«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘЛІМІ МОЛ ТӘРБИЕШІ АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1993 жылдың 10 қаңтарында Президенттің Қазақстан Қарулы Күштерінде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарларының институтын құру туралы Жарлығы шыққан болатын. Сол тұстан бері әскер қатарында тәрбие саласы мықтап қолға алынып, қазіргі уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда, бүгінгі күні әскер ішінде қылмыс азайып, тәртіпсіздік те жылдан-жылға жойылу үстінде. Осы тұрғыда тәрбиеші мамандардың алатын орны айтарлықтай. Ішкі әскерде тәрбие жұмысының басы-қасында тұрып, білікті қызмет атқарған офицерлер бір төбе. Солардың бірі – полковник Ошақбай Сейітбеков бүгінгі күні Ішкі әскер Әскери институтында әскери педагогика және психология кафедрасына жетекшілік етіп жүр. Біз офицер ұстазды сұхбатқа тартқан едік.

– Ошақбай Жасұзақұлы, тәрбиеші маман ретінде әскердегі алғашқы қадамдарыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Әскери өмірге мен алғаш 1993 жылы түзету мекемесінің бақылаушысы болып аяқ бастым. Ең күрделі әрі ауыртпалығы мол кез осы жылдардың еншісіне түсті ғой. Кеңес Одағы ыдырағасын дербес ел болдық. Барлығын жаңадан бастауға тура келді. Әскер сапында офицер мамандардың жетіспеушілігі сезілді. Осы жылы мен офицерлерді даярлау курсынан өтіп, №6654 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Ойланатын уақыт жоқ. Қызметті бірден оңтайландырып әкету керек болды. Қолдан келгенше жұмысқа белсене араластық.

 

– Сіздің ойыңызша, тәрбиешілер институтын құрудың қажеттілігі қанша болды?

– Бұл дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Елбасымыздың сол кезде болашаққа жасаған көріпкелдігін ерекше атап өту қажет. Осы құрылым бүгінде өз жемісін бергеніне көзіміз жетті. Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық құлдырау барша халыққа ауыр соққаны шындық. Әскердегі ахуалдың халін айтпаса да түсінікті. Материалдық жағдай төмен, қолбасшылардың ойында ең әуелі сарбазды қалай киіндіріп, қалай тамақтандыру мәселесі тұрды. Осыдан келіп әскерде қылмыс көбейіп, тәртіпсіздік белең алды. Шиеленісті жағдайды тұрақтандырып, барлығын орнықтыру күн тәртібіндегі негізгі сауалдардың бірі болды. Сондықтан тәрбиеші мамандар қызметке етене араласып, жауынгерлерді тәртіпке шақырды, олардың бойында жауынгерлік рухты көтеріп, Отан қорғау – бұл ер-азаматтың парызы екенін айтып, түсіндіруге тырысып бақты. Өз тәжірибеме келетін болсам, біз сарбаздарды қазақ халқының батырлары, Ұлы Отан соғысындағы майдангерлердің ерлігі үлгісінде тәрбие беруге белсене араластық.

– Қызмет, әрине, оңай болған жоқ. Жауынгерлермен жұмыс барысында негізгі арқау неге сүйенілді?

– Өз басым, есептеп отырсам, жеті әскери бөлім ауыстырыппын. Шымкент қаласындағы №6506 әскери бөлімінде тәрбие жұмысы бойынша рота командирінің орынбасары, бөлімше бастығының көмекшісі, оқу батальоны командирінің орынбасары қызметтерінен өтіппін. Кейінгі жылдары Павлодар, Астана, Алматы қалаларында әскери бөлім командирінің орынбасары, бөлімше бастығы лауазымдарында қызмет жасап, тәрбие жұмысын ұйымдастырдық. Еліміздің қай түкпірінде жүрсек те, жауынгерлердің рухын жоғалтпауға тырыстық. Басты міндет бөлімшелерде рухани жағдайды көтеріп, сарбаздарды ерлік пен елдік қасиеттері тұрғысында тәрбиелеу болды. Жұмыс барысында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша Ішкі істер министрінің тұжырымдамасы, Ішкі әскер қолбасшысының бұйрықтары мен дерективалары басшылыққа алынды. Құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке жол бермеуде әскери полиция, әскери прокуратура, әскери қарсы барлау қызметі және басқа да әскери басқару органдарымен бірлесіп жасап жатқан жұмыстар да бүгінгі күні оң нәтижесін беріп келеді.

– Сіздің өмірлік жолыңызда тәжік-ауған шекарасындағы қызмет бар. Осыған тоқталып өтсеңіз.

– Тәжік-ауған шекарасында 1995 жылдың қыркүйегінен 1996 жылдың ақпаны аралығында қазақстандық бірлескен батальонның құрамында командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарының қызметін атқардым. Бұл жайында баспасөз беттері мен тарихи еңбектерде бірталай жазылып, айтылды. Бұл аумақта да қызмет тынымсыз жүрді. Бізге қойылған басты мақсат – шекара шебінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Осы жерде есірткі мен заңсыз қару-жарақ тасымалына тосқауыл қойып, бекеттерде тыныштықты сақтадық. Тәрбиеші ретіндегі бұл қызметіміз де тарих қойнауына енді.

– 2007 жылдан қызметтік жолыңыз әскери оқу орнында жалғасып келеді. Ұстаздың тәрбиеші ретіндегі рөлі қандай?

– “Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет”, – деген екен қазақтың қаһарман батыры, жалынды қолбасшысы Бауыржан Момышұлы. Әскери институт бұл күні әскери мамандардың ұстаханасына айналған. Бұл жерден тәлім алған мамандар қазіргі уақытта Ішкі әскер құрамаларының қолбасшылық сапына дейін жетіп үлгерді. Оның ішінде тәрбиеші офицердің бар екенін ескерсек, әскери білім ордасында тәрбие жұмысы тиісті деңгейге қойылғанын айтуға болады. Бұл – мақтануға тұрарлық. Болашақ офицерлермен қызметімді алғашында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімінің бастығы лауазымында бастадым. Аз уақыттан кейін осы саланың цикл бастығына ауыстым. Ұстаздық қызмет осы жерден өрлеу алды. Шығармашылық жұмыс пен ғылыми ізденістерге уақыт табылып, осы жылдар аралығында бірнеше әдістемелік құралдар шығардым. Оның ішінде “Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскеріндегі ТжӘҚЖ” оқу құралы, “ТжӘҚЖ” екі томдық оқу-әдістемелік құралы, “Офицерлердің анықтамалық сөздігі”, “Құқық негіздері” және т.б. еңбектер бар. Әскери өмірде жиған тәжірибесін курсанттарға жеткізіп, білікті тәрбиеші болуда қазіргі уақытта кафедра ұжымы аянып жатқан жоқ. Біздің сапта бұрын құрама командирлерінің орынбасары болған полковниктер Дүйсембек Елжанов, Александр Кухарев, подполковник Ғазиз Бауберіков, білікті тәрбиешілер, запастағы полковник Александр Митяев пен подполковник Рысмағанбет Жүсіпов секілді офицерлер бар. Кафедраның оқытушылар құрамы әр уақыт болашақ офицердің мықты маман болуына белсене атсалысып, мол тәжірибесімен бөлісуді асыл парызы санайды. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” демекші, тәрбие жұмысын одан әрі жетілдіре бермекпіз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Руслан ЖАНГУЛИН,

Ішкі әскер Әскери институтының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp