтаңбасы қалмай, спектакль қою мүмкін емес. Оған осы әңгіменің барысында көзім тағы бір мәрте жетті.

– Келісемін. Тіпті, сахнаны суретсіз көзге елестету мүмкін емес. Театр театр болғалы сурет өнері онымен бірге жасап келеді деу керек. Ежелгі Элладаның, Римнің театрларында халықты тарту үшін қойылатын спектакльдердің мазмұнын суретпен бейнелеу, оны күні бұрын көзге түсетін жерге орналастыру дәстүрге айналғаны белгілі. Театрлардың алдында анонс ретінде ілінетін жарнамаларда қойылымдардан көріністер салынып тұрады. Сондай-ақ репертуарлық жоспарда спектакльдердің атаулары баспахана әріптерімен терілмей, суретшінің жазуымен көз тартады.

Суретшінің еңбегі сахнада ғана көрініп қоймайды, ол қан тамыры тәрізді театрдың өн бойына тарайды. Сондықтан театр суретшісі деген кәсіпке ешкім шекесінен қарамауы керек деп ойлаймын.

– Людмила Михайловна, Сізді өлең жазады дегенді құлағым шалды. Құпиясы болмаса, өнеріңіздің осы қыры жайында да айта кетсеңіз.

– Мен өзімді “Ақынмын!” дей алмаймын. Алайда, сезім оянып, шабыт оты жанғанда жыр шумақтарын өретінім рас. Шынымды айтайын, бір сурет салар алдында кейде ойыма жыр шумақтары келеді. Ой құшағына қамаламын да, жыр жазамын. Сонда бұл қанат бітіріп, негізгі жұмысымның арнасын ашып береді.

– Тақырыптарыңыз қандай?

– Өнер, адамгершілік, сенім мен үміт, рухани тазалық, адалдық.

– Мысалы, ең жаңа жазылған өлеңіңіз не туралы?

– Театр жайында. Көне орыс тілінде сахнагерлерді “Көз бояушы”, “Сиқыршы” дейді екен. Ал олар, шынында, сиқыршы ма? Көз бояушы ма? Жанды баураушы десе, дұрыс болар еді. Көне грек мифологиясы бойынша жеті музаның бірі – мельпомена алғашқыда трагедияны бейнелесе, кейін бүкіл театрдың панасы, желеп-жебеушісі атанған. Мен өзімнің азын-аулақ жырларымда осы желеп-жебеушіге табынамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp