«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАТТЫҚ ӘУЕНДЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті болып өтті. Жаңа атауға ие болған ұжым он үш жыл бойы сахна төрінде өнер көрсетіп келеді.  

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұрын “Есіл” деген атаумен танылған оркестрдің бұл жолғы концерті ерекше жағдайда өтті. Ақын, әнші, өнерпаз Сегіз серінің есімінің берілуі бір бөлек, кешке Алматыдан біраз қонақ шақырылыпты.

Ұжымның көркемдік жетекшісі және дирижері, ҚР мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров бастаған топ ұлттық әуендерді әуелетті. Тәттімбеттің “Саржайлауы”, Құрманғазының “Ақбайы” мен “Сарыарқасы” жоғары деңгейде орындалып, тыңдармандардың көңілінен шықты.

 

Қайырлы Ғафуровпен бірге оркестрге жерлесіміз, бүгінде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білім алып жүрген жас өнерпаз Әсет Әбдірахманов дирижерлік етті. Өнер жолын енді бастаған жас дарынның төселуіне үлкен мектеп бұл. Әсет бастаған оркестр Е.Брусиловскийдің “Думанда” туындысын керемет орындады. Ал, халықаралық байқаулардың лауреаты Нәдия Нәденованың оркестр сүйемелдеуімен шырқаған әні әрқайсымызды шаттыққа бөледі.

Сонымен қатар өнерсүйер қауым Ұлттық консерваториядан арнайы келген Мақсат Мақұлбековтің, Ермек Бірімжановтың талантына тәнті болды. Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқасы” мен “Көзімнің қарасы”, “Ақбақай” мен “Гауһартас” әуелегенде бір марқайып қалдық. Қобызда, виолончельде, домбырада орындалған туындылар концерт бағдарламасын түрлендіре түсті. Күміскөмей әншілеріміз Жанат Алпысбаева, Жанат Айтбаев, Дәмеш Құрманкина бірнеше шығарма орындап, кештің сәнін келтірді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp