«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛҒАН АБЗАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалында өңірдегі қант диабетімен сырқаттанудың жай-күйін талдауға арналған “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Іс-шара барысында қант диабеті ауруына шалдыққандарды дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз ету, мүгедектікке жеткізбеу және дертке шалдыққан балалардың да жайы талқыға салынды.

Аталмыш шарада облыстық қант диабетімен ауыратын науқастар қоғамының төрайымы Ольга Молчанова баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірімізде мұндай дертке шалдыққан адамдарға барлық жағдай жасалған. Жылдың аяғы мен бас кезінде дәрі-дәрмектер уақтылы қолға тимейтіндігін және науқастардың дерт жөнінде толық ақпарат ала алатын қант диабеті мектептерінің жұмысын одан әрі дамыту қажеттілігін айтпағанда, күрделі мәселе жоқ, деді ол.

 

Қазіргі таңда қант диабеті бойынша өңірімізде 20800 адам есепте тұр. Өткен жылы бұл дертке шалдыққан солтүстік-қазақстандықтардың саны 7100-ге жетті. Оның ішінде тек 404-і ғана скринингтік тексерістер арқылы анықталған. Дертке шалдыққандар саны жыл сайын көбеймесе, азайған емес, деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәриям Бапанова. Бұл дертпен күрес “Саламатты Қазақстан – 2015” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізіліп келеді. Жыл сайын өткізілетін скринингтік тексерістерге өңір тұрғындары бір адамдай жұмыла қатыса қоймайтындығын тілге тиек еткен Мәриям Бапанова бұл көп жағдайда аталмыш дерттің уақтылы анықталмауына қолбайлау болып табылады, деді. Диабет дертіне шалдыққандар тегін дәрі-дәрмекпен жыл бойы үздіксіз қамтамасыз етіледі. Бұл мәселеде біздің облыс көршілес өзге өңірлермен салыстырғанда алда тұр. Облыстық денсаулық сақтау саласы биылғы жылға ғана қант диабеті дертіне 469,7 млн. теңге бөліп отыр. Оның барлығы өңіріміздегі науқастардың тиісті ем алуына жұмсалады. Тек науқастардың кейбірі тегін берілген дәрі-дәрмекті кейін саудаға салатындығы – науқастар арасында кикілжің тудырып, жыл аяғында оның жетіспеушілігіне әкеп соқтыратын мәселелердің бірі, деді ол.

Қант диабеті жас талғамайды. Бүгінгі күні бұл дерттің салдарынан 16 жасқа дейінгі балалардың 58-і мүгедек деп танылса, жалпы облысымызда дерт салдарынан мүгедектіктің қамытын кигендер саны 941 адам, деді облыстық бақылау және тұрғындары әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Жұмабек Елеусізов.

Іс-шара барысында маман дәрігерлердің жетіспеушілігі де сөз болды. Облысымызда 18 эндокринолог дәрігер болса, оның төртеуі аудандық ауруханаларда қызмет етеді. Науқастар облыстық аурухана мен облыстық балалар ауруханасында стационарлық ем ала алады. Қан құрамындағы қантты өздігінен қалай тексеруге болатындығын үйрететін мектептер әр емханада бар. Тек оған баратын науқастар табылмай жататындығы да сөз болды. Жиын соңында “дөңгелек үстелге” жиналғандар көтерілген мәселелерді еңсеруде бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp