«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТЫҚҚА БОЙ АЛДЫРМАҒАН АҚСАҚАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Валерий МАСЛОВ,

“Одақ” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қадыр Сайдуов ақсақалды білетін жандардың бірде-бірі оның қолы қыбырламай жүргенін көрген емес. Солтүстікқазақстандық ауыл баласы жас кезінен еңбекке араласып, ата-анасына қолғабыс беруден жалыққан жоқ. Осылайша үй шаруасына ерте төселген жас есейе келе техникаға құмартты. Алайда, жоғары оқу орнына түсудің сәті бірден түсе қойған жоқ, балы жетпей қалды. Бірақ оған мойыған ол жоқ. Ауызсу қорын іздестіру жөніндегі геологиялық экспедицияға жұмысқа кіріп, өзіне керекті еңбек өтілін жинады. Сосын Семейдегі ядролық полигон аймағында әскери қызметтен өтті.

 

Ақыры арманға адалдық танытып, ауыл шаруашылығы институтының инженері дипломын алып шықты. Одан кейінгі еңбек жолын жөндеу зауытының механигінен бастап, бас инженерге дейін өсті. Өз ісіне деген ұқыптылығы, шешім қабылдаудағы батылдығы және адалдығы мен тәртіптілігі Қадыр Қажахметұлының беделін арттыра түсті. Соның арқасында ол көп ұзамай облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі қызметіне ұсынылды. Сол жылдары өңірге басшылық еткен Социалистік Еңбек Ері Василий Демиденко өте талапшыл жан болатын, өз қолы астындағылардан да соны талап етті. Қадыр басшысының сенімін ақтай білді.

Партиялық жұмыс жауапты әрі жеңіл де емес, бірақ өзінше қызықты да. Алайда, Қадыр Қажахметұлы өзінің сүйікті ісі – техникаға деген сүйіспеншілікті жүрек түкпірінде сақтай білді. Сөйтіп, ақыры сәті түсіп “Госкомсельхозтехника” бірлестігіне басшы болып тағайындалды. Ол кезде “Сельхозтехника” атына күніне 60-тан 90 вагонға дейін әртүрлі жүк түсіп тұратын. Онда жұмыс киімдері, химикаттар, қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдарынан бастап, ірі агрегаттар мен ауыл шаруашылығы машиналарына дейін бәрі де болды. Кәсіпорын қоймаларындағы материалдар мен жабдықтардың атауы 90 мыңға дейін жететін. Осының бәрін облыс шаруашылықтарына дұрыс және әділ бөліп беру жеңіл жұмыс емес.

Қадыр Қажахметұлы жұмысқа қабілетті, ұйымшыл ұжым құра білді. Осы күнге дейін Ж. Бекішев, А.Взятко, В.Дзун, В.Мицих, В.Пожиткин және А.Карабашева сияқты көмекшілерін алғыс сезіммен еске алады. “Сельхозтехниканың” қатары қалың ұжымынан Г.Зенченко, Е.Елеусізов, П.Мерк, В.Валерко және Е.Базалев сияқты тамаша өндіріс ұйымдастырушылары өсіп шықты. Үлкен жабдықтау мектебінен өткен олардың бәрі ірі шаруашылықтардың және аудандардың білікті басшы қызметтерінде болып, қайсыбірі күні бүгінге дейін облыстың дамуына өз үлестерін қосуда.

Қалыптасқан ауыл шаруашылығын жабдықтау тетігі қайта құруға дейін мінсіз жұмыс істеп келді. Ал аумалы-төкпелі кезеңде Қадыр өзіне басқа жұмыс тауып, “Кең дала” АҚ-ның бас директорының орынбасары болды. Бірақ ол мүлде басқа жұмыс болатын. Бұрынғы ауыл шаруашылығы құрылымдары жоқ, кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап кеткен. Ал ұсақ шаруа қожалықтарына жаңадан бірдеңе сатып алуларына қаржылық қауқарлары жетпеді.

Сөйтіп жүргенде Қадыр Қажахметұлы зейнеткерлік жасқа да жетіп қалды. Десе де, қол қусырып қарап отыра алған жоқ. Байқап отырса, зайыбы Күлғанымға қазіргі нарық жағдайында қаладағы дәріханалардың біріне басшылық ету оңайға соқпайтын сияқты. Біртіндеп оған жабдықтау, құралжабдықтарды іске қосу және басқа да шаруашылық жұмыстарында көмектесе бастады. Сосын сол жұмысқа қалай тартылып кеткенін де білмей қалды. Тағы да өзін іс басында жүргендей сезінетін болды және бұл орында өте қажеттілігін білді. Қазір зайыбы дәріхана ісіне мүлде араласпайды, зейнеттік демалыста үй шаруасымен және немерелерінің тәрбиесімен ғана айналысады.

Дәріханадағы отанасының орнын екі қызы басты. Қымбаты – меңгерушілік етсе, Ләйласы – оған көмекші. Өзі бұрынғысынша ондағы жабдықтау, техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандыру мәселелерін шешеді. Бір сөзбен айтқанда, отбасылық мердігерлікпен жұмыс істейді деуге болады. Ақсақалдың қос қызы – оның өмір гүлі, зайыбы екеуінің осындай тәрбиелі балалар өсіргеніне мақтаныш етеді. Алайда, ақсақалдың қазіргі ата мейірі 14 жастағы немересі Нұрбектің үстінде. Тіл-көзден сақтасын, бүгінде атасына сүйеніш болуға жарап қалды.

– Мен өмірде көп жетістікке қол жеткіздім, өйткені әрдайым жанымда В.Демиденко, Н.Болатбаев сияқты жақсы ұстаздарым болды. Сол сияқты арқа сүйер достарым мен тәлімгерлерім де аз болған жоқ, олардың қатарында Ж.Ысқақовтың, А.Липовойдың, М.Трошихиннің және басқалардың есімдерін атауға болады, – дейді Қадыр Қажахметұлы.

Жерлестері оны талай мәрте депутат етіп сайлады, мемлекеттік марапаттары да аз емес. Соның ішінде екі Еңбек Қызыл Ту ордені жанқияр еңбегіне берілген әділ баға болса керек. Бұл күндері еңбек ардагері 75 жасқа толғалы отыр. Ал біздерді бұрынғысынша оның жаны жас және өмірлік белсенділіктен арылмаған сергектігі тәнті етеді. Оның өмір белестерінің әрбір кезеңі туған өлкемізбен тығыз байланысты. Ақсақалдың өзін туып-өскен топырақтың төл перзенті санайтыны сондықтан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp