«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢДА ТУҒАН АУДАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аудан 4,51 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Батыста ол – Қостанай облысымен, шығыста – Шал ақын ауданымен, оңтүстікте – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданмен, солтүстікте Жамбыл ауданымен шектеседі. Аумағының солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы – 96 шақырым, батыстан шығысқа дейінгі ұзындығы – 71 шақырым.

Аудан экономикалық-географиялық қолайлы жерде орналасқан. Оның аумағы арқылы темір жол магистралі өтеді. Аудандық телекоммуникациялық және пошта байланыстарының тораптары, “Петропавл жолдары” АҚ, Сулы, Ақсуат, Белоградовка станциялары тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Ауданда 16 ауылдық округ, 25 елді мекен бар. Олардың ішіндегі ірі ауылдар: Тимирязев, Ақсуат, Дмитриевка, Комсомольское, Мичурино, Москворецкое.

Аудан аумағында 55 көл бар. Олардың ірілері: Ақсуат, Дос, Жаркөл, Қошқар, Алыпқаш, Үлкен Қақ.

Ауданда ерекше қорғауға алынған аумақтар – Ақжан және Ақсуат қорықшалары.

Қайролла МҰҚАНОВ,

Мәдениет қайраткері, өлкетанушы.

 

Қазақта “50 жылда ел жаңа, 100 жылда – қазан” деген нақыл сөз бар. Бұл сөз уақыттың сол аталған кезеңдерінде елде болатын өзгерістерді дұрыс меңзейді.

1963 жылдың 2 қаңтарында Үкімет қаулысымен бұрынғы Октябрь ауданы екіге бөлініп, біреуі Сергеев (қазіргі Шал ақын, орталығы – Сергеевка) ауданы болып, екіншісі – Тимирязев (орталығы – Тимирязев ауылы) ауданы деп аталды.

 

Енді осы ауданның жері туралы азырақ тарихи шегініс жасайық. Патшалық Ресей кезінде де, кеңестер билігі тұсында да бұл жерлерді тұрғындары жоқ бос жатқан жер деп есептеді. Ал шындығында бұл кең дала мүлде бос болмаған. Бұл жерлерден 60-80-100 шақырым қашықтарда қоныстанған Керей, Уақ ауылдары жаз шыға бұл жерлерге төрт түлік малын айдап әкеліп қоңыр күзге дейін баққан. Яғни, бұл кең өріс дала сол ауылдардың жаз жайлаған жайлауы болған. Мысалы, тарихтан белгілі Есеней, Торсан, Әлти, т.б. байлардың жайлаулары болған. Бұл туралы әйгілі жазушы жерлесіміз Сәбит Мұқановтың еңбектерінде молынан айтылған. Өйткені, ол балалық шағын осы кең жайлаудың бір бөлігі, қазіргі Докучаев ауылының маңындағы “Жаманшұбарда” өткізген. Әкесі мен шешесі жерленген зират та сонда. Сондықтан да ол қай қиырда жүрсе де осында бір соғып, тағзым етіп кетуді перзенттік парызы санаған. Ол, әсіресе, тың жерді игеру кезінде бұл өңірге жиі келіп, бұрынғы бос жатқан жерлерде егін егіліп, мол астық жиналғанын көзімен көріп, тың игерушілердің ерен еңбегін жоғары бағалап, бірнеше жаңа шығарма жазды. Сәбең шығармаларында туған жерге сүйіспеншілігі ерекше орын алады. Ол Жаманшұбардың табиғатын суреттесе де, адамдары туралы әңгімелесе де, жан жүрегіндегі ыстық сезімін төгілтіп отырады. Оқырмандар оның елге, жерге деген сүйіспеншілігі қандай екенін осыдан-ақ аңғарады.

Сәбең Жаманшұбарға соңғы рет 1967 жылғы қыркүйекте келгендегі әсерін “Жақсы шұбар (туған өлке тарихынан)” деген очеркінде (“Ленин туы”, 22.10.1967 ж.) былай көрсетеді: “Біз барған шақта совхоздар егін жинау ісіне кірісе бастаған. Биылғы бай астықты мезгілінде түгел жинап алуға жергілікті күш-қуат жеткілікті болмай, алыстағы туысқан республикалардан көптеген комбайндар келген. Орылған астықты тиісті жеріне кезінде жеткізу үшін әскери бөлім белгіленген. Олардың машиналары және жергілікті машиналар жан-жақтағы астық құятын сарайларға толассыз жүйткіп жатыр. Осы көріністерді көзімен шалған бір қарт:

– Япыр-ай, Жаманшұбардың көрінісінің кереметін-ай! – деп еді, менің немере апам Рабиға Нұртазақызы оның сөзін бөліп:

– Неге “Жаман” деп тұрсың біздің туған даланы? Тұла бойында осынша егін тұнған, қаптап өскен орманы бар. Суы да, астығы да мол, жұрттың өңі түгіл түсіне кірмеген өлкесіне тың көтерілгеннен кейін темір жол жүрген, малы да, егін де мол, осынша кең әрең сыйып тұрған дала жаман болушы ма еді? Ол қазір “Жаманшұбар” емес, Жақсышұбар! Оны бұдан былай осылай атау керек, – деді.

– Рас, – деді бір ауыздан сол арада тұрған топ, – бұл қазір – Жақсы шұбар!”

Бұл очерктен екі нәрсені аңғаруға болады. Біріншісі – сонау замандарда үйір-үйір жылқы жайылып, табын-табын басқа малдар шұрқыраған кең далада бүгіндері ел қоныстанған мекендер орныққан. Екіншісі – тыңға шыққан бітік егінді ысырапсыз жинап алып, қоймаларға жеткізуге сол кездегі кеңшарлардың күші жетпей, басқа республикалардан комбайндар мен комбайнерлер шақырған және мол астықты уақытында қоймаларға жеткізу үшін әскери бөлімдерден автомашиналар алдырған. Мұның өзі бірқатар шығынға да ұшыратып еді. Бұл бір үлкен ауданға қиынға түсті. Нәтижесінде жоғарыда айтқанымыздай, үлкен аудан екіге бөлініп жеке Тимирязев ауданы құрылды.

Енді осы аудан қалай құрылғанына және оны алғашқы кезде кімдер басқарғанына келейік. Аудан құрылған кезде Октябрь аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген Петр Фомичевті жаңа ауданға бірінші басшы етіп жібереді. Бұл туралы Петр Дмитриевич өзінің “Мы поднимали первый пласт” деген естелігінде былай дейді: “Аудан 1963 жылғы 6 қаңтарда өткен аудандық партия конференциясынан басталды. Осы конференцияда мені аудандық өндірістік парткомның (кейін Н.С.Хрущев биліктен түсірілген соң қайтадан райком деп аталды – Қ.М.) бірінші хатшысы етіп сайлады. Ал пленумда хатшының орынбасарлары болып Көкен Қопышев пен Петр Науменко сайланды.

Аудандық атқару комитетінің төрағасы Жақсылық Ысқақов, оның орынбасары болып Николай Большаков сайланды”, – дей келе ол сол кездегі басқа да басшыларды атап өтеді: ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы – тәжірибелі маман Петр Показаньев, прокурор – Федор Перминов, милиция бөлімінің бастығы – Валерий Горшенков, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы – Есләм Омаров, Сулы элеваторының директоры – Владимир Турищев, Сулы автобазасының бастығы – Семен Дектерев, “Тимирязев” кеңшарының директоры – Владимир Пузаков”.

Аудан құрылған кезде онда Солтүстік Қазақстан облысының 8 кеңшары, Көкшетау облысының 2 кеңшары және Қостанай облысының 2 кеңшары болған.

Тыңда құрылған жаңа ауданда өздерінің ерен еңбегімен, мол тәжірибесімен танылған республикаға белгілі мынадай агрономдар қызмет атқарды: Леонид Корецкий, Валерий Кондаков, Құдайберген Қалиев, Владимир Бовсуновский, Николай Гайворон. Инженер-механиктер Владимир Митцих, Ұлан Сүгіров. Зоотехниктер Валерий Сапунов, Шотан Қасымов, Василий Кравченко, Анатолий Пикула, Николай Токарев, Нұртай Шерниязов, Есләм Омаров.

Сол кездердегі әйгілі кеңшар директорлары: Александр Демченко (“Мичурин” кеңшары), Геннадий Блинов (“Москворецкий” кеңшары), Алексей Ермаков (“Восход” кеңшары). Бұлардан басқа да кеңшарларын тиімді басқарған директорлар: Петр Демьяненко, Андрей Стукач, Вячеслав Нишов, Александр Балакин.

П.Д.Фомичевтен кейін ауданның бірінші басшысы болғандар: В.Г.Ганцев, В.М.Юдаков, В.А.Митронин, Қ.Қ.Қалиев, М.В.Троши хин, В.А.Колода, Т.К.Закирьянов, Б.С.Жұмабеков. Бұлардың барлығы да ауданның дамуына өзіндік үлестерін қосты.

2009 жылғы мамыр айынан бастап бұл ауданды ғылым кандидаты Қ. К. басқаруда. Қайрат Қабдоллаұлы басқарған соңғы жылдарда да аудан бірталай табыстарға жетті.

Сол ауданның алғаш құрылған кезінде аудандық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болып істеген қазіргі зейнеткер, облыстың Құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов өзінің “Асқақтаған ауылым” атты естелік кітабында ауданның алғашқы құрылған кезі туралы былай деп жазады:

“1963 жылдың қаңтарында обком мені жаңа ашылып жатқан Тимирязев ауданының атқару комитетінің төрағасы етіп жіберді. Ол уақытта екі баламыз бар. Ең кішісінің әлі бірге де толмаған кезі. Үйге келген бойда келіншегіме: “Осылай да осылай… мені жаңадан ашылып жатқан ауданға жіберетін болды. Өзі жаңадан құрылып жатқан аудан, үй-жайдың реті бола қояр дейсің бе? Ол реттелгенше, сенің балалармен ауылға барып тұра тұрғаның жөн болар”, – дедім.

Не керек, Тимирязевтен бірақ шықтым. Отыратын жер жоқ. Аудандық мекемелерді де орналастыратын орынның реті келмей жатыр. Бұрын кеңшардың орталығы болған елді мекен элеваторда құрылысшыларға арналған жатақхана бар екен. Соған келіп, бір жақ бетіне аудандық партия комитеті, ортаңғы бөлігіне ауыл шаруашылығы басқармасы орналасты. Элеватордың кеңсесінен бір-екі бөлмені аудандық атқару комитетіне берді.

Жаңадан құрылған тың шаруашылықтары енді-енді ғана икемделіп, жинақталып жатқан кезең. Жан-жақтан келген жұрттың бәріне де үй керек. Олардың денсаулығына қарайтын мекеме, мектептер, мәдениет ошақтарын тұрғызу қоса қабат жүргізіліп жатыр. Жол жоқ, онымен жүретін техниканың да аз уақыты. Байланыс мәселесі де қиын.

“Әкім тәтті өмірді сүйсе, елдің күні қараң”, – дейді Баласағұн бабамыз. Біз желдің өтінде жүрдік. Қиыншылыққа арқа тосып, жаңа аудан құрдық. Шаруашылықтардың бәрі де енді-енді ірге көтерген, “жоқ” деген сөз көп айтылады. Расында, елдің мәдени-тұрмыстық қажетін өтейтін мекемелер жоқ, жаңадан отау құрғандарға берілетін баспана жоқ, анау жоқ, мынау жоқ. Не керек, аттан түспей шапқылап, жұртты жұмылдырып, сол жоқтардың денін азайттық. Жаңа аудан іргелі ауданға айнала бастады”.

Бүгіндері Тимирязев ауданы – облысымыздағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Онда өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы да өз дәрежесінде дамыған. Егер 60-80-ші жылдары өсірілген егінді жинауға және жиналған астықты қоймаларға жеткізу үшін аудан басқа республикалар мен әскери бөлімдерден көмек сұраса, қазіргі кезде ондай мұқтаждық жоқ. Өйткені, осы күнгі егін егу, егін жинау техникасы аз уақытта егіс науқанын өткізуге толық мүмкіндік береді. Ал астық сақтауға арналған “Тимирязев элеватор” ЖШС, “Ақсуат элеватор” ЖШС екі линиялық элеваторлар және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне астық науқанында бидайды сақтау және тапсыруға қолайлы бірнеше шағын элеватор бар. Ауданда құрылыс, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, т.б. салалар да жылдан-жылға дамып, нығаюда.

Бүгіндері тимирязевтіктер барша қазақстандықтармен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын жүзеге асыру үстінде.

Осы ауданның Ынтымақ ауылының тумасы болғандықтан, мен де жерлестерімнің әрбір жетістігіне қуанамын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp