«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ ЖЕТІЛДІРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлнәр СӘРСЕМБАЕВА,

Мемлекеттік қызмет істері

жөніндегі агенттіктің СҚО бойынша басқармасының кеңесшісі.

Мемлекеттік қызметтің жаңа үлгідегі тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” жаңа заңнамалық жоба әзірленді және бекітілді. Ол 2013 жылдың 26 наурызында заңды күшіне енеді.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясына сәйкес мемлекеттік қызмет “ұлтқа қызмет” ұғымының синонимі болуы керек.

Заңнама жобасы лайықты кадрларды іріктеуді қамтамасыз етуге, олардың сіңірген еңбегін мойындау негізінде кәсіби және мансаптық өсуіне бағытталған. Заңнама жобасының алғашқы жаңашылдықтарының бірі “А” басқару корпусын қалыптастыру болып табылады. Ол үшін конкурстық және кадрлық резервке іріктеудің ерекше тәртібі қарастырылған.

 

Өңірлер мен мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында “А” корпусының кадрлық резерві жеткілікті болуы, бірақ “тоқырап” қалмас үшін шектен тыс көп те болмауы керек.

“А” корпусының кадрлық резервін қалыптастыру Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және өңірлік кадрлық комиссияның шешімдері негізінде жүзеге асырылады.

“А” корпусының лауазымына конкурстық іріктеу, мәселен, министрлікке, әкімдікке, жауапты хатшылыққа “А” корпусының резервтегілерінің арасындағы аталмыш лауазымға тағайындалуға құқығы бар тұлғалар арасындағылардан жүзеге асады.

Парламент депутаттары мен мемлекеттік саяси қызметшілер “А” корпусы лауазымына Президенттің шешімі бойынша кадрлық резерв және конкурстық іріктеу өткізбей-ақ тағайындала алады.

Мемлекеттік органдардың, әсіресе, лауазымдық санаттарының өзгерістерін ескере отырып, өңірлік деңгейлердегілердің жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін “А” корпусын енгізу жөнінде ауыспалы ереже қарастырылған.

Заң қолданысқа енгізілгенге дейін “А” корпусы лауазымында жүрген тұлғалармен еңбек шарты жасалатын болады. Бұдан әрі бұл тұлғалар жаңа талаптарға сәйкес Ұлттық комиссияның бағалауы аяқталғанға дейін аталмыш шарттар негізінде жұмыстарын жалғастырады. Бағалаудың теріс қорытындысы еңбек шартының бұзылуына негіз болады.

Облыстық маңызы бар қалалар және өңір аудандары әкімдерінің лауазымдарында отырған мемлекеттік қызметшілер Ұлттық комиссия белгілеген мерзімде арнайы бағдарламалар бойынша тестілеуден және өңірлік кадрлық комиссияның қатысуымен аралық әңгімелесуден өтулері тиіс. Өңірлік кадрлық комиссия оң қорытынды берген жағдайда олардың кандидатуралары Ұлттық комиссияға ұсынылады.

“А” корпусының үміткерлері үшін олардың білімі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби біліктілігі, мемлекеттік және шет тілдерді меңгеру деңгейлері бойынша арнайы біліктілік талаптары белгіленген. Жеті жыл еңбек өтілі болуы – міндетті талап, оның екі жылы орталық немесе облыстық деңгейдегі болуы шарт.

Еңбек өтілі мемлекеттік қызметтегі және квазимемлекеттік, сондай-ақ жеке сектордағы жұмысы бойынша белгіленген коэффициенттер негізінде есептелетін болады. Әсіресе, мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебіндегі мемлекеттік тапсырыс негізінде немесе “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алған тұлғаларға ерекше назар аударылады.

“А” корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін жұмыс тиімділігін бағалау мансаптық жоспарлау, ауысу және білім алу бойынша кадрлық шешім қабылдауға негіз болады.

“А” корпусының біліктілігін арттыру мемлекеттік басқару академиясында (мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінде) жүзеге асады.

Жергілікті және орталық мемлекеттік органдарға кәсіби кадрлардың баруын қамтамасыз ету мақсатында өңірлер мен мемлекеттік органдар арасында ауысу жүргізу қарастырылған. Әкімшілік мемлекеттік қызмет жүйесі заңына да бірқатар жаңашылдық енгізілді. Ең алдымен заңнама жобасы мемлекеттік қызметке іріктеудің конкурстық тәртібінің жариялылығы мен әділдігін, тиімділігін арттыруды көздеген.

Тестілеу нақты мемлекеттік органдағы конкурстық іріктеуден тыс жүргізілетін болады. Тестілеу нәтижесінде жинаған балл қорытындысы бойынша азаматтарға сертификаттар беріледі, сол арқылы олар конкурстық іріктеуге қатысу құқығына ие болады. Осылайша мемлекеттік органдардағы конкурстық процедуралар өткізу уақыты 3 есе қысқарады.

Заң жобасында қарастырылған нормаға сәйкес конкурстық комиссия аталмыш мемлекеттік органның резервте тұрғандарын ғана бос лауазымға тағайындайды және кадрлық резервке ұсына алады. Мемлекеттік қызметшілердің тәжірибе жинақтауы және кәсіби оқуы, сонымен қатар кадрлық резервке тіркелгендері үшін тағылымдамадан өту көзделген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “командалық ауысым” тәжірибесін тоқтату және конкурстан тыс ауыстыру көмегімен мемлекеттік қызметке кадрларды тағайындауды ең төменгі мөлшерге жеткізу туралы тапсырма бергенді. Осыған орай заң жобасы конкурстан тыс тағайындау мүмкіндіктерін қысқартуды қарастырады. Ауысым бойынша тағайындау тек мемлекеттік органдар ішінде жүзеге асады, басқа мемлекеттік органдарға ауысу Елбасы белгілеген жағдайда ғана мүмкін болады.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында тәлімгерлік, мансаптық жоспарлау және ротация институттары бекітілуде. Талантты және болашағы бар мемлекеттік қызметшілермен жүйелі жұмыс қалыптастырылып, оларға арналған арнайы оқыту және кәсіби дамыту бағдарламалары әзірленген.

Заң жобасында мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілер әрекеттерін бағалауға, тағылымдама, тәлімгерлік үдерістерін ұйымдастыруға, кадрларды іріктеу мен жоғарылатуға қатысуға, мемлекеттік қызмет туралы заңнамалардың орындалуын үйлестіруге тиіс кадрлық қызметтің рөлін арттыруға назар аударылған.

Кадрлық қызметтер жұмысының бірыңғай стандарттарын енгізу үшін персоналдарды басқару қызметі туралы типтік ереже бекітілген.

Конкурстық процедураларды өткізудің жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында заңсыз кадрлық шешімдер үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілген. Тәртіптік құқық бұзушылық қатарына “Лауазымға тұлғаның заңсыз тағайындалуы және (немесе) олардың босатылуы”, “Конкурс өткізу тәртібінің бұзылуы”, “Тестік тапсырмалар және басқа да конкурстық сұрақтардың мазмұнын жариялау”, тағы басқалары енгізілген. Сонымен жоғарыда көрсетілген өзгерістер аталмыш заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсатты индикаторлары болып табылады. Бұл тұрғындардың кадрларды іріктеу жүйесіне және мемлекеттік қызметшілердің меритократия қағидаттарының сақталуына сенімінің, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігінің, қызметтік әдебін сақтауды бақылаудың тиімділігінің, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы деңгейінің артуына ықпал етеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp