«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАЙ ДАРЫН ҰШҚАН ҰЯ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы ең көне оқу орындарының бірі болып табылатын балалардың көркемөнер мектебінің негізі 1977 жылы қаланған. 36 жылдан бері талмай жұмыс істеп келе жатқан өзіндік тарихы бар мекеме бүгінгі күні бұрынғы дәстүрлерімен қатар, заманауи технологияларды еркін меңгерген. Алғаш мектеп қабырғасында 80-ге жуық оқушы білім алып, оларға 5 мұғалім сабақ берсе, қазір 14 педагог еңбек етеді. Жыл сайын 550-ге жуық оқушы өздерінің жеке қабілеттерін дамытып, көркемдік талғамдарын қалыптастырады.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Көркемөнер лицейінде осызаманғы материалдық-техникалық базамен жабдықталған, сурет, кескіндеме, қолданбалы өнер, компьютерлік графика, дизайн шеберханалары бар. Нәтижесінде осында шыңдалған түлектер өздерінің кейінгі өмір жолдарын бейнелеу өнерінің аталмыш салалары мамандықтарымен байланыстырады. Мәселен, өңірімізде еңбек етіп жүрген танымал суретшілер Валерий Крестников, Андрей Хасанов, Владимир Гачинский кезінде осы көркемөнер лицейінде білім алған.  

15 жылдан бері 6 мен 10 жас аралығындағы бүлдіршіндердің көркемдік қабілеттерін ашатын үйірмелер, 10-11 жастағыларға даярлық сыныптары жұмыс істейді. Жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушылары лицейдің 1-сыныбына жазылып, көркемөнер негіздерінен қосымша білім алады. Мұнда 4 жыл оқыған балаларға бастауыш көркемөнер білімін алғандығы жөнінде мемлекеттік үлгідегі куәлік және киім дизайны, интерьер дизайны, компьютер графикасы мамандықтарын меңгергендігі туралы сертификат беріледі. Бітіріп шыққандардың көпшілігі жоғары оқу орындарына түседі.

– Жыл сайын лицей оқушылары республикалық “Қазақстан балалары бейбітшілікті бейнелейді” атты суреттер конкурсына қатысады. Олардың суреттері қанық бояуларымен, қайталанбас мазмұндылығымен, жоғары эмоциялылығымен ерекшеленеді. Ұжымның белсенді жұмысын 2007 жылы халықаралық ЮНЕСКО ұйымы ерекше бағалап, лицейге Қазақстан ЮНЕСКО клубы қауымдастығының мүшесі мәртебесін берді. Осының арқасында оқушылар жоғары деңгейдегі конкурстарға қатысуға, әлем өнерімен танысуға және өз еліміздің өнерін өзгелерге насихаттауға мүмкіндік алды. ЮНЕСКО клубы дарынды балаларды барынша қолдауға, таланттар іздеуге, оқушылардың жеке көрмелерін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Біздің оқушыларымыздың еңбектері қазірдің өзінде Ресей, Польша, Чехия, Үндістан, Франция, Литва, Жапония, тағы басқа елдерде де көзге түсіп, тиісті деңгейде бағаларын алып үлгерді. Қосымша білім беру мекемесі Интернетке қосылғандықтан оқушылар да әлемнің әйгілі мұражайларының көркемөнер залдарын тамашалай алады, – дейді көркемөнер лицейінің директоры Инна Рипачева.

Лицей оқушыларының осындай көрсеткіштерге жетуіне үнемі шығармашылықпен, ізденімпаздықпен еңбек етіп, өздерінің жылдар бойы жинақтаған тәжірибелері негізінде авторлық және эксперименттік бағдарламалар жазып жүрген Евгения Джаманчалова, Анна Герман, Вера Имашбаева сынды ұстаздардың да қосқан үлестері зор. Көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты ұстаздардың қатарында бірнеше жыл лицейді басқарып, зейнеткерлікке шықса да, өз білгенін балаларға үйретуден жалықпай жүрген Надежда Зуева да бар. Бір кездері лицейден түлеп ұшқан оқушылар Ольга Сушкова, Татьяна Никитина, Айжан Дайырова бүгінде жоғары білім алып, осы лицейде жемісті еңбек етіп жүр.

Айжан Дайырова төрт жылдан бері сурет, кескіндеме, композициядан сабақ береді. Ол Петропавл қаласындағы №20 орта мектепті бітірген соң, СҚУ жанындағы колледжді, одан кейін Қорған мемлекеттік университетін графика мамандығы бойынша тамамдаған. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде және жұмыс істегелі жинақтаған тәжірибесін негізге алып, қосымша білім беретін оқытушылар үшін “Интерьердің шығармашылық жобасын орындау кезінде көркемөнер лицейі оқушыларының жобалық-графикалық дағдыларын дамыту” деген әдістемелік құрал жазған.

– Оқушыларым Ұлпан Елжасова Мәскеу қаласында балалар мен жасөспірімдердің “Алғаш рет ғарышта” халықаралық фестивалінде, Илья Позолотин Ишим қаласында “Көктемгі кемпірқосақ” өңіраралық көркемөнер көрмесінде, Әмина Ыбыраева Новосібір қаласында “Космос және мен” XVIII халықаралық көркемөнер конкурсында, Соня Литош Свердлов облысының Ирбит қаласында өткен балалар суреттерінің III халықаралық “Вираж” конкурскөрмесінде жүлделі орындарға ие болды, – дейді Айжан Бауыржанқызы.

Балалардың көркемөнер шығармашылығы халықаралық фестивальдарында жүлделі орындар алып жүрген жас суретшілерді даярлауда белсенді жұмысымен көзге түскен жас мұғалім Айжан Дайырованың да еңбегі еленіп, ол дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp