«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАҚТЫ ҰСТАЗ, АРДАГЕР ТІЛШІ сексеннің сеңгірінде де сергек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Жұмаш Сейітбеков ағамыздың есімін естігелі елу жылға таяды десем, асыра сілтегенім болмас. Өйткені, қара танығаннан үйімізден “Ленин туы” газеті үзілген емес. Газетке қалам тартуға талпынып жүрген шағымда шағын да ірі мақалаларымен көзге шалынатындардың бірі осы Жұмаш аға болатын. Ауыл зиялыларының арасынан, әсіресе, мұғалімдер ел тұрмысынан хабардар етуге ықыласты еді. Сол жылдары, қазақ тілінің көші ауа бастаған уақытта, үнқағаздарымыздың үнін тұншықтыру саясаты ашық жүргізіліп, алпысыншы жылдардың орта тұсында шаңырағы ортасына түскен “Ленин туының” мүсәпір халіне қабырғалары қайысқандар да, кейін оты қайта жанғанда бөріктерін аспанға атып қуанғандар да мұғалімдер еді ғой. Сол кездерде әкемнің інісі, “Ленин туының” меншікті тілшісі болған Мырзахмет Әкімжанов, Мағел Басыбаев, Қайролла Мұқанов, Рәзия Есентаева, Мәриям Мырзатаева, Кәкен Ақынов, Қағида Базарбаева, Есмахан Қожақов, Рақым Бисарин сынды мұғалімдерден мақалалар мен хабарлар үзілмей келіп жататынын айтқан аға қаламгерлердің аузына қарап, бас шұлғып қана отырушы едік. Осы қатарда Жұмаш Сейітбеков те ел ішіндегі жанашырымыз болды. Бұларға сүйсінетін редакторымыз марқұм Уәп Рақымжанов: “Мұғалімдер ел ішіндегі тірегіміз ғой. Жазғандарына обал қылмай, уақытында жариялап тұрыңдар!” деп тапсырыс беретін. Бұлар газет таратуға да білек сыбанып кірісетінін ешқайсымыз жоққа шығара алмаймыз. Іссапармен бара қалсақ, бастықты да, басқаны да қаламай, ат басын тірейтініміз – мұғалімдер. Өйткені, олар жауырды жаба тоқымайды, ашығын айтып, анығын жазады.

 

Ағамыздың қолынан қаламы түспегелі артықкемсіз жетпіс жылдай болыпты. Редакцияға келген сайын өзі де риясыз езу тартып, бұған жаны сүйінетінін зердеңе құйып отырады.

Есіл ауданындағы Мектеп ауылының тумасы ұстаздық жолын 1951 жылы бастапты. О, ғажап десеңізші! Ағамыз – ұстаздық еңбектің де, ел өмірінің де көзі тірі шежіресі. Тарпаң тағдырдың тауқыметін де тартқан. Әкесі Сейітбек қуғынсүргінге ұшырап қудаланса, Жұмекеңнің өзі он жетіге толар-толмаста Ұлы Отан соғысына алынып, майданға кірместен, қанды қырғынның соңғы оғы атылуына, немістердің шаңырағы күйреуіне байланысты туған жерге оралыпты. Ал мұның алдында ұжымшардың бала түгіл, ересектің белін үзген ауыр жұмыстарын ел қатарлы атқарған.

1951 жылы Петропавлдағы К.Ушинский атындағы екіжылдық мұғалімдік институтты орысша тамамдап, зейінділігі мен алғырлығының арқасында ел зиялыларының қатарында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатудың ұзақ жолына түскен. Шал ақын ауданындағы Кеңес, Жаңажол ауылдық мектептерінде ұстаздық еткен.

1962-1964 жылдары Тимирязев ауданындағы Ынтымақ ауылында бастауыш мектепте ұстаздық еткен кезінде ауылдық кеңестің депутаты болып сайланып, ел-жұртқа игілікті істердің басын қайырғанын әңгіме арасында ауызға алады. Ауылды электрлендіру, су жеткізу, мектеп, тұрғын үйлер салу, жақын жердегі Дмитриевкаға дейін грейдер жол тарту – оның халық қалаулысы ретінде тындырған істерінің бір парасы.

Институтта алған екіжылдық біліміне көңілі толмаған Жұмаш ағай отыз жеті жасында қазіргі академик М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді сырттай оқып бітіріп, толыққанды жоғары біліммен Шал ақын ауданындағы Ленин орта мектебіне орналасады. Бұл таңдаудың өзіндік астары да бар. Өйткені, өзі осы мектептің түлегі еді.

Ол сол шақтардағы бір қынжылысын әлі де еске алады.

– Сол кездегі әкімшілдік-әміршілдік саясаттың лаңымен қазақ мектептерінің іргесі сөгілгені жанымды аяздай қарыды, – дейді ағай. – Бір орысы жоқ Ынтымақ ауылының мектебі де орысшаға ауыстырылды.

Ал Ленин мектебі қазақ тіліндегі үркердей ғана орта оқу орны болғасын және онда өзін оқытып, білім берген жандары жайсаң аға-әпкелерінің ортасына оралғасын талапты ердің Айы оңынан туып, тарих, қоғамтану және құқық пәндерінен сабақ берді.

Оқу-тәрбие ісінде жаңа әдістерді қолданудан да бойын аулақ салмай, негізгі жұмысына қоса мектеп мұражайын ашып, басшылық етті. Оның ұстаздық ұлағатымен өсіп, білім алған Мәркен Ахметбеков облыс басшыларының бірі дәрежесіне жетті, республикамыздың Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ақын-жазушылар Ермек Қонарбаев пен Жарасбай Нұрқанов та ағайдан тәлім-тәрбие алды. Өзі де жасы үлкен ағасы Ғалым Малдыбаевтың, зиялы мұғалім Шияп Садықовтың шәкірті бола білді. 1988 жылы зейнетке шықса да, ұстаздық жұмысын доғара салмай, тағы алты жыл бойы жалғастырды.

Ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, “Қазақ КСР оқу ісінің озық қызметкері” төсбелгісімен, облыстық, аудандық партия комитеттерінің, оқу бөлімдерінің мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жұмекең ес біліп, ел өмірін танығаннан бергі тілшілік қызметі Молдахмет Тырбиев, Ғалым Малдыбаев, Герольд Бельгер сияқты жампоздардың әсерінен болар, Жұмекең де қарасөздің аумағынан асып, өлең жазды. Жасының ұлғайғанын да елемей, өлең-жыр десе елеңдеп, облыстық мүшәйраларға қатысты. Қаламы төсел-ген ардагер-тілші өмірде көрген-түйгендерін арқау етіп, екі кітап жазып шығарды. Оның біріншісі өзінің кіндік қаны тамған Мектеп ауылының шежіресі, ел-жұртқа тұтқа болған адамдары жайында сыр шертетін “Туған елім, туған жерім” деп аталса, екіншісі “Тарих тағылымы танымды” деп аталып, өз ауылының тарихы, жер-су атаулары, ертеде ғұмыр кешкен көрнекті бабалары хақында баяндайды.

Жұмаш ағамыз зайыбы Зура Ғаббасқызымен отасқан ұзақ ғұмырында жеті бала өсіріп, олар өз алдына шаңырақ иелері атанды. Зура жеңгеміз де ұстаздық етті.

Тәңірдің тартуы болар, сексен беске келсе де денсаулығы селкеусіз Жұмекеңнің жүрісі ширақ, тұлғасы тік. Сөйлескенде үні анық, жүзі жарқын.

Ардагердің бұлайша сергектігінің сырына қанығу үшін:

– Бойыңызда жас адамға бергісіз күш-қуат барын сезіп отырмын. Мұның мәнісі неде? – деп сұрағанымда Жұмекең сабырлы қалыппен:

– Мен осы өмірімде саламатты тұрмыс салтын ұстандым. Жаман әдеттерден аулақ болдым. Темекі тартқан емеспін. Ішімдікке мүлде үйір болғаным жоқ. Үнемі дене қимылымен айналыстым. Қора-қопсының жұмысынан бас тартпадым. Қазір де қар күреймін, аула сыпырамын, су тасимын. Үнемі салқын сумен жуынамын. Таңертең ұйқыдан тұра сала денемді сергітіп, жаттығулар жасаймын. Күніне бір мәрте, таңғы мезгілде өзімнің күш-қуатыма қарай бүлкек жүгіріспен жүгіріп аламын, – деді жымиып.

Ақсақалдың тағы бір айтқаны көкейге қона кетті. Жұмекең денсаулықтың қайнары жүйкенің мықтылығында, көңіл күйінің орнықтылығында деген ойын анық айтты. Жүйкесі тозған, күйгелек, болмашыға күйіп-пісетін адамның денсаулығы әлсіз, дәрмені шалағай болатынын да ауызға алған ардагер ұстазбен келіспеуге болмайды. Ол өмірдің небір қиындығын кеше жүріп, бордай тозбаған, бойын алдырмаған екен. Сондай-ақ ренжіткен адамдарға кешірімділік жасау да ұзақ ғұмырдың негізін қалайды, дейді.

Оның тұла бойына көз сала отырып, оразды ғұмыр кешіп, ізгілермен көңіл жарастырған, ұрпағы кемел адамға кәрілік құрық салуға асықпайтынын аңғарасың.

– Әкем марқұм өмірінде адам айтқысыз қиындық шексе де, жасы тоқсанға жетіп өмірден озды. Сүйегі асыл жандар ғой. Тегіме тартқаным шығар, – дейді ағай менің ойымдағыны сезіп.

СУРЕТТЕ: Жұмаш ағай қосағы Зура жеңгеймен.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp