«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ТҰНҒАН ОРДА өрендерге қанат бітіреді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Анар МҰСАБАЕВА,

домбыра сыныбының ұстазы.

Айыртау музыка мектебінің домбыра сыныбында оқып жүрген ұл-қыздар ән-күй өнерінен сусындап, ұлттық мәдениетімізді дамытуға, жаңғыртуға өз үлестерін қосып жүр десек, артық айтқандығымыз болмас.

“Өнер – өмірдің өзіндей мәңгілік” демекші, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы құрылған Айыртау музыка мектебі осы күнге дейін қаншама баланың өнерге деген ықыласын ашты. Домбыра, фортепьяно, хор, электронды музыка бөлімдерінде қосымша білім алып жүрген оқушыларға 3 ұстаз өнердің осы түрлерінің қыр-сырын меңгеруге атсалысуда. Мектебімізде барлығы 33 шәкірт білім нәрімен сусындауда. Фортепьяно бөліміне мектебіміздің меңгерушісі, бірінші санатты ұстаз Руфия Савченко жетекшілік етсе, хор, электронды музыка бөлімдеріне тәжірибелі ұстаз Фаниль Шаймарданов дәріс береді. Домбыра бөлімінде өзім өрім өрендерді қазақтың қара домбырасын шертуге баулып жүрмін.

 

Менің бөлімімде 14 оқушы бар. Олар бес жыл ішінде домбыра аспабы бойынша алғашқы білімдерін алады. Мен оларға Құрманғазы, Тәттімбет, Дина сынды күй саңлақтарын және қазіргі заман күйшілерінің күйлерін үйретемін. Менің алдымда дәріс алып кеткен Азиза Сейітқасымова, Ілияс Мәжитов, Камила Ерікова, Ерқанат Мұсырманбеков, Меруерт Кәрімовалар, бүгіндері оқып жүрген Қарлығаш Жандарбекова, Жанар Тәшенова, Жазира Сұлтанова – болашағынан көп үміт күттіретін өрендер. Өзіміздің домбыра ансамбліміз бар. Шәкірттерім 2007 жылы Петропавл қаласының 255 жылдығында ІІ дәрежелі дипломмен, Мағжан Жұмабаевтың 115 жылдығында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, 2008 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналып өткізілген облыстық байқауда лауреат атанды. Тағы да көптеген жетістіктеріміз бар.

Аудандық, облыстық деңгейлердегі байқауларға қатысып, жүлделі орындармен оралып жүрген шәкірттерім ауданда өтетін барлық мәдени шаралардың көркі десе де болады. Жұртшылық алдында өнерлерін қысылмай көрсетуге ысылған балаларды көргенде ата-аналарының қуаныштарында шек болмайды.

“Өнер біткеннің бәріне жаратылысынан бейім адамның болуы шындыққа сыймайды” деп әл-Фараби айтқандай, бүгінгі өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің бойында жылт еткен ынтаны дамытып, өнерге деген қызығушылығын сүйіспеншілікке ұластыруда осындай мектептердің жұмысын жандандыру – игі іс.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp