“Солтүстік Қазақстан” газетінде жарияланған “Өндірістің өзегі – жаңа технология, оны жасайтын техник кадрларды даярлау қажет”, – деген мақала менің қолға қалам алуыма түрткі болды. Оның авторы – байырғы инженер Жолдас Лұқпанов.
Шериаздан ҒАББАСҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Киров атындағы зауытқа мен 1970 жылы алғашында техник-конструктор болып қабылдандым, екі айдан соң инженер-конструктор, содан кейін аға инженер-конструкторлыққа қолым жетті. Бітірген оқуым – қаладағы пединституттың физика-математика факультеті. Бала кезімнен инженер болуды армандаған болатынмын, өмірдің ағыны осы оқу орнына алып келді. Институтты тамамдағанда отыздан асқан, екі баланың әкесі атанған, шопан, жүргізуші, балташы, мұғалім, ұста жұмыстарын атқарған, үш жыл әскер қатарында болған әжептәуір өмірлік тәжірибем бар болатын.
Сондықтан мені оқу бітірісімен онжылдық мектепке жолдамамен жіберді. Бірақ баяғы өндіріске құмартқан көңіл көп ұзатпай зауытқа алып келді.
Онда аттай 26 жыл әр салада қызмет еттім. Зауытқа келер алдында мектепте мұғалім, директор болғаным бар, енді осындағы қазақтардың арасында қазақша газет-журналға жазылу ісін жүргізу жөнінде парткомнан тапсырыс алдым. Қазақ ұлтының баржоғы 130 өкілі бар екен. Олардың көбінің өндіріске лайықты мамандықтары жоқ, сондықтан жеңіл-желпі, ақшасы аз жұмыстар атқарады. Кадрды басқаратындардың тамырын басып, неге қазақтар аз десем, қазақтар өндірісте істей алмайды, дейді. Бұл намысқа тиетін жай ғой.
Аға буын өкілдері білуге тиіс: әскери зауыттарға сырттан келгенді жауапты жұмысқа алмайтын. Ол үшін мықты біреудің қолдауы қажет болатын. Мысалы, өзімнің зауытқа орналасуыма марқұм Есілбай Қазбековтің көмегі тиді.
Дүние кезек деген ғой, енді өзім біреулерге көмектесетіндей дәрежеге жеттім. Тамыр-таныстарымның балаларына, жалпы өндірісте жұмыс істеймін деген қазақ жастарына қол ұшын беруге тырыстым. Он шақты адамның зауытқа орналасуына себепкер болдым, бірақ солардың жартысы да тұрақтай алмады. Жаңа келген адамға кім ақшасы мол жұмыс пен жатақханадан тез орын береді? Көбісі алғашқы қиындыққа шыдай алмай, кетіп қалды. Олардың келгеніне куә боламын да, ал кеткендерін басқалардан естимін. Кадр ісін басқаратындар: “Анадағы сіздің орналастырған адамыңыз кетіп қалды”, – деп сүйкей салады. Ал басқа жерде: “Ауылдан келгендер өндірісте жұмыс істей алушы ма еді? Қазақ мал бағудан басқа не біледі, олар сонымен айналыссын”, – дейтіндерін естідік. Оған қалай намыстанбассың?! Дегенмен алғашқы қиындықты еңсеріп, төңірегіндегі жақсы адамдармен тіл табысып, тәуір маман болғандар да бар. Осы жерде айта кетейін дегенім: ынта болса, біздің жастардың қолынан бәрі келеді. Баяғыда қазақтан механизатор, жүргізуші, ұшқыш, тағы сол сияқты мамандар шықпайды дейтін еді ғой. Уақыт өте келе өмір көрсетті ғой – бәрін игерді, ешкімнен кейін, кем қалғамыз жоқ. Қалмайды! Әділдігі үшін айтар болсақ, біздің осал жерлеріміз де жоқ емес. Алдымен уақытты бағаламаймыз, кешігіп жүреміз. Сол зауытқа орналасып, көп тұрақтамай кетіп қалғандардың мінез-құлқын сараласаң, мынадай жай көзге түседі. Ауылға үйіне барса, жұмысқа кешігеді. Айтатындары: “Автобус келмеді”, “Шешем ауырып қалды”, тағы сол сияқты дәлелдер.
Құдайға шүкір, Қазақстан тәуелсіз ел болып қалыптасты. Бәсекеге шыдас беретін 50 елдің қатарына қосылдық. Жыл сайын елімізде жүздеген өндіріс орны ашылады. Енді бізде электровоз, тепловоз, ұшақ, тікұшақ, жүк және жеңіл автокөліктердің әлденеше түрі, тағы басқа өндіріс тауарлары құрастырылып, жиналады. Кейбіреулері экспортқа шығарылады. Осының бәрі тәуелсіздіктің жемісі. Қазақ елі 20 жылдың ішінде осындай жетістікке қол жеткізеді деп кім ойлап, кім қиялдаған?!
“Осыдан үш жыл бұрын еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жарияланған еді. Осы уақыт ішінде 500-ден астам жаңа өндіріс орны салынды”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні” деген мақаласында. Еріксіз бір сұрақ ойға оралады: осы өндіріс орындарында кімдер істейді? Қазақ мамандары осыншама өндірісті игеруге дайын ба? Әзірге дайын емес!
“Біз қазақстандықтардың бойында ең жетілдірілген зауыттар мен ең заманауи өндірістерде істеуге деген құлшынысын шыңдаймыз”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылғы 18 қаңтарда біздің елдегі дипломаттармен кездесуінде. Елбасының іс-қимылын зерделегенде Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздың тасқа қашап қалдырған өсиеттері еске түседі. “Түнде ұйықтамадым, күндіз дем алмадым, кедейді бай қылдым, аз халықты көп қылдым…” деген емес пе? 15 жылдың ішінде халқымыз 3 млн. адамға көбейіп, 17 млн. болдық! Елбасы елін алға сүйреймін деп басын тауға да, тасқа да ұрып жүр. Ал басқаларымыз қарап отыра береміз бе?
Ерте заманда Тораңғыл көлінің төңірегінде бір жақсы адам тұрыпты. Жиналған жерде қызық әңгіме айтып отырады екен. Біреу зер салып тыңдайды, кейбіреу қалғып отырып, ұйықтап кетеді. Сонда ана кісі айтады екен: “Анау антұрғанды оятыңдаршы, ертең біздей болғанда кейінгілерге несін айтады?!” – деп. Ол кісінің айтатыны – күнделік күйбең өмір емес, өсиет. Бұл жастарды дұрыс тәрбиелеудің жарқын жолы.
Осыдан 15 жыл бұрын Елбасы “Қазақстан – 2030” Стратегиясын жариялағанда оған сеніммен қарағандар өте аз болатын. 30 жылда 50 дамыған елдің қатарына қосылу деген орындалмайтын қиял боп көрінген еді. Біз оған 15 жылда қол жеткіздік. Нұрсұлтан Назарбаевтың ендігі мақсаты – елін, халқын ең дамыған 30 елдің қатарына қосу. Алла жазса, қосыламыз! Өйткені, осыған дейін Президенттің айтқанының орындалмағаны жоқ деуге болады. Сосын да дүниежүзінің зиялылары біздің Елбасын бағалайды, сенеді, сыйлайды. Соны растайтын бір-екі дәлел келтірейін.
Біріншісі – елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясы құйылды. Бұл – дүниежүзінің алпауыт компаниялары біздің елдің өндірісіне осыншама қаражат салды деген сөз. Сонда олар ақшасын көрінгенге сеніп бере береді дейсің бе? Кеңес дәуірінде біз оларды ақылсыз көретінбіз. Сөйтсек, олар емес, біз ақылсыз екенбіз. Баяғыда социалистік Шығыс Германия ең дамыған ел деп танушы едік, капиталистік Батыс Германияға қосылғанда олардың 50 жылға кейін қалып қойғаны белгілі болды.
Екіншісі – ең соңғы жеңісімізді айтқалы отырмын, – ол – “ЭКСПО – 2017”. Білгенге бұл жеңіс бұрынғы жеңістерден әлдеқайда маңызды.
Біз осы жеңісті терең түсіндік пе? Халықаралық көрменің аты – “Келешектің энергиясы”. Әлемде энергия тапшылығы біліне бастады. Өйткені, көмір, мұнай, газ таусылады. Олар – бүгінгі энергияның негізі. Қазақстан – оларға бай ел. Бізде оларға қоса мол уран қоры да бар. Біз бұлар бітіп қалады деп қорықпасақ та болар еді. Бірақ экологияға зияны өте қауіпті.
Осы ретте біздің Елбасы үлкен көрегендік білдіріп, әлемнің алдында қандай сын-қатерлер тұрғанын дөп басып, адамзаттың келешегі “Жасыл энергия” екенін анық біліп, дүниежүзілік көрме осы мәселеге арналу керек деп көптің көкейінен шықты. Бұрынғы жеңістеріміз, барлық елдермен дұрыс қарым-қатынасымыз, ішкі тұрақтылық, халқымыздың жасампаздық қарым-қабілеті – бәрі осы жеңіске себеп болды. “Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын” дегендей, жеңістеріміздің басықасында әр уақыт Елбасы тұрады. Оны қасы да, досы да мойындағаны ақиқат.
Келешектің энергиясын біздің елге қатысты айтатын болсақ, ол – күн, жел, жерасты судан алынатын энергия. Бұған қатысты жұмыс Қазақстанда басталып кетті. Бірақ әлі олардың беретін қуаты аз мөлшерде. Ғалымдарымыз ізденіс үстінде. Бұл жерде жас ғалымдарымыз өз үлестерін қосуы қажет. Келешек жастардікі ғой.
Жаңа кезең соны көзқарасты қажет етеді. Өндірісті игермей, шынайы тәуелсіздік болмайды. Осыны дұрыс түсініп, балаларымызды, жалпы жастарды өндіріске бұруымыз керек. Үлкендердің ендігі жерде айтатын өсиеті осыған арналуы қажет. Жоғарыда айтып кеткенімдей, көңіл бөлсе, ынта салса, біздің халықтың қолынан бәрі келеді.