«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИІК МАҚСАТҚА БІРЛЕСЕ ҚИМЫЛДАСАҚ, ЖЕТЕМІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Данияр ӘБУТӘЛІПОВ,

“Нұр Отан” ХДП “Болашақ” филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауы еліміздің әрбір азаматының өміріне үлкен әсер ететіні сөзсіз. Себебі, Елбасы мемлекетімізді әлемдік аренада беделі жоғары елдермен теңестіріп, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енгізуді мақсат ретінде белгіледі. Осы мақсатқа жету үшін барша халыққа, әсіресе, жастарға үлкен үміт артып отыр. Ел болашағы – келешек ұрпақты қазіргі заманға сай білім алуға, белгілі маман иесі атануға, еңбек етуге шақырған Жолдаудың 7-ші бағыты жаңа қазақстандық патриотизге арналған. Біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың табысының негізі – татулық. Осы орайда Елбасы жастарды жаңа патриотизмге баулу мәселесіне прагматикалық тұрғыдан қарау керектігін, біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас мемлекет болғандықтан, барлық этностар азаматтары құқықтарының тең болуы тиіс екенін атап өтті. Шынымен де бұл сөз, әсіресе, біздің Солтүстік Қазақстан өңіріне қарата айтылғандай. Өйткені, бізде жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сол себептен өзіміздің тәрбиемізді, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, басқа ұлттарға кішіпейілділік танытып, достығымызды нығайтуымыз қажет.

 

Жолдауда айтылған қазақ тілі және тілдің үштұғырлылығы деген бағыты көңілімнен шықты. Қазақ тілі жайында айтқанда Ұлт Көшбасшысының “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады”, – деген жалынды сөзін қолдамаған жас жоқ. Оны орындау бізге, жастарға, міндеттелген. Дегенмен, біздің жастарымыз көбінесе орыс тілінде сөйлейтіні – өмірдің ащы шындығы. Сондықтан Елбасының осы бағытта айтқан сөздеріне үлкен мән беруіміз керек. Қазақ тілінде сөйлеуді қажеттілікке айналдыруымыз қажет. Өңіріміздегі жастар ұйымдары, атап айтатын болсам, Қазақстан Студенттер альянсы, “Жас Отан” жастар қанаты, “Жас ұрпақ” ұйымдары аталмыш бағыт бойынша біраз жұмыс атқарып келді. Соған дәлел ретінде облыс көлемінде қолға алынған “Қазақша сөйлесейік”, “Қазақ тілі – бай тіл” атты акцияларды, флэшмобтарды, қазақ тіліндегі шығармалар байқауын, мәнерлеп өлең оқу сайыстарын айтуға болады. Мен осы тұрғыда өзім білім алып жүрген Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қабырғасында студенттік дебат қозғалысын дамыту үшін қазақ лигасында дебат ұйымын ашқан болатынмын. Әр апта сайын қоғамымыздағы өзекті мәселелерді көтеріп, оны шешудің тетіктерін ойластыру, сөздік қорымызды толықтыру, логикалық ойлау қабілеттерімізді жетілдіру үшін арнайы жиналамыз. Алдағы мақсатымыз қалалық, облыстық дебат турнирлерін өткізіп, сонымен қатар тәжірибие алмасу мақсатында республикалық деңгейге шығуды жоспарлап отырмыз. Облысымыздағы барлық жастар ұйымдары бірігіп, жұмысты бірлесе жүргізетін болса, Елбасы қойған мақсатқа қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp